Университет бір жылдық тегін оқуға шақырады

01.07.2018
Қаралды: 198

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті 1 жылдық дайындық курсына тыңдаушылар шақыруда. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде жарияланған хабарламаны оқыған соң оқу орны қызметкерлерімен хабарласқан едік. Бізге аталған университеттің химия пәнінің оқытушысы Құрмаш Құрманғазымен әңгімелесудің сәті түсті.

 

– Алдымен оқу орны туралы қысқаша айта кетсеңіз.

 

– Университет үш деңгейлі бағытта (бакалавриат – магистратура – докторантура) кадрлар даярлайды. Бізде оқытудың кредиттік технологиясы да бар. 47 бакалавриат мамандығы, 23 магистратура мамандығы, 4 РҺО докторантура мамандығы бойынша 5500 маманды даярлай алады. 1126 орынға арналған 3 студенттік жатақхана бар. Дамыған материалдық-техникалық базамыз жұмыс істейді. Ақпараттық қамтамасыз ету және қашықтықтан білім беру саласындағы сертификатталған профессорлық-оқытушылық құрамы да жеткілікті.

 

 – Университетте қандай жеңілдіктер бар? Сырттан келген қандастарымызға қандай қолдау көрсетесіздер?

 

– Менің өзім Қытайдан келген оралманмын. Сондықтан ол жақтағы Қазақстанға қоныс аударғысы, осында оқығысы келетін бауырлардың құжат мәселесі бойынша кездесетін қиындықтарын жақсы білемін. Әр оқу жылында шет елдегі қандастарымыз Қазақстанда оқығысы, түрғысы келетінін айтып, көмек беруімізді сұранады. Мұндайда университеттің кадр және құжаттандыру жөніндегі маманы Бақыт Арентайқызы ықтиярхат және азаматтық алу үшін студенттің өзімен бірдей жүгіреді десем, артық айтпаған болар едім. Тиісті орындардың есігін қағып, оралмандарды қолдауға шақырып, бар-жоғы екі жарым айда талапкерге мүм­кіндігіне қарай ықтиярхат, Қазақстан азаматы деген құжатты алып береді. Яғни талапкер арада жүрген делдалдарға шығынданбайды.

 

Одан кейін ол қыркүйек айы­нан бастап бір жыл бойы тілдік курс және 4 пән бойынша педагогикалық бағытта физика, информатика, химия және биология пәндерінен, сосын ағылшын тілі бойынша білімін шыңдай алады. Мұның бәрі – тегін.

 

Сосын емтихан тапсырып, одан 50 балл ала алса (140 балдан 50 балл жинаса жеткілікті) еш кедергісіз Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіне грантқа оқуға түседі. Грант жеңімпаздары 17 мың 500 теңге стипендияға қол жеткізеді, оған қоса жатақханамен және ыстық тамақпен де қамтамасыз етіледі. Тегін.

 

Бізде оқимын деген жастарға мүмкіндік мол. Жылына 1000 грант, «Серпін» бағдарламасы бойынша 500 грант бөлінеді. Дайындық курсындағы шетелден келген оралмандарға – 80 орын, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келгендерге 40 орын беріледі.

 

– Университеттеріңіз туралы талапкерлер немесе олардың ата-аналары қосымша білгісі келетін болса не істеуі керек?

 

– Мұндай жағдайда олар http://www.nkzu.kz білім беру порталы арқылы өздерін толғандыр­ған кез келген мәліметті ала алады. Порталда кез келген студенттің анықтамалық жолнұсқасымен, академиялық күнтіз­бесімен, сабақ кестесімен таныса алады және оқытушыларды таңдауды жүзеге асырады. Келешекте студент атанып жатса, өз білімінің рейтинг бағасы нә­тижесімен, оқу жетістіктерінің жеке нәтижелерімен танысады. Сонымен қатар курстық және дипломдық жұмыстарының тақырыптарын таңдай алады. Өзіне қажетті барлық сұрақтарға жа­уап таба алады.

 

Ал бұған қосымша мағлұматты 8-701-313-18-71, 8-747-235-34-75 телефондары арқылы алуға болады.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ