Телесериалға телмірудің зардабы барын ұмытпасақ екен

24.06.2018
Қаралды: 94

Ананди, Ича, Санам, Мадхубала секілді кейіпкерлер қазіргі таңда қазақ әйелдерінің құрбысына айналды. Оларға  шынайы жаны ашып, қайғырған сәттерінде қоса жылап, қуанған кездерінде қоса қол шапалақтап отыратын көрермен көбейді қазір. Бір сериясы қаралмай қалса, «пәлен не болды?» деп анасы қызынан, әпкесі сіңлісінен сұрап жатады.  Ал оның зияны туралы ойланып жатқан бір жан жоқ.

 

Бір түсінгенім, үнді сериалында ойнайтын отбасының көбісі шіріген бай, киген киімі мен «тонналап» тағылған алқаларында есеп жоқ. Сөйте тұра жұмысқа барып-келіп жүрген бір жанды көрмейсің. Не қылған сарқылмайтын байлық, таусылмайтын қазына десеңізші!  «Осылар сериалдың дәл ортасына келгенде режиссермен ұрысып, кетіп қалады-ау деймін» деп бір танысым айтпақшы, ауысып кететін кейіпкерлер тағы бар. Бір кейіпкердің келбетіне үйреніп қалған көрермен сумаң етіп орта жолдан қосылған жаңа актерды көрсе «бұрын­ғы әртісіміз жақсы еді ғой» деп күйіп-пісіп жатқаны. Керісінше, кей кейіпкерлер қаншама жылдар өтсе де еш өзгермейді.  Немере-шөберелері өсіп-өніп, әже-ата атанып кетсе де олардың бет-жүзінен бір тал әжімді іздесең де таппайсың.

 

Үндінің мұндай кинолары шым-шытырық пен фантазияға, өтірік пен өшпенділікке толы. Бақыттан басы айналып жүрген ғашықтардың бәрінің де күні қараң. Арамдық пен айладан басқаны ойламайтын жағымсыз жандар өз әрекеттерімен көрерменді ойландырып, қызықтырып қояды. Бір сағаттық оқиғаны сағызша созып, бірнеше күн көрсетеді. Ол аздай сезон-сезонға бөлініп, бір әулеттің бүкіл үрім-бұтағының бастан-аяқ ғұмырын көрсетумен-ақ бірнеше жыл уақытты алады. Сонысымен қоймай көрерменді өзіне тез еліктіріп алады. Оның себебі – үнділер дыбысты, музыканы дұрыс қолдана біледі. Бала түгілі үлкенді де тартып әкететін түрлі дыбыстар кино сюжетін қызықтырып, соның арқасында сериал да, телеарна да өз көрерменін көбейтіп алды.

 

Түрік сериалдары да еліктіру жағынан осылардан кем түспейді. Бір жігітке ғашық апалы-сіңлілі, отбасыларындағы қатып қалған қатал тәрбие, соны бұзып, әкесі немесе ағасынан көк ала қойдай таяқ жеп жүретін қыздары – осы сияқты шешілмейтін шиеленіске толы оқиғалар тізбегі жұртты елітеді. Ең қызықты жеріне келгенде аяқтай салады. «Қап!» деп сол сәтте санын бір соғып, теледидар алдынан тұрып бара жатқан бір адам.

 

Кәрістер де қалыс қалып жатқан жоқ. Қыз секілді қылмиған жігіттердің сән үлгісі мен шаш қоюы қазіргі таңда қазақ жастарын ерекше еліктіріп қойды. Әртістері әсіресе жасөспірімдер арасында танымал жұлдызға, олардың стильдері сәнге айналып барады. Әндерін әуелетіп тыңдайтындары аздай, қысық көз кәрістердің киім кию стилі де біздікілердің ой-санасына жақсылап ендеген.

 

Бүгінде Филлиппиннің де сағызша созылған фильмдері теледидар бетін берер емес.

 

Өзіміздің қандастарымыз да талай  сериалдар түсіріп жатыр. Бірақ біздің өнімдерде ұқсастық басым. Ұқсастық киноның сюжетінде емес, актерлардың ойнау тәсілінде. Әуесқой жас әртістер басым болған соң ба, актерларымызда эмоция біркелкі, жаттанды сөздер мен жасанды қимылдар жиі көрініс береді.

 

Киноға өң беретін қарапайым іс-әрекеттің өзі аз, бір серия бастан-аяқ іш пыстырарлық әңгімелесуге, диалогқа толы болады, сериал сонымен аяқталады. Қажет жерінде музыкалық эффектіні, дыбысты дұрыс пайдалана білмейді. Кей кезде телесериалдарымыздың бояуы қанық болмай жататыны содан да болар. 

 

Ал енді бұл телеромандарды қалт жібермей қадағалап, көз алмай көрудің де зиянды жағы бар екен. Біріншіден, қуанышынан гөрі қайғысы көбірек жүретін бұл сериалдардан адамның көңіл-күйі жиі бұзылады. Себебі көрермен сол кейіпкерлердің өміріне шындап енеді де, көп жағдайда уайымдап, кейде жылап та алады. Содан барып жүйкеге теріс әсерін береді. Үнемі сериал көрген адамның жылауық, күйгелек, уайымшыл, ашуланшақ болып шыға келетінін ғалымдар да дәлелдеген екен.

 

Екіншіден, телесериалдар адамның уақытын алады. Небәрі 20 –30 минут болатын серияға жарнаманы қоса-қоса көбейтіп, нәтижесінде бір серияға бір сағатқа жуық уақыт босқа жіберіледі.

 

Үшіншіден, адамда сериалға деген тәуелділік пайда болуы мүмкін. Оның арты теледидарға тәуелділікке апарады.

 

Қысқасы, пайдасыз іс, босқа өткен уақыт, тозған жүйке адамды жүнжітіп, надан етеді.  Сондықтан ию-қиюы көп, ұзын-сонар сериалдар көргеннен гөрі уақытымызды жақсы істерге, оқу-білімге, өнерге, еңбекке арнайық дегім келеді.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ