Шымкенттік әкім халықты мейрамханада қабылдайды

28.06.2018
Қаралды: 293

Шымкенттік әкімдер қашанда креативті ойларымен ерекшеленеді. Жақында ғана еліміздің үшінші мегаполисіне айналған Шымкент қаласына қарасты әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов халықпен кездесуін қымбат мейрамханада өткізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.

 

Жаңадан тағайындалған әкім өзіне бағынышты құрылым басшыларымен жақын танысып, жұмысын бастамас бұрын жергілікті зия­лы қауым өкілдерін ақ дастархан басына шақыруды жөн көріпті. «Ай-ғасыр» мейрамханасында өткен кездесуде аудан ақсақалдары бата беріп, «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің наиб-имамы әруақтарға құран бағыштаған.

 

Әкім – жергілікті биліктің айнасы. Әрине, қазақылық реңк беріп, әруақтарға құран оқыту бір қарағанда дұрыс та шығар. Бірақ бұл асқа қаржы қайдан алынды? Мемлекеттен бе? Елдің шөкімдеп жиған салығын мейрамханада ас беруге жұмсауға ешкімнің хақысы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, «қаржы әкімнің жеке қалтасынан төленді» дегеннің өзінде ашықтан-ашық  (әлеуметтік желіге жариялап)  зиялы қауымның аузын майлап,  тамаққа тойдыру сыбайлас жемқорлыққа жол ашары анық. «Су ішкен құдығына түкірмейтін» қазақ түрлі жағдай туа қалса Мәуленқұловтың дастарханын аттап кете алмайтыны тағы анық. Үшіншіден, бұл үрдіс басқа әкімдерге «үлгі» болып кетсе, сорымыз және қайнайды. Дастархан басы – ағыл-тегіл тілек пен мақтау үшін таптырмайтын орын. Мұның пайдасынан зияны көп екенін мейрамханада кездесу өткізбей-ақ көріп жүрген жоқпыз ба?

 

Жалпы, шымкенттік әкімдердің ерекшеленуге бейім екенін жиі аңғарамыз. Осыған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та әкімдіктің барлық басшыларына: «Жұмысқа қоғамдық көлікпен келіп, кешке қоғамдық көлікпен кетуін талап етемін! Болмаса шайтанарбамен жүруге болады. Оны өздеріңіз  шешіңіздер», – дегені есімізде. Тіпті үлгермей қалып автобус­тың артынан жүгірген де осы Ғабидолла әкім болатын. Әкімнің осы тапсырмасынан кейін әлеуметтік желіде «автобуста селфи жасап жатқан шенеуніктер көбейіп», тегін комедияға қарық болған едік. Тіпті барлық автобуста көлік жолы бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың суретін іліп тастап, қоғамдық көліктің проблемаларына кім жауапты екенін түсіндірмек болғандығы тағы бар.

 

Біз осындай арзан пиарды көріп жүрген Мәуленқұловтың халықпен кездесуін қымбат мейрамханада өткізуіне түк те таңқалған жоқпыз. Тек бұл «індет» өзгелерге жұқпай тұрып сақтандырғымыз келеді.

 

Әкіммен кездесу тойға айналмауы керек. Аста-төк дастархан жайып, бата тілеп, қол жайып жүрген Мәуленқұловтың сыбағасын  Ғабидолла Әбдірахымов беруге тиіс. Ал көшеде шайтанарба мініп, әдемі суреттерге түсуді ғана білетін Шымкент қаласының әкімі туралы алда тағы да жаза жатармыз. Әзірге осы.

 

Нұрбике БЕКСҰЛТАНҚЫЗЫ.

Abaі.kz

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ