Ұры-қары көбейді, полиция не дейді?

30.06.2018
Қаралды: 297

Алматыда болған кешегі қайғылы оқиға бәріміздің қабырғамызға батты. Бүгін оқиға болған жерге барып, жылап қайттым.

 

Қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Кешеден бері жазылған жазбалардан біздің құқық қорғаушыларға ешкімнің көңілі толмайтыны белгілі бол­ды. Өзгені қайдам, өз басымнан өткен жағдайды баяндайын. 

 

Осыдан бірнеше жыл бұрын пәте­рімізге екі рет ұры түскен еді. Шақыртқасын органнан адамдар келген. Қарады, тергеді, тексерді де: «Ұстап алсаңыздар хабарласасыздар ғой», – деп кетті. Сол кеткеннен мол кетті.

 

Бірде Розыбакиев пен Сәтбаев көше­лерінің қиылысында көлігімнің тере­зесін сындырып, сөмкемді алып кетті. Полиция қызметкерлері келді, тексерді, тергеді. «Сөмкені көлікте қалдырған өзіңіз кінәлісіз», – деп ол кетті.

 

Тал түсте Алтынсарин мен Абай көше­лерінің қиылысында мойнымдағы ілулі ұялы телефонды күшпен жұлып алып кетті Қанша қарсылассам да әлім келмеді. Алып кеткен соң анадайда қарбыз сатып отырған жігіттерге: «Неге көмектеспедіңдер?» – десем, күледі. Өздерінің туған қарындасы, әпке, апайлары болса көмектесетін еді. Мен бөтенмін ғой. Өздеріне тиіспесе болды. Көріп отырып көрмегенсіді.

 

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы. Ашуланғаным сонша, тағы да полицияға барып арызданып едім: «Өзіңіз кінәлісіз. Телефонды неге мойынға іліп жүресіз?» – деді. Салым суға кетіп қайттым.

 

Осы қыста түнгі ұйқымды бөліп көліктің сигнализациясы дабыл қақты. Дала қараңғы, аулада жарық жоқ. Жарық қоятын қаланың ақшасы жоқ. Бұрынғыдай емес, қала қазіргі кездері үнемдеу режиміне көшіп, көше шамдары күңгірт тартқан. Айқай-шу естілгенімен қараңғыда ешнәрсе көрінбейді. Шығуға қорқасың.

 

Таңға жуық тағы да айқай-шу. Таңер­теңгісін қарасақ, ауладағы көлік біткеннің жүргізуші отыратын жағындағы айналарын сындырып кетіпті. Бұл жолы ешкімді де шақырмадық. Бәрібір қайыр жоқ.

 

Көктемде «Карситидің» алдында көлігімнің терезесін тағы да сындырып кетті. Бұл жолы сөмкем жоқ болатын. Ешкімді де шақырмадық. Өйткені бәрібір таппайды.

 

Осыдан екі ай бұрын әпкемнің үйіне ұры түсіп, алтын-күміс заттарының бәрін сыпырып алып кетті. Полиция шақырылды, келді, тергеді, тексерді, «Видеоның жазбасын алып келіңіз», – деп кетті. Видеоның жазбасын алдық, нақты адамның бейнесі түскен екен. Ол бейне бірнеше ұрлық болған жерде тіркелген екен. Ұрыны өзіміз ұстап алғандай болып видеоны апарып тапсырдық. Қабылдаған майор: «Бұл адамды алты ай болды, іздеп жүрміз, ұстай алмай жүрміз», – деп өз видеосын көрсетті. «Алты айдан бері қалай ұстай алмай жүрсіздер?» – десем, «Оның қолының ізі ұсталғандардың арасында жоқ, еш жерде тіркелмеген. Өзіміз хабарласамыз», – деп ол жіберді. Содан бері еш хабар жоқ.

 

Бірге жұмыс істейтін әріптестердің әрқайсысының басынан осындай жағдайлар өткен. 

 

Міне, біздің қауіпсіз қаламыздың жағдайы осындай!

 

Егер үндемесек, айтпасақ, жазбасақ, бір шара қолданбасақ шетімізден пышақтал­ғанша жүре береміз бе?

 

Не істеу керек?

 

Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ