Маяқұмда Итемген бабаның кесенесі салынды

25.06.2018
Қаралды: 261

Бүгінде өткеніміз түгенделіп, ескіргеніміз жаңарып, өршіл де текті халқымыз ата-тегіне қайта көз жүгірте бастады. Жақында Отырар ауданына қарасты Мая­құм ауыл округінде болған игілікті іс – соның бір көрінісі. Ауылдың батыс жақ бетінде Қоңырат тайпасының Божбан руынан шыққан Итемген бабаға арнап ұрпақтары ескі «Қимайлы» зиратына жаңа кесене салды. Баба жатқан ескі зиратты Жүсіп Жаманқараев қария өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері жанашырлық танытып, оны қоршап, бүгінге жеткізген екен. Енді, міне, баба ұрпақтары жаңа кесене тұрғызып, үлкен ас берді. «Итемген баба» қорының төрағасы, шәуілдірлік зейнеткер, Өзбекәлі­танушы Таңат Шайманұлы Әбікеев пен маяқұмдық ардагер ақсақал Құдас Арыновтың ұйымдасты­руымен салынған кесененің ашылу рәсімі өтті.

 

Т.Әбікеев Кеңес Одағы кезінде Шәуілдір жүк тасымалдау меке­месінде ұзақ жылдар бойы көлік жүргізушісі болып еңбек етті. Бас­тауыш партия ұйымының төрағасы болды. Ауданда алғаш рет Ө.Жәнібек атындағы мұражай ашып,  зейнеткерлікке шыққанға дейін сол мұражайда директорлық қызмет атқарды. Аталған жиында ол өнегелі іске бір кісідей атсалысып, ауызбіршілік танытқан Итемген бабаның ұрпақтары татулық пен ынтымақтастықтың ерен үлгісін көрсеткенін атап өтті.

 

Ескіден қалған «Итемгеннен ұл туса, тораңғылға күн туар» деген сөз бар. Бұл сөз – баба ұрпақта­ры­ның қолөнер шеберлігін меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы жандар екенін айғақтаса керек. Айналасы жыңғыл мен жусанға то­лы әсем табиғат аясында салын­ған кесене алыстан көз тартып тұр.

 

Кесене маңына жиналған көп­шілік мал сойып, баба рухына арнап құран оқыды. Өнегелі істің куәсі болған  Ш.Қалдаяқов  ауылының тұрғыны Әлжаппар Айтмырза­ұлы, шәуілдірлік Оңалбай Төлім­бетов, Абдулла Жұмашов, Мұратхан Дайрабаев, Арыс қаласынан Оралбай Байғозыұлы, көкмардандық  Бауыржан Сұлтанұлы,  қарға­лылық Үсейін Сенбиев, Сейдахмет Қошқарбаев сынды азаматтар тағылымы мол шараның ұйымдастырушыларына алғыс айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты.

 

Жиын соңында қарғалылық имам Пернехан Раев құран оқып, жиылған жұрт елдің бірлігін, ынтымақ-берекесін тілеп тарқасты.

 

Төпен ӘМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ