Ақбастау жастары көпбалалы анаға үй салып жатыр

03.07.2018
Қаралды: 1311

Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау ауылында игілікті істер көптеп қолға алынуда. Сондай жаңалықтардың бірқа­тарын біз газетімізде жазғанбыз.

 

Жуырда редакциямызға аталған ауыл әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы Асан Жамалбектен хат келді. Ол ақбас­таулық жастардың тағы да бір үлкен сауапты іске мұрындық болып отырғанын жет­кізіпті. Ауылдың Ғ.Қабылбеков, Р.Көлбаев, Ү.Әлсейітов есімді азаматтары бастама көтеріп, жылына бір рет ауылдағы  баспанаға мұқтаж отбасыға үй салып беретін болыпты. Олар осы ұсыныспен Ақбастаудағы бірқатар кәсіп­керлерге барып, жеке шаруашылық иесі Ж.Ысқақовтан қолдау тауыпты. Қайырымдылық іс-шарадан Ақбастау ауыдық округі әкімі Н.Сүгірбаев та қалыс қалмай, салынатын үй құжаттарын рәсімдеп беруге сөз беріпті.

 

«Бүгінде үй салу жұмыстары басталып та кетті. Құрылыс жұмыстарының басы-қасында ауылдың абыз қариялары С.Құлбеков, Ш.Әбдіха­лықовтар жүр. Са­уапты іске атсалысып жүрген А.Қайратұлы, Н.Оңбергенов, Б.Дулатовтар құрылыс материалдарын жеткізіп, жұмысшылардың ас-суына дейін қаржы беруде. Ауыл имамы Н.Молжігіттің де игі іске ықпалы көп. Әркез өзінің іскерлігі, белсен­ділігімен тұрғындардың алғысына бөленіп келеді. Көпшілікті жақсылыққа шақырып, әсіресе жастарды қайырымдылыққа баулып жүргеніне ризамыз.

 

Бір ауылда тұрып, кісі есігінің алдында көздері мөлдіреп жүрген балаларды көре тұра, маңдайынан сипамай, қолдау білдірмей жүру дұрыс емес. Енді көп ұзамай жақсылардан шарапат тиіп, өз үйінде алаңсыз асыр салған балақайларды да көретін боламыз», – дейді ол.

 

Құрылыс жұмыстары тамыз айының ортасына дейін толық аяқталып, төрт бөлмелі баспана бес баласы бар С.Маралбаеваға беріледі екен. Жастардың бұл бастамасы көпке үлгі, қайырымды іс.  Жомарт жандар осындай шараларға қол ұшын берсе елімізде баспанаға мұқтаждар саны азая түсері анық. Ал мұндай азаматтардың ісін көпшілікке үлгі етіп, қанша мақтасақ та жарасатын шығар.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ