Қасқырды қатты құрметтейтін адам

26.06.2018
Қаралды: 100

«Бұл одақты бала кезден тай-құлындай тебісіп, осы күнге дейін жұбымыз жазылмай келе жатқан достар ұйымдастырғанбыз. Түрлі саланың мамандары болсақ та біздердің басымыз қосылатын кез – аңшылық уақыты. Жанымдағылардың аты-жөнін айта алмаймын, себебі олардың бәрі де қызмет тізгінін ұстаған жандар. Біздікі тек әуесқойлық, аңға арнайы рұқсатпен шығамыз.

 

 

Саятшылық құратын кезіміз көбінесе қыс мезгілінде жүреді. Қазақстанның әр түкпірінен, әсіресе ауылдағы ағайындар  малымызға қасқыр тиді, атып берсеңіздер екен деп хабарласады. Ауыл тұрғындарының кіріс көзі – қорадағы малы ғой. Қырып бара жатқан қасқырдың көзін үйтіп-бүйтіп құртқысы келгенімен түгелдей соғып ала алмайды. Бір-екеуін алуы мүмкін, онда да бірнеше күн соңына түсіп жүрсе ғана.

 

Біз Қазақстанның кез келген жеріне барамыз. Қолымызда «Аңшылық одақтың мүшесі» деген билет бар. Бірінші кезекте жергілікті әкімге жолығып: «Пәленше деген қойшы пәлен деген ауылға түз тағысының шабуы жиілегенін айтып, шақыртып еді. Соған бізге жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін маман қосып беріңіз», – дейміз. Астымызда көліктер, «снегоход» та бар. Көрсеткен қызметіміз үшін бір тиын да алмаймыз. Әкімдіктің қызметкері жергілікті аумақтағы тау-тас, ой-шұқырдың барлығын көрсетіп, ауылдың тіршілігін, қасқырлардың мекенін болжамдап айтып, жұмысымызды  едәуір жеңілдетеді. Себебі бір үйірде отыз шақты қасқыр жүретіндіктен ізіне түсу, атып алу оңайға соқпайды. Берісі үш күнде, ұзап кетсе апта бойы соңында жүретін жағдайлар көп болады. Түз тағысы өте сақ, сезімтал және иісшіл келеді ғой. Оқтың иісін, аяқ дыбысын 30 – 35 шақырымнан сезіп қояды. Сол үшін барынша сақ қимылдауға, сезіктендіріп алмауға тырысамыз. Жиырма жылға жуық уақыттан бері бұл жыртқыштың болмысын біліп, танып үлгерген жайымыз бар», – дейді ол кісі.

 

Бұл кісілердің қыстың уағында ен далада үй-күйсіз, басты қауіпке тігіп бірнеше күн бойы жүріп қалған кездері де болыпты. Бірақ олар үшін бұл аңшылыққа құмарлықтың жанында түк те емес сияқты.

 

«Аңшылыққа қызығып, адреналинді сезінуді отыз жасқа толмай-ақ бастап қойдық, – дейді Кәміл аға. – Талай рет қасқырмен бетпе-бет келіп, ажал тырнағына ілініп кете жаздаған кездеріміз де болды. Көкжалдар таулы аймақта мекен ететіндіктен далада түнеп қалған сәттер өте көп. Кейбір малшылар шақыртуын шақырып алып, бір кесе шай беруге қиналады. Ондайлардың да талайын көрдік.

 

Бірде Батыс Қазақстаннан қария кісі хабарласып, бізге осындай өтінішпен шақыртты. Қосауыз мылтықты, оқ, аз-маз азық-түлік пен басқа да қажетті заттарымызды көлікке артып, жолға шықтық. Ол жақтың қысы өте қатал келеді. Аяз бет қариды, ақтүтек бораннан көз ашу да мүмкін еместей. Ақсақалдың үйін тауып барып, біршама ақпарат алып, жылдам іске кірісіп кеттік. Қасымдағы серіктеріммен қасқыр мекендеріне бөлініп, үш сағаттан соң өзіміз белгілеген жерде жолығатын болып шештік.

 

Екі сағат дегенде ізін алып, бір қасқырды таптым. Бірақ бірнеше рет көздеп шүріппені басқанымда оған оқ тимеді. Ол қашып әлек, мен де соңынан қалмауға тырысудамын. Осылай тағы жарты сағат өтті. Тауға да жақындап қалды. Қасқыр тауға кірсе «снегоходпен» іздеу мүмкін емес.

 

Бір кезде манадан бері қашып келе жатқан қасқыр кілт тоқтап, маған қарай жүгірді. Қосауызды көздеп, атсам, оқ жоқ. Жүрек деген атқақтап, ауызға тығылды. Сілейіп тұрып, өлген жерім осы шығар деп ойладым. Түз тағысы менен он бес метр жерде. Ол бір секірсе, мойнымды жұлып үлгереді деп те тұрмын. Бірақ бәріне Алланың қалауы жүреді ғой. Бар пәрменімен ышқына секіргенде мен айнала бұрылып, бұғып қалдым. Ол бұрылып келемін дегенше жалмажан мылтықты оқтап, атып үлгердім ғой. Содан олжамды сүйретіп, межелеген жерге келіп, достарыма болған жағдайды баяндап, күліп те қорқып та алдық».

 

Кәнігі аңшы қасқыр көрсе қыра беруден аулақ екенін де айтады.

 

«Қасқыр өзі жыртқыш болғанымен текті аң ғой.  Егер оның тұқымын құртып жіберсек, мына далада алуан түрлі ауру көбейеді. Жабайы аңның ауырып өлгенін қасқыр жеп алады, қасқырға түк те болмайды. Табиғатты тазалап жүреді. Қазір енді қасқырдың жейтін аң-құсын өзіміз атып қырып тастадық. Сосын ол қолдағы малға тиіспегенде қайтеді?»

 

Кәміл Иман осылай дейді. Ол кісі қасқырды қатты құрметтейді екен.

 

«Қазіргі қоғамға қарап, кей қазақтың жігіті қасқырдай болса ғой деймін. Қасқыр текті, тіпті оқ тиіп, жан бергелі жатса да қыңсыламайды. Үндемей ғана денесіндегі оқты мүжіп жата береді. Еркіндікті сүйеді, серігіне адал. Осы қасиеттер қазақтың ұлдарының бойында болса, бізге жау тие алмайды деп ойлаймын», – дейді ол кісі.

 

Кәміл Иманмен біз көп сөйлесе алмадық. Бірақ ол кісінің осы айтқандарының өзі бізге көп ой салды.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ