Ардақ Әшім не себепті елден кетті?

25.06.2018
Қаралды: 181

Шымкенттік қоғам белсендісі Ардақ Әшімді «Замананың» көзі қарақты, тұрақты оқырмандары жақсы таниды деп ойлаймыз. Біз бірнеше мәрте ол кісі жайлы мақала жаз­ғанбыз. Ел ішінде болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғаларға батыл түрде ой-пікірін білдіретін Ардақ ханым таяуда Украинаға кетіп қалды. Оның бұлай етуіне не себеп болды? Оны өзінен сұрадық.

 

– Ардақ ханым, сізді қызыңызбен бірге елден кетті деп естідік. Жағдайларыңыз қалай?

 

– Қазақстаннан кеткенімізге оншақты күн болды. Елден еріксіз кеткен адамның жағдайы қайбір жақсы болушы еді? Біз қазір Украина елінің астанасы Киев қаласындамыз. Қызым Айнұр өзіммен бірге. Бізді ол жақта ешкім де күтіп алған жоқ. Қолдау да, көмек те жоқ. Әзірге Украинадағы БҰҰ-ға қарасты босқындар мекемесіне барып тіркелдік. Бас сауғалауға көмек көрсетіңіздер деп өтініш білдірдік. Бары – осы.

 

– Нақты айтып бере аласыз ба, шетелге кетуіңізге не себеп болды?

 

– Осыдан біраз уақыт бұрын менің үстімнен Қылмыстық Кодекстің 174-бабы бойынша «ұлтаралық алауыздық тудырды» деп іс қозғады. Кейіннен оны алып тастап, 378-баптың 2-ші бөлігімен «билікке қарсы шықты» деп айыптады. Сосын ол бапты да алып тастап, қайтадан 174-баппен айыптады. Әлеуметтік желілерде 2016-жылдан бері жерді шетелдіктерге жалға беру, сату мәселесіне қатысты жазған посттарымды олар басты қару ретінде ұстап, өзіме қарсы пайдаланбақ болды. Бірақ ол бойынша ештеңені дәлелдей алмады. Сосын амалы таусылғасын «есі дұрыс емес» деген сылтаумен мені 35 күнге мәжбүрлі түрде жындыханаға апарып тықты. Олар мені еркімнен тыс моргке апарып сот-медициналық сараптаудан жедел түрде өткізіп, «есі дұрыс емес» деген жалған анықтама жасатып алды. Бірақ әлеуметтік желі белсенділері мен халықтың қолдауының арқасында бұл мәселе үлкен резонанс тудырып, ақырында мені жүйке аурулары диспансерінен шығаруға мәжбүр болды.

 

Егер түрмеге қамалсаң, екі-үш жылда аман-есен орала аласың. Ал жындыханадан сау шығатыныңа ешкім кепілдік бере алмайды. Міне, осындай жағдайлардан соң мен бас амандығым, қауіпсіздігім үшін елден кетуге мәжбүр болдым. Туған-туыс, тамыр-танысты, туып-өскен жерді қиып кету маған оңай болған жоқ. Бірақ мен түбегейлі кеткен жоқпын. Күндердің күнінде қайта ораламын.

 

– Күнкөрісіңіз қалай енді? Қаражат мәселесі қалай шешілді?

 

– Мен бес жылдан бері студенттерге экономикалық мамандық бойынша дипломдық жұмыстарын жасауға көмектесемін. Сосын ол студенттер уни­вер­ситетті бітіріп кеткенге дейін менің кеңесімді алып отырады. Басқа да жазба жұмыстарын жазып беріп, сосын оны әбден түсінгенше қадағалаймын. Олар ризашылықпен маған «киви-әмияныма» ақша аударып отырады. Қазір де солай, тиіп-қашып жұмыс істесем, 500 доллар көлемінде табыс табамын. Ал егер осы нәрсемен күн демей, түн демей шұғылдансам, онда 1500 долларға дейін табыс табуға болады. Шүкір, сол қаражатпен күнелтіп жатқан жайымыз бар. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Әзірге украиндықтардың тұрмыс-тіршілігін, менталитетін зерттеп, бақылап үлгермедім. Бірақ Киевте барлық нәрсе қымбат екен.

 

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет, Ардақ ханым. Аман жүріңіз!

 

Сұхбаттасқан – А. ҚАСЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ