Алты балалы ана құлағалы тұрған ескі сарайда күнелтуде

01.07.2018
Қаралды: 188

Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян  ауылында алты баласы бар жалғызбасты ана біреудің ескі сарайында тұрып жатыр. Бота Құлтаева қазір декреттік демалыста.

 

Б.Құлтаева үш жылдан бері жөндеу көрмеген, тар үш бөлмеде тұрып жатыр. Балаларының алды 8-сыныпта оқиды, ал кенжесі – жеті айлық. Бір күн тоқ болса, екінші күні аш жүретін перзенттері біріне-бірі сүйеу болып,  жұмыста сабылып жүрген аналарының жолын тосып отырады. 

 

«Күйеуім ішімдікке салынған. Шиеттей бала-шағаның жай-күйі оны алаңдатпайды. Алты айдан бері қайда жүргенінен бейхабармын. Келін болып түскен отбасым «шықпа, жаным, шықпа» деп отырғандар. Сондықтан өз арбамды өзім сүйреуге мәжбүрмін.

 

Аудандық ауруханада еден жуушы болып жұмыс істегеніме он жылдың көлемі болды. Қазір жеті айлық кішкентайыммен үйде отырмын. Ара-тұра «Ернұр-пресс» мекемесі газет таратуға шақырады. Олар айына 8 мың теңге төлейді. Бұл да болса табыс көзі ғой қарап отырғанша. Бір жыртығымды жамауға жетіп отыр.

 

Алтыншы балам бір жасқа келгенше «Күміс алқа» берілмейді екен. Сол алқаны алсам, балаларға берілетін жәрдемақыға тиын-тебен қосылса ғой дегендік менікі. Балам жасына толған соң құжаттарды тураламақпын. Тұрмыс жағдайымның төмендігіне байланысты осыдан алты жыл бұрын үй кезегіне тұрғанмын. Ауданда жыл сайын жиырма-отыздап үй соғылып жатыр. Бірақ менің кезегім жетер емес. Тұрып жатқан үйдің төбесінен аспан көрінеді. Қыстың күні қатты жаураймыз. Құлағалы тұрған үй ғой. Қанша ақтап, қағып-сілкісем де жауын жауып, жел тұрса үйдің ішіне тесік шатырдан су тамып, лайдан аяқ алып жүре алмай қаламыз. Ауа райы бұзылған сайын, үй құлап, балаларымды басып қала ма деп қатты қорқамын.

 

Осы мәселемен қазіргі, бұған дейінгі әкімдердің қабылдауында бірнеше рет болғанмын. Барлығының айтатыны: «Кезегіңіз келгенде үйлі боласыз». Сол кезектің ауылы алыс болған соң аудан әкімдігіндегі тұрғын үй мекемесіне, «Нұр Отан» филиалына барып, көзімнің жасын көл етіп, көмек сұрадым. Барлығының айтатыны бір жауап.

 

Қиын күндерді бастап кешіп, соның барлығына балаларымның куә болып отырғаны жаныма батады. «Бізде қашан үй болады? Менің велосипед мінгім келеді. Баспанамыз болғанда достарымды үйге ертіп келейікші», – деген ұл-қыздарымның жанарына қарап, көзден жас шығып кетеді. Үміттерін сөндіргім келмей: «Әкім аталарың биыл, ендігі жылы үй беріп қалар», – деген жаттанды сөздерімді айтқаннан басқа амалым жоқ.

 

Перзенттерімнің жадырап қалатын кезі – қасиетті Ораза айы. Жомарт жандар, кәсіпкерлер, мешіт қызметкерлері ас-ауқат әкеліп тұрады. Кәсіпкерлер Бақыт Қантаев пен Гүлжан Сейтқалиға, «Нақыпбекұлы Әуен» мешіт-медресесінің бас имамы Серғали Байниязовқа, ауылдың жомарт жастарына алғысым шексіз. Серғали имам «Зекет» қорының есебінен деп есік алдына бір тана мен қой байлап кетті. Аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері де қарасып тұрады. Жақында аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысымын деп Нұрбол есімді жігіт келіп, мектепке қажетті киім-кешектер мен құрал-жабдықтарды түгел сатып әперемін деді. Ол кісіге де рақмет айтамын», – дейді Бота апай көзіне жас алып.

 

Бұл кісінің үйінің іші әбден тозған. Зәктің иісі қолқаңды қабады. Бір қабат терезе, толық жабылмайтын есікпен бұл отбасы қыстан қалай шықты екен?

 

Тұрмыс-тіршілігін көргендегі көкейдегі алғашқы сауал осы еді. Қайырымды жандардан шарапат көріп, әкімдіктен үй ала алмай отырған көпбалалы ананың жағдайы осындай.

 

Бота Құлтаева қазір бір жасқа дейін балаға берілетін 21 мың теңге жөргекпұл, көпбалалы ана ретінде алатын 10 мың теңге жәрдемақы және газет таратып тапқан 8 мың теңгемен күнелтуде. Бар-жоғы 39 мың теңге ақша қайда жетер екен? Ал қыста ше? Қымбатшылық белең алып тұрған заманда алты баланың ас-ауқаты, киім-кешегі мен отын-суға 39 мың теңге жете ме?

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ