Алыстағы арабқа қазақша үйреткен шымкенттік жігіт кім болды екен?

02.07.2018
Қаралды: 249

Бұл оқиғаны сол кезде қасымда болған жолдасым мен қайын әпкемнің қалай қабылдағанын білмедім, бірақ мені бейжай қалдырмады.

 

Бұл оқиға 2012-жылдың ақпан айында орын алды. Қызымыз отау құрған соң араға ұзақ жылдар салып дүниеге  келген. Менен гөрі әкесі тым қорғаштап, сәбидің заттарын барынша таза ұстап, үйге туыстар келсе медициналық маска таққызбай баланың бөлмесіне кіргізбейтінді шығарды. Мұнысына туыстар біраз уақытқа дейін күліп жүрді. Төркінім Алматыда тұрса да баладан шыға алмайтынмын. Тіпті туған інімнің тойына да бармадым.

 

Осылай екі жыл әскерде борышын өтеген сарбаздай, төрт қабырғадан шықпадым. Бала сүйген жақсы, дегенмен үй тірлігі, бала тәрбиесі шаршатты ма, күйгелек те бола бастағандаймын.

 

Бір күні отағасы: «Қызымыздың туған күнінде саған тосын сый жасаймын. Қуанышымызды туыстармен бөлісеміз. Ең бастысы – сен қуан», – деп мәз етіп қойды.  Тосын сыйы – шет елге саяхат екен. Қатты қуандым.

 

Сонымен қайын апайымызбен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшатын болдық. Қайын әпкемізді ертіп жүру себебіміз – жолдасымның анасы, әкесі ертерек қайтыс  болып кеткендіктен осы әпкесі күйеуімді аяққа тұрғызған. Ол кісіні қуантуға үнемі тырысып жүреміз.

 

Осылай төрт адам болып араб еліне бардық. Баланың тамақтануына, өзімізге ыңғайлы болсын деп апартаментке тоқтадық. Отағасына бұл елдегі балаға, адамға деген қарым-қатынас, адамға қызмет көрсету жағы қатты ұнады. Бар ағылшыншамды жұмсап, демалысымызды қызықты өткіздік. Туған күн де ойдағыдай өтті.

 

Қайтатын күні Дубай қаласынан арнайы такси қызметімен Абу-Даби қаласындағы әуежайға ерте жетіп алдық. Ойымыз – қаланы бір шолып шығу. Әуе­жайға келіп, заттарды сақтау камерасына өткізейік десек, ондағылар кезек ауысатынын, күтуіміз керектігін айтты. Онысын әупірімдеп жүріп түсіндік. Уақыт болса өтіп барады. «Заттарды қалдыра тұрайық, кейін алуға болатын әрекет жасаймыз ғой», – деп тілім жеткенше айт­сам, әуежайдағылар түсінбейді. Ал содан атшаптырым әуежайдан орысша түсінетін адам іздедік. Ондағы ойымыз – орыстар көп саяхаттайды ғой, мұнда да жүргендері бар шығар дегендік.  «Ноу, ноу», – деген жауаптан басқаны естімедік. «Заттарды қалдырайық», – дедім тағы да жолдасыма. Ол қарсылық білдірумен келеді. Оның ойынша, кезек ауысқанда олардың бір аралығында жабық тұратын уақыты бар екен, сол кезде жүгіміз қалып қоюы мүмкін. Сонда ағылшын тілін жетік білмегеніме өкіндім. Балаларымызға ағылшын тілін оқытпаймыз дейміз. Бірақ сол тілді білмеу де мұншалықты аянышты күйге түсіреді деп ойламаппын.

 

Ісімізден ештеңе өнер емес. Бала мазасызданды. Әбден діңкеледік. Ақыры не керек, Астанаға ұшатын жаққа өткізетін терминалға бара берейік деп коридормен жүріп келеміз. Бір кезде қарсы алдымыздан аппақ көйлек киген, басына қызыл тор сәлде ораған араб жігіті күлімдей шыға келіп: «Ассалаумағалейкум, аға!» – деп қазақша сәлем берді. Қазақша амандасып, жағдай сұрады. Біздің қиналып жүргенімізді байқап, қазақ екенімізді де аңғарыпты. Көмек керек болса, әзір екенін естігенде қуаныштан көзіме жас келді. Қолына тек тәспі ұстапты.

 

Мән-жайды білген соң кезекші шақыртып, жүгімізді орналастырып, бізге тиісті қағазымызды алып берді. «Қаланы аралауымыз керек еді...» – дегенімді естіген соң көлік шақыртып, бізбен ілесе сыртқа шықты. Жүргізушіге бәрін түсіндіріп айтып, бізбен қоштасып қайтып кетті. Қазақшасының ешбірімізден кем еместігіне қайран қалып, көлік келгенше оны сөзге тартқан едім.

 

Ол бірнеше жылдар бұрын Каир қаласында Шымкенттің бір жігітімен курста бірге оқып, дос болғанын айтты. «Досымның анасы – менің де  анам» деп оның Шымкенттегі анасымен біраз уақыт телефон арқылы байланысып, бірнеше рет Шымкентке де барыпты. Қазақ тілін үйренуді мақсат етіп, ол мақсатына бар-жоғы үш айда қол жеткізген екен.

 

Ұлты бөлек болса да біздің ана тілімізде мүдірмей сөйлегеніне сүйсіндім, риза болдым. Біздің елдегі кейбір шала қазақтар мен қазақша сөйлеуді намыс көретіндер осыны оқыса, ойланатын шығар деген үмітім зор. Кейде теледидардан қазақша сөз байланыстыра алмай тұрған шенеуніктерге қарап: «Бұлай мазақ болғанша үндемей-ақ қоймай ма?» – деп кейіп отыратын кездерім көп.

 

Ал тілімізді, елімізді басқа елдің азаматына сыйлата білген, құрметпен үйрете білген азамат кім болды екен? Ол енді бір Аллаға аян. Бірақ біз отбасымызбен сол араб жігітіне де, қазақша үйретіп қойған шымкенттік бауырымызға да, ең алдымен Аллаға сансыз шүкір мен ризашылығымызды айтамыз. Өкінішке қарай, сол жігіттің не телефоны, не аты есімде жоқ.

 

Үміт БҮРДЕСБЕКОВА.

Астана қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ