Шаяндағы Жастар саябағына қаржы не үшін бөлінген?

03.07.2018
Қаралды: 270

Бұл мәселенің сыры Ұлттық домбыра мерекесі күніне байланысты бас қосқан жиында ашылды. Көпшілік тарапынан бұл мерекені аудан орталығындағы Жастар саябағында өткізу туралы ұсыныс айтылған тұста аудан әкімінің орынбасары Б.Жанғазиев: «Сіздер түсініңіздер, ол жерде көпшілік жиналған  мәдени іс-шаралар өткізуге мүлдем болмайды. Әсіресе сіздер айтып отырған төрдегі сахнаның  астынан мұнай құбыры өткізілген. Мұндай аумақтан құрылыс жұмыстары түспеуі тиіс еді. Сондықтан да іс-шара өткізуге рұқсат жоқ», – дегенді айтып, мәселенің  мән-жайын әдемілеп түсіндіріп берді.

 

Суыртпақтап сыры ашыл­ған бұл мәселе, әрине, бізді ойлантпай қоймады. Бұл саябақ ашылған 2011-жылы ауданды Райымбек Жолдас  мырза басқарды деген сөз бар. Сонда қалай, кезінде аудан әкімі болған  Райымбек Жолдас  мұнай құбыры жүргізілген жерден құрылыс салуға рұқсат жоқ екені туралы білмегені ме, жоқ әлде біле тұра белден мықтап  басқаны ма? Бірақ бір ауданның білдей бір әкімі  қай аймақта және қандай жағдайда құрылыс жұмыс­тарын жүргізуге болатын-болмайтынын білмейді деуге  ауыз бармайды. Олай болуы мүмкін емес.

 

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Тұрымбекова ұсынған мәліметтен білгеніміз – біз айтып отырған Жастар саябағының құрылысына 2011-жылы 27 миллион теңге, ал 2012-жылы 25 миллион  870 мың теңге, барлығы 52 миллион 870 мың теңге қаржы жұмсалған. Демек, осыншама ақша ауаға ұшып кетті деген сөз. «Ол қандай ауаға ұшты екен» деген күдіктің де қоса-қабат ойға оралатыны бар.

 

Жарайды, қаржы қаралды, жұмсалды, ендігі жерде осы саябақ халық үшін, жастар үшін қандай қызмет жасап, қандай іс-шаралардың ортасына айналып отыр? Әрине, бұл жерде әсіресе аудан жастарына  үлгі-өнеге  көрсетіп, мәдени азық боларлықтай бір әсерлі кездесу, өнер, айтыс, сайыс және тағы да басқа түрлі мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болатындай жұмыстардың жүргізіліп жатқанын көрмеппіз. Мұның себебін  сөз басында  айтқанымыздай,  аудан әкімінің  орынбасары  ашық айтып берді емес пе?

 

Хош, сонымен  енді  бұл бақты  осы уақытқа  дейін ұстап тұру үшін жылына  қанша қаражат  жұмсалып  отыр, бұл қаражаттың рухани қайтарылымы  бар ма, жоқ па – бұл мәселеге бас ауыртып отырған ешкім жоқ. Аудандағы қаражат қазанын қайнатып отырған арнайы экономика және қаржы бөлімінің басшысы мен оған басшылық, бақылау  жасап отырған негізгі тұлға – аудан әкімінің экономика жөніндегі орынбасары Айкен Темір мырза әзірге өз міндетіне жататын қаражат үнемдеу ісіне толыққанды мән бермей отырған сияқты. Қаражат бөлінді, енді ол қай мақсатқа, қалай жаратылып отыр? Бұл сұрақтың иесі, іздері мен сұрары кім болуға тиіс? Әрине, қаржы мәсе­лесінің бірден-бір негізгі жанашыры қалай болғанда да А.Темір мырза екені рас. Ол бұл жауап­кершіліктен қашып құтыла алмайды да.

 

Енді мына бір қызық мәселеге қараңыз. Біздің: «Осы Жастар саябағына оны күтіп ұстау үшін, қарауыл үшін және жыл сайын отырғызылатын жасыл желектерге, қысқасы, бір жыл ішінде қанша қаражат жұмсалады?» – деген сұрағымызға не экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Тұрсымбекова, не «Жасыл саябақ»  кіші мекемесіне тікелей басшылық жасайтын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е.Есмырзаев нақты жауап бере алмады. Тайғанақтайды, сырғытпа жауаппен жалтарады. Аудандық мәдениет  бөліміне тікелей қарасты  «Жасыл саябақ» кішігірім мекемесіне қарай сырғыта салуға құмар-ақ. Сонда үлкен басшы қарамағындағы кіші басшысынан күнделікті сұрап, біліп отыруға тиіс негізгі  міндетін білмегені ме, жоқ әлде өз ісіне салғырт қарағаны ма? Бұған жол болсын?

 

«Балық басынан шіриді» деген осы екен-ау қарап отырсаң. Талап, тапсырманың осалдаған тұсында күнделікті жұмыста не береке, не ынтымақ және қандай жетістік бола қойсын? Осы бір саябаққа қарап отырып, «өгіз өлмес, арба сынбас» жағдайдың дәл өзін көз алдыңызға елестетуге тура келеді.

 

Аудандық мәдениет бөліміне қарайтын саябақта бірде-бір мәдени іс-шараның өткізілмеуіне таңқалмас­қа шараң жоқ. Сонда бұл жастардың атын жамылып  тұрған саябақ кімге керек? Бақылаусыз, ескерусіз қалып, естен шыққан бұл бақ тек қарауылдардың ғана қамқорлығында болғаны ма? «Текке шығын жұмсағанша жауып тынайық» дейтін бірде-бір басшы болмағанына қарағанда әлдекімдердің «нәпақа көзі» болуы да мүмкін-ау, сірә...

 

Серікбай ТҰРЖАН.

Бәйдібек ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ