Ойдан орден шығарып сатқандарды соттау керек

26.06.2018
Қаралды: 267

«Замана» газетінің өткен нөміріндегі жарық көрген мақаладан «Қазақстанның Құрметті азаматы» деген атақты 1 миллион 750 мың теңгеге сатып жатқанын оқып, қатты ашуланған жайым бар. Мұндай «атақты» сатып алған  байшыкештердің қуанышқа кенеліп, бақыттан бал-бұл жанып тұрған түрлерін көріп, қан қысымым көтеріліп кетті.

 

Намыстары қайда?! Мұндай төсбелгіні көкірегінде тағуға қалай ұялмайды? Әлде жемқорлықпен тапқан арам ақшаға алынған дүние болған соң намыстың оты маздамай тұр ма екен?

 

Ал атағы жер жарып тұрған төсбелгіні ұлты кәріс Ким деген бір азамат жасайды екен. Оны теледидар жаңалықтарынан естідім. Сонда ол кім? Не істейді? Қайдан келген? Сауданың бұл түрімен айналысуға оған кім рұқсат беріп отыр?

 

Менің шамалауымша, Ким – Ресей азаматы. Сонда елімізде кез келген келімсек тайраңдап жүріп, ойына келгенін істей бермек пе? Халық сенген билік қайда қарап отыр?

 

«Қазақстанның Құрметті азаматы» атағын тек еліміздің жоғары билігі беруі керек емес пе? Мәселен, мұндай дәрежеге лайықты, Қазақстанға еңбегі сіңген үміткер таңдалып алынған соң оны Мәжіліс, Сенат әбден саралап, олардың ұсынысымен ғана Елбасы салтанатты түрде табыстауы тиіс. Сонда келімсектің ел заңын белден басып, саудасын жасап, қыруар қаржыны күреп табуына кімдер жол ашып отыр?

 

Ақшасына сенген «құрметтілер» намысты, ұятты жинап қойғанымен бұл жағдай туралы бүкіл елге таралып, көрінгенге күлкі болып отырмыз. Сондықтан ақымақ байлардың миллиондарын қалтасына басқан пысықтардың үстінен қылмыстық іс қозғап, соттату, дүние-мүлкін тәркілеу қажет.

 

Кеңес Одағы тарқаған тұста небір пысықайлар талай дүниені жымқырып, байып шыға келген еді. Сол байлықты еселегендердің ақшасын қайда жұмсарын білмей жүргені «Қазақстанның Құрметті азаматы» орденін ойлап шығарған келімсектің оң жамбасына әдемі келген екен.

 

«Заманына қарай – адамы» деген сөздің жаны бар-ау дейсің  осындайда еріксізден. Меніңше қоғамдағы былықтар мен олқылықтарға орын беріп жатқандарды тұқыртып, темір тордың арғы бетіне тоғытатын кез жетті. Күресуге әрбіріміз міндеттіміз.

 

«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз жырлағандай, қазір кейбір байлар азғындап бара жатыр. Оларға менің айтарым: «Оян, қазақ! Көзіңді аш, әрбір істегеніңе есеп бер. Ұрпағыңның алдында масқара болмай тұрғаныңда абыройсыз атақтан бас тарт! Шын мәнісінде сыйлы, абыройлы азамат күйінде қалғың келсе, ертерек ойлан.

 

Мен жасым 80-ге таяп қалған, өмірдің ащы-тұщысын көрген адаммын, сол себепті қаттырақ айтып отырмын. 45 жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан жайым бар. Осы салаға үлес қосқаным үшін алған марапаттарым да жоқ емес. Сол уақытта маған әлгіндей пысықтар осындай тектес төсбелгіні тегін беріп жатса да ойланбастан бас тартар едім. Себебі менің Қазақстаным, оны басқаратын өкіметім бар. Атаққа кімнің лайықты екенін солар шешуі керек.

 

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ. 

Шымкент қаласы.

Айдарбек Қыдырбекұлының байланыс

телефоны: 8-702-485-01-83.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ