«Есік көліндегі» демалыс естен кетпестей болыпты

28.06.2018
Қаралды: 577

Жанды жадыратар жаз күндерін, нағыз демалатын, саяхаттайтын мезгілді көпшілік тиімді пайдаланғысы келетіні анық. Сол үшін жұртшылық кезекті демалысын жазға туралап жатады. Бәйдібек ауданының тұрғыны Раушан Қауымбаева да жазғы демалысын осындай мақсатқа арнаған екен. Ол Алматы облысының Есік қаласындағы «Есік көлі» демалыс аймағына отбасымен барып қайтыпты.

 

«Сіңлім алматылық жігітке тұрмысқа шыққан, – дейді Р.Қауымбаева. – Ол менің кезекті демалысымды Алматы жақта өткізуге шақырды. Жұбайым Нұрболатпен балаларды алып, Алматыға жолға шықтық. Барған күні-ақ тарихтан хабардар күйеубалам Айбек ә дегеннен: «Есік көлін» таңдауымыз – дұрыс шешім», – деді. Сонымен жиналып, Алматы қаласының шығыс жағында, 70 шақырым жерде орналасқан «Есік көлі» демалыс аймағына тартып кеттік.

 

Жол бойы күйеубалам көлдің Іле Алатауын бойлай мәңгі мұз басқан шыңдарға дейін созылып жатқанын, өзі аттас «Есік» шатқалында орналасқанын, табиғи жолмен қалыптасқан бөгетке тау мұздықтары, қар, жауын-шашын сулары жиналып, тау арасындағы әсем көлге айналғанын айтып берді.

 

Геологтардың пікірінше, Есік көлі осыдан шамамен 10 мың жылдай бұрын биіктігі 300 метрдей болатын табиғи тоған құрған үлкен тасқын нәтижесінде пайда болған. 1963-жылдың 7-шілдесінде Жарсай көлінің суы тасып кетуінен тасқын массалары Есік көлінің аумағын  толығымен бұзып жіберген. 1990-жылдардың ортасынан бөгет қайта тұрғызылып, көл жартылай қалпына келтіріліпті. Бөгетті бұзып кеткен су тасқынының іздері әлі күнге дейін сақталған. Бүгінде көл туристердің сүйікті мекеніне айналған екен. Қазір оның тереңдігі 20–30 метрді құрайды.

 

Таудың ортасында орналасқан көлдің ғажап көрінісін айтуға сөзім жетпейді. Бұрындары «Жасыл көл» аталуының сырын түсінгендей болдық. Әр жаз сайын туристер жиі ат басын тірейтін аймақ сұлулыққа тұнып тұр. Сонау 1975-жылдары бұл жерге мемлекет және қоғам қайраткері  Д.Қонаев, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш В.Терешкова арнайы келіп, демалыпты.

 

Демалыс аймағына кіру ақысы адам басына – 440 теңге. Таң­ертеңнен ымырт түс­кенше жүре беруге болады. Атпен серуен­деу, көлде катамаранмен қыдырыстау ақысы – 1000 теңге. «Алтыбақан» үшін теңге тө­леудің керегі жоқ. Демалыс аймағында сағатына 1000 теңгеге тапшан жалдауға болады. Күні бойына 25 мың теңгедей ақы төлеу ауыр соғатындар табиғат аясына кілемше төсеп, сонда демалады.

 

Көл бетінде катамаранмен жүзіп, ну орманды, Алатаудың ұшар басынан етегіне дейін ұшқан құстарын көріп, Алланың шеберлігіне таңқалыстық. Көлдің түбіне қарағанның өзінде санаң сергектене түседі екен. Бір «әттеген-айы», мұнда шомылуға және балық аулауға тыйым салыныпты. Себебі су өте салқын және балық ұстау адам өміріне қауіпті деседі.

 

Қысқасы, бұл жердің саф ауасы, керемет көрінісі, тарихы – бәрі-бәрі көңілге жақты. Өзіміз үшін де, балаларымыз үшін де естелік болып қалады».

 

Раушан осылай дейді. Оның айтуынан тағы бір нәрсені аңғардық.  «Есік көлі» демалыс аймағы айтарлықтай дамымаса да туристерді тамсандыра алады екен. Тек мұнда әкелетін жол, аймақтың іші, әжетханалары күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Қазақстандағы көне тарихы бар мұндай жерлер шетелдіктерге ұялмай көрсетіп, мақтана алатындай деңгейде жарқырап тұрғаны дұрыс қой.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ