Алба-жұлба шалбарың, Өзіңді өзің алдадың...

23.06.2018
Қаралды: 136

Шалбарының тізесі үш жерден ойылған қазақтың қаракөз қызына қарап, аң-таң қалдым. Сән екенін сезіп-ақ тұрмын, бірақ оның қайдан, неден шыққанын түсіне алмай далмын. Сән дегенді әдемілік пен жарасымдылықтың біріккен әлемі деп түсінетін мен осы екі нышанның бірін де байқай алмай, бас шайқаймын. Жетіп барып, жуан инелі жіппен ары-бері айқұштап тігіп тастағым-ақ келеді. Бірақ, қайдан, жолатушы ма еді?! Не жылуы, не сұлуы жоқ бұл шалбарды несіне киді екен деп кіжінгенсимін. Япырау, бұл шүберектің адам қызығатын қай жері бар?!

 

Жыртық джинсы сатып алып киетіндер былай тұрсын, әдейі қолмен жыртып киетіндерге тіпті күлкім келеді. О заман да бұ заман, бүтін киімнің парша-паршасын шығарып, жіптерін жалбыратып, иығына ілетіндер көш соңында қалмаудың өзінше қамын жасап жүргендер ғой, әрине. Көшедегі қаңғыбас та мейлінше киімнің бүтінін киюге тырысады емес пе? Ал біздің айдай сұлу аруларымызға не жорық деймін-ау. Иә, не болса соны сән қылатын заман болды. Кіндік көрсетіп жүрмесе, «мамбет» болатын уақыт болды бір жылдары. Түп негізі – кеудеден сәл төмен түсетін «топик» деп аталатын кеудешелер еді. Бұл сән ескірсе де «жан­күйерлері» жетерлік. Жазды­гүндері жылтыраған қарындарды көзіміз шалатыны рас. «Жауып қой» деп кеудеше шіркінді төмен қарай қанша тартқылағанмен түк шықпайды. Тыныш отырмасаң, жыртып тынасың. Содан соң «жылтырағанның көкесі сонда болар» деп тағы қоясың. Қысқа белдемше киіп, талтаңдағандардың жанында бұл дұрыстау ма деп қалам. Әйтпесе ұзын кеудешені көйлек қып киіп жүргендер қаншама? Қайтеміз енді, сән ғой...

 

Қазіргі бір жеңін жұлып тастаған кеудешелерді қыздардың үстінен көргенде соны киіп жүргендерге жаным ашиды. Тап бір ұрыс майданынан шыққан ба деп қаласың. Апыр-ау, қандай киім болмасын, екі қолы бірдей болушы еді, бір жеңі толығымен бар, бір жеңі жағадан ары қарай жоқ көйлектерді көргенде қайда қарарыңды білмей қаласың. Қадалып қарап қалуға өзің ұяласың, қарамайын десең қисынсыз бірдеңені түсіне алмай далсың. Сөйтеміз де, «сән ғой, сән» деп бетімізді күшпен бұрамыз.

 

Жарар, оны былай қоялық, осы күнгі той және кешкі көйлектер ше? Көкіректен төмен қарай қарасаң, етегі жер сүзген әп-әдемі бейнені көресің де, кеудеден жоғары қарай дым жоқ. Әсіресе қайынжұртының алдында жалаңаш иығын жарқыратып шы­ғатын қалыңдықтарды айтсаңызшы. «Мынауың ұят!» – деп костюм жауып көлегейлейтін күйеу де жоқ бүгінде. Кеудеге әзер ілініп тұрған көйлегін етектен ұстап, төмен қарай тартып қалсаң, қалыңдығымыз тырдай қалатын секілді көрінеді маған. Баяғының жаңа түскен келіндері иық былай тұрсын, орамалдың астына жасырып, бет-жүздерін де көрсетпеуші еді. Бүгінгінің қалыңдықтары ке­рісінше, барымды байқап қалсын дей ме, жартылай жалаңаштанып, дүйім жұрттың алдына шы­ғады.

 

Басқаны қайдам, мен үшін Еуропаның үлгісімен тігілген ашық киімдер қазақи қанымызға жат әрі ерсілеу көрінеді. Менің ойыммен келіспейтін әлдекім осы жазбамды оқып отырып: «Қай заманда қалып қойып едің?» дер бәлкім. Бірақ осылай дейтіндер қазақтың қызы – қазақтың абыройы екенін біледі ме екен?! Қандай қызға болса да, қай заманда болса да, ол үшін қашан да сән сұлулығы емес, тән жылулығы артық болуы керек деп ойлаймын.  

 

...Кіндік, иық, кеуде ашқандардың қатарын жыртық шалбардың арғы жағынан жылтыратып тізе ашқандар толықтырды, мінеки. Сонда деймін-ау, дененің бір жерін ашып жүрмесе, сән болмай ма немене? Адамның киіну стилі – оның мәдениеті, соның ішінде ой-өрісі, тәрбиесі, талғамы, бір сөзбен айтқанда оның ішкі жан-дүниесінің айнасы емес пе? Неге қазағымның қыздары қайдағы бір сықпытсыз сәнге ілесіп, көшеде қалай-болса солай киініп жүруі керек? Көрсе көз тоярлық етіп берген көрікті неге алба-жұлба немесе ашық-шашық етулері керек? Ақылшы аналар мен намысшыл әкелер қайда қарап жүр?! «Тәйт» деп тыйып тастайтын ағалар ше? «Мұның ұят» деп кеңес айтатын жеңгелер мен әпкелер бар ма бүгінде?

 

Қос бұрымды өсіріп, қос етек көйлек кисін деп ешкім ешкімге айтпайды бүгінде. (Айтса да артық емес). Әйтсе де етек-жеңді жинап жүрген қашан да әдемі ғой. Қыз бала киімімен тек денесін ғана емес, ары мен намысын, абыройы мен ұятын да бүркемелейді. Сондықтан сәл ойланайықшы, арулар!

 

...Осылай кете берсек, бір күні жалаңаш жүретін заманға тап келмесек болғаны. «Сән ғой, сән» деп...

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ