12 жасар визажист қыз

30.06.2018
Қаралды: 134

Он екі жастағы кей балалар ойынның қызығынан әлі шыға алмай жүр. Ал кейбіреулер... Мәселен, былтыр Абзал Мырзаш есімді бала 12 жасында мектеп бітіріп, талайларды таңқалдырған. Оған 12 жасында шағын құс фабрикасын ашқан Мирас Көшербаевты қосыңыз.

 

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сәбина Есенгелдиева Абзал мен Мирастың жетістігіне жете қойған жоқ, дегенмен ол 12 жасында кәсіп үйреніп, болашақта қай салада еңбек ететінін осы бастан таңдап қойған. Оның арманы – халықаралық дәрежедегі визажист болу. Әлемге танымал әртістердің, әншілердің бетін әрлеп, халыққа әсемдік сыйласам деп ойлайды. Бүгінде Сәбина анасының қасында, әсемдік салонында жұмыс істеуде. Анасы Ақбаян Асан­қызы – кәсіпқой визажист.

 

«Сәбина – менің үлкен қызым. Шымкенттегі №47 мектеп-гимназияда оқиды. Үздік оқушы.  Ол бала күннен косметикаға, сұлулыққа құмар болды. Іс-сапарға шығамын дегеннен менің сөмкемдегі косметикаларды түгелдеп: «Мама, мына нәрсені ұмытпай салып алыңыз», – деп көмектесіп жүретін. Ал есейе келе осы салада еңбек еткісі келетінін айтты. Сосын бет әрлеу ісінен өзгелерге дәріс беріп жүргенде неге өз қызыма үйретпеске деген ой келді. Осылайша ол оқыған, сертификаты бар визажист болып шықты. Өзіммен бірге Мәскеуге барып оқыды, қасымда жүріп біраз нәрсе үйренді. Енді алдағы айда Францияның Париж қаласында өтетін семинарға ертіп бармақшымын. Ол жақтан да тәжірибе жинақтап, кәдесіне жаратады деген ойдамын», – дейді Сәбинаның анасы.

 

Шыны керек, әсемдік салонына келген кісілердің көбі әзірге бет әрлеу ісінде Сәбинаға сене бермейді. Баласынады. Тәжірибесі аз ғой деп тартыншақтайды. Бірақ кейіннен оның қолынан іс келетінін, жас та болса біраз нәрсені үйренгенін көріп, таңданып қалады.

 

«Бірде мамам түскі ас ішуге сыртқа шығып кеткен еді. Сол сәтте бір әйел келіп: «Визажист бар ма? Макияж жасатуым керек еді», – деп сұрады. «Келіңіз, мен бояп берейін», – деп едім, шошып кетті. Маған сенбеді. Содан телефонымда сақталған клиенттерімнің суреттерін көрсеттім. Сонда ғана көңілі жайланып, маған сенім артты. Ал жұмыс біткесін алғысын жаудырып, ақысын еселеп төледі. Бұл менің өзіме деген сенімділігімді еселей түсті», – дейді Сәбина.

 

Сәбина таяуда Мәдина Сәдуақасованың бетін әрлеуде анасына көмектесіпті. Сонда әнші кіп-кішкентай қыздың талантына таңқалып: «Ендігіде өзің бояйтын боласың, оған дейін әбден машықтанып ал», – деп тапсырма беріп кетіпті.

 

Сәбина қыз бет бояудың («растушевка») үш түрін де меңгеріп алған. Қасты да әдемі пішінге келтіріп бояуды, безеу, басқа да кемшіліктері бар бетті білдірмей әрлеуді үйреніп алған. Сондықтан келесіде Сәдуақасованың сенімін ақтаймын деп отыр.

 

Айтпақшы, Сәбинаның өнері тек мұнымен шектелмейді. Ол тоғызқұмалақтан Шымкент қаласы бойынша чемпион атан­ған. «Әзірге спорттың бұл түрінен қала бойынша оған тең келетін жан жоқ», – дейді анасы.

 

...Жастайынан талпынып, талаптанып жүрген Сәбина жайлы біздің білгеніміз осы болды. Біз оның болашақта арманына жетіп, үлкен кәсіп иесі атанарына сенеміз. Лайым солай болғай!

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ