«Ойсыз тойлар бізді санасыз тобырға айналдырып жатқан жоқ па?» – дейді Олжас Әбіл есімді азамат

26.06.2018
Қаралды: 457

Әлеуметтік желіде қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді өткір жазып, ойын бүкпесіз айтатын Олжас Әбіл есімді азамат бар. Жақында ол қазіргі қазақтың тойы төңірегіндегі ойымен бөлісті.

 

«Қазақ әдебиетін, тариxын бір адамдай кемірген адамның бірі мен едім, қазақ әдебиетінде мен оқымаған кітап жоқ десе де болады. Сонда әдебиетімізден немесе тариxи деректерден «баяғының қазағы қолдарына қымыз ұстап, кезекке тұрып алып, алма-кезек ұзынсонар тост-тілектер айтқан» деген бір ауыз сөз кездестірмеген екенмін.  Баяғының қазағы тойларын жағдайына қарай ат шаптырып, бәйге беріп, көкпар тастап, ақсүйек ойнатып, алтыбақан керіп, ән - күй шертіп жасаса керек. Сосын үлкендер тілек айтып, бата беріп, шамамен сөйтіп тарқасады. Ал бүгінгінің тойларында шиеттей балаларына шейін жұлқынып шығып әбден жауыр болған тосттарды айтып жатады. Бұл бізге орекеңдерден жұққан болуы керек. Себебі олардың тойлары жобамен сондай аста-төк, даңғыр-дұңғыр болып келеді, стакан ұстап тілек айту дегені де сол жақтан келген. Ал қонақтарды тойда кезектеп шығарып, артық бірдеңе деп қоймай, ұқсас тосттар айтқызу тәртібін бізге комсоргтар мен парторгтар үйреткен болуы керек. Кезінде бұндай тосттардың түп атасының мазмұны да «Ұлы Сталин көсемнің қол астында жарқын болашаққа, коммунизмге жете берейік!» – дегендей болуы да бек мүмкін. Бұның жобасы соған келіп тұр. Арақ ішіп, стакан ұстауды да бұл қазақ сол кезде үйрене бастады.

 

Ол кездегі той асабалары да әдепті болған сияқты. Олай болмай қайтеді? Ол ыржалаңдай бастаса комсоргтер «совет адамына жат қылық жасады» деп оның қалпағын қайырып алады. 

 

Ақиқатына көшсек, осындай дарақы, ысырапшыл, думаншыл тойлардың қазаққа пайдасынан гөрі зияны көп болып тұр. Бізде қазір статистика бойынша отау құрғандардың арасындағы ажырасып жатқандардың саны 40 пайызға жуықтап қалыпты. Яғни бұндай статистиканың өзі бізге: «Әй, думаншыл қауым, күн сайын тойлар штамповать етіп желіге бермей, ойланыңдар!» – деп тұрғандай. Бірақ оған ойланған бір қазақ болсашы!

 

Меніңше, бұл бітпейтін жырқыл қазақты санасыз, қайғысыз-қамсыз тобырға айналдырып жіберген тәрізді. Совет заманында мал соңындағы қазақ ауылда қарағай бақанға палаткіні керіп қағып, оның ішінде тойлай бергеннен басқа түк те істемеген сияқты меніңше. «Жер кетті, тіл құрып жатыр, Алматыда бір-ақ қазақ мектебі қалды, орыстандыру қарқын алып, біз ұлт ретінде жойылып барамыз, қолымыздан меxанизаторлық пен малшылықтан басқа дым келмейді, кәсіптен жұрдаймыз, өркениеттен шет қалып, мешеу боп барамыз» деген бірде-бір ой болмаған ғой ол кезде! Мен қазір: «Біз таксист пен оxран боп қалдық, ұл-қыз сапасыз болып барады!» – деп күнде қақсаймын осында. Ал кейбір аға ұрпақта ондай ой тіпті болмаған екен. «О, Құдай, тап сондай санасыз болған ба сонда бұлар?» – деп мен балалары қазақша білмейтін, орыстан қатын алғыш, ауылға барып қызыл кітаптарын таратып, табақтағы басты жеп кететін сол кездегі «зиялылардың» жазғандарына шұқшисам да ондай толғаныс көрмеппін. Тіпті ол кезде цензура болды дегеннің өзінде ел арасында айтылған ондай сөздер болды дегенді естімеппін».

 

Олжас Әбіл осылай дейді. Әрине, бұл оның жеке пікірі. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, қатты айтыпты. Ал бұл жазбаға қатысты пікір білдірушілер не дейді?

 

Ләззат Альмишева:  Әйтеуір бітпейтін той-думан. Бір ерекешелігі жоқ. Бір-біріне ұқсайды сценарий бойынша. Дегенмен жастар біз сияқты емес. Той жасағысы келмейтін, оның орнына тойға кеткен ақшаны пәтерге қосу дегендей, «бал айын» Түркияда, тағы басқа  жерлерде өткізу баршылық. Біз, ата-аналар қоймаймыз ғой «ұят-ұят» дейміз. Кредит алып той жасаймыз. Содан соң оны төлеу керек. Ұрыс-жанжал туындайды. Жас отбасылар үйленбей жатып несие төлеудің машақатына тап келеді. Осылай арада қаржы мәселесі туындап, олардың екіге айрылысуына да әсер етеді. Осыған бас ауыртып, мәселе көтеріп, бір жақты етіп шешіп беретін адам, анау-мынау емес елге танымал адам табылса екен.

 

Ақнұр Есентұр:  Мен осындай тойлардан шаршадым, тіпті барғым да келмейді. Бәрі бір сценариймен жүреді, асабалардың жаттанды сөздерінен мезі боласың, музыка даңғаза, стандарт тілектер жалықтырды. 

 

Жақында сіңлімнің қызы ұзатылады, бауырым болғасын ұзату тойына барамын, әрине, ал жігіт жағының тойына бармаймын деп шештім. Шаршадым, жалықтым!

 

Жарқын Сати:  Тойды жаңарту керек. Дастархан басында 5 сағат жайланып отырғаннан, еркін жүретін «швед үстеліндей» үлгі енгізген дұрыс сияқты. Қалай болғанда да қазақ тойдан бас тартпайды. Өйткені қазіргі бизнестің бәрі тойда.

 

Дайындаған – Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ