Арысқа келгендер ай-шайға қарамай, ақылға сыйымсыз мөлшерде айыппұлдар салып кетіпті

23.06.2018
Қаралды: 260

«Замана» газетінің редакциясына Арыс қаласындағы 29 жекеменшік балабақша қызметкерлері атынан хат келіп түсті. Хат иелері онда сөз болған мәселені газет бетінде жариялауымызды өтініпті. «Ашық хат» деп айдар қойылған бұл хатта мынадай жай жөнінде айтылады:

 

«Облыстық еңбек инспекциясының Нұрғали Қуандық және Әлжан Мамадалиев деген инспекторлары келіп, әр балабақшаға 481 мың теңгеден айыппұл салып кетті. Арыс ауданының прокуроры Н.Қосбаев мырза 2018-жылғы 24-мамырда еңбек инспекциясына Арыс қаласындағы 29 балабақшада Еңбек Кодексінің 23-бабының талаптары бұзылған, соны тексеру керек деп хат жолдаған екен. Содан еңбек инспекторлары келіп, ай-шай жоқ, жаппай айыппұл салуға кірісті.

 

Президентіміз прокуратураға кәсіпкер­лердің құқығын қорғауды жүктеген. Сонда қалай болғаны? Бір ауданның прокуроры Президентіміздің саясатына қарсы жұмыс жасап отырған жоқ па? Біз осыны түсіне алмай, орын алған жайды қалың бұқараның, Үкіметтің, Президенттің, заңдылықты қадағалайтын мекемелердің құзырына ұсынып отырмыз.

 

Жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негі­зінде «Балапан» бағдарламасымен ашыл­ған балабақшаларға қаржы жан басына есептеліп төленеді, ол жалақы мен коммуналдық шығындарға арналған. Енді біз мойнымызға салынған айыппұлды қалай төлейміз? Өзі күнін әрең көріп отырған балабақшаларға жарты миллион теңгеден айыппұл салардай не күн туды?

 

Әлде «Балапан» бағдарламасымен ашыл­ған балабақшаларда соңғы 6 жылдың көлемінде қандай да бір жазатайым оқиға болып па еді? Балабақша өмірге қауіпті жер болса, онда адамдар неге бауыр еті – баласын балабақшаға беріп жатыр?

 

Басқа аумақтардағы мұндай балабақшаларға ешкім де тиіспейтінін, басқа аудандардың тыныш екенін естіп жатырмыз. Тек біздің аудандағы балабақшалар­ға осындай ауыртпалық түсіп отыр. Жылда өрт сөндіру мекемесінің, СЭС-тің салатын айыппұлы аз болғандай, енді мынадай жағдай болып тұр».

 

...Осылай деп жазған хат авторлары өздерін мазалаған мәселеге тиісті меке­мелердің, басшы азаматтардың назар аударуын сұрайды. Яғни олар өздеріне салынған айыппұлдың заңдылығы тексерілсе екен дейді, айыппұл мөлшерінің қалта көтермейтін тым ауыр екенін айтады. Егер жұмыста қандай да бір кемшілік жіберілген болса, оны түзетуге белгілі бір мерзімді белгілей отырып мүмкіндік берсе, жұмысымызға кедергі келтірмесе екен дейді.

 

Олар осындай өтініш-тілектерін Арыс қаласының прокуратурасына, облыстық еңбек инспекциясына және басқа құзырлы мекемелерге де жолдаған екен. Соншама адам бекерге шырылдап жүрген жоқ қой. Ендеше бұл мәселе алдағы уақытта оңды шешімін табар деген ойдамыз.

 

Шынында да кәсіпкерлерді қолдаудың орнына, оларға қорлық көрсететіндей басымызға не күн туып отыр? Әлде бұл жоғары жаққа наразылықты күшейту үшін қасақана жасалып отырған әрекеттің бір түрі ме?

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ