Түркістанда «Алаш ауылы» бой көтергенін қалайды

27.06.2018
Қаралды: 547

Таяуда «Замана» газетінің редакциясына Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Жүзім совхоз» аталып кеткен ауылдың тұрғыны Серікбай Маралбек хабарласты. Ол кісінің Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа ерекше бір ұсынысы бар екен.

 

«Құрметті редакция, сіздер арқылы мен облыс әкімімен байланыссам деймін, – деп бастады ол кісі әңгімесін. – Мәселенің мән-жайын тарқатып айта­йын. Осыдан 7 жылдай уақыт бұрын алғаш рет Астана қаласына саяхаттап барған едім. Инсульт алып, денсаулығым сыр берген кез. «Астананы бір көрсем арманым жоқ» деп жүруші едім. Күндердің күнінде сәті түсті. Барған кездегі алғашқы әсерімді айта алмаймын енді. Қазақтың, Қазақстанымның астанасында емес, шетелде жүргендей болдым. Ана жерінде Қытай үлгісіндегі, мына жерінде еуропалық нақыштағы ғимараттарды тұрғыза берген. Қарап қарным ашты, қатты қынжылдым. Сосын Көкшетауға жолым түсті. Ол жақта да әлгіндей жағдай. Ұлттық болмысымыздың, баяғы тұрмыс-салтымыздың жұрнағы да қалмаған.

 

Не керек, мен осы сапар барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қабылдауына кірдім. Ол кісіге көкейімдегінің бәрін бүкпесіз айттым. Ол кісі бәрін мұқият тыңдады. Арызымды жазғызып алды.

 

Содан ауылға жетер-жетпесте мені әкімдіктің қызметкерлері күтіп алды. «Сәке, денсаулығыңыз онша емес. Соған қарамастан Астанаға сын айтқаның қайткенің?! Түзейтін сен бе едің? Тыныш жүрсеңізші»,–  деп ескерту жасап кетті.

 

Осылай жүргенде «Алаш ауылы» деген жобаны ойлап таптым. Ауыр­ғанға дейін мұндай нәрсе болмаған еді, бертін келе аян арқылы әртүрлі дүниелерді ойлап таба бастадым. Қысқасы, «Алаш ауылы» дегенім – кәдімгі тұрғын үй кешені. Сыртқы пішіні киіз үйге ұқсайды, өзі бір ерекше жоба болды. Одан кейін жолға қамданып, Астанаға қайта бардым. Ол кезде Иманғали Тасмағамбетов әкім болып отырған. Қабылдауына кірдім. Обалы не керек, елпілдеп қалған азамат екен, жылы қарсы алды. Идеямды мұқият тыңдады. «Ой, мынауыңыз керемет жоба екен! Бұл біздің Астанаға расында да керек. Тұрғызсақ, қатып кетеді! Бірақ ең алдымен сіз мұны патенттеп алыңыз, макетін жасатыңыз. Барлық құжаты, басқа да мәселелері дайын болғанда келіңіз. Алда «ЭКСПО» көрмесін өткізгелі жатырмыз. Мына ғимаратты, бұйыртса, соған қарсы саламыз», – деп шығарып салды».

 

Серікбай мырза осылай дейді. Ол кісі Имекеңнің қолпаш­тауынан кейін қанаттанып, «Алаш ауылын» патенттеу үшін құжаттар туралай бастайды. Бірақ оған cол күйі қол жеткізе ал­мапты. Тиісті мекеме мамандары біресе «ана құжатты әкеліңіз» деп, біресе «мына құжатты әкеліңіз» деп әбден әурелеген. Ақырында Серікбай мырза жасаған макетін алып Қытайға тартып отырған.

 

«Өзім Қытай қазағымын ғой, сондықтан ол жақтан патент алудың қиынға соқпайтынын әрі біздегідей бюрократияның жоқ екенін жақсы білемін. Қытайлар менің жобамды әбден зерттеді, қайталанбағанын тексерді. Содан бұл жобаңызды бізге сатыңыз деп ұсыныс білдірді. Мен, әрине, одан бас тарттым. Соңында олар халықаралық күші бар патентті қолыма ұстатты. Бірақ, өкінішке қарай, биіктігі 1,5 метр, ені 1 метрлік макетті сол жақта қалдырып кетуге тура келді. Ары-бері алып жүру бізге оңайға соқпады», – дейді Серікбай Маралбек.

 

Қысқасы, Секең жобаның бар шаруасын тындырып боламын дегенше «ЭКСПО» көрмесінің ашылуына небәрі үш ай уақыт қалады. Артынып-тартынып Ахметжан Есімовке бар­ғанымен ол кісі енді бәрі кеш, құрылысты аяқтауға үлгермейміз деп шығарып салады. Секеңнің ендігі бар үміті – Түркістан облысының әкімінде.

 

«Түркістан қаласының облыс орталығы болғанын естігенде қуанғаннан бірнеше күн ұйықтай алмадым. Әуелден ата-бабамыз «Түркістан – ер тү­ріктің бесігі» деп бекер айтпаған. Рухани астанаға «Алаш ауылын» салсақ, онда бұл Түркістанның сәулетін арттырып, шырайын кіргізер еді, әрі еліміздің ешбір жерінде жоқ ерекше ғимаратымен таңғалдырар еді. Жансейіт Түймебаевты сырттай танығаным болмаса, бетпе-бет кездесудің сәті түспеген. Бірақ халық оны адамгершілігі мол, ұлтжанды азамат деп айтып жүр. Сондықтан менің ұсынысыма назар аударар деп үміттенемін», – дейді С.Маралбек.

 

Ал Секеңнің жобасы туралы қысқаша айтар болсақ, «Алаш ауылының» сыртқы пішіні қазақтың киіз үйіне ұқсайды. Арматурадан тоқылып, бетоннан соғылатын бұл кешеннің іші толықтай ағашпен көмкерілуі тиіс. Яғни экологиялық таза материалдар қолданылады, – дейді жоба авторы.  Тұрғын үй кешенін көпқабатты етіп салуға да, сондай-ақ шағын көлемде бір қабатты етуге де болады екен. Бірінші қабаттың өзіне 15 – 20 от­басы жайғаса алады. Жертөлесін автотұраққа, басқа да коммерциялық нысандар үшін пайдалануға болады. «Ал ең жоғары қабатын әйелдер үшін намаз оқитын орын етсе, нұр үстіне нұр», – дейді Серікбай мырза.

 

...Хабарласқан оқырманымыздың бұдан басқа да ойлап тапқан дүниелері өте көп екен. Олардың бірнешеуін Қытайға апарып патенттеп алмақ бо­лыпты. Бірақ тек екі жұмысына ғана құжат алуға мүмкіндік туған. Біріншісі – «Алаш ауылы», екіншісі – ерлерге арналған, қыста да, жазда да киюге ыңғайлы, шіліңгір шілдеде көлеңке беретін, қыста суықтан қорғайтын сегіз қырлы бас киім.

 

Серікбай Маралбек 2000-жылы Қазақстанға қоныс аударған екен. Араға алты жыл салып отбасын көшіріп әкеліпті. Тұрмыс жағдайы анау айт­қандай жақсы емес. Отбасымен, туған-туыстарымен барак үйлерді паналап отырған көрінеді. Шиеттей алты баласын асырауға денсаулығы да жарамайды екен.

 

«Менің орнымда басқа біреу болса мына жобаны аузына түскен бағаға сатып, бала-шағасымен бақуатты өмір сү­рер еді. Әлі күнге дейін маған ақы­сын төлеп, үйдің жобасын өзіне меншіктеп алғысы келетіндер жиі келеді. Бірақ мен мұның ұстағанның қолында кеткенін қаламаймын. Мемлекетке өтіп, жоба жүзеге асса, өлсем де арманым болмас еді», – дейді Секең.

 

Қысқасы, Серікбай Маралбектің бар үміті Ж.Түймебаевта болып тұр. «Алаш ауылы» Түркістанның төрінен салынса, ел игіліне пайдаланылса деген арманы бар. Біз облыс әкімі Секеңнің ұсынысын жерге тастамай, тиісті жауабын береді деген ойдамыз.

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

Серікбай Маралбектің байланыс

телефоны: 8-705-128-99-67.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ