«ЖПП» қызметкеріне нені істеуге болады, нені істеуге болмайды?

27.06.2018
Қаралды: 640

Біз бұл сауалдарымызды Шымкент қаласы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Жұмаханов Ералы Мұсаәліұлына,  Шымкент қаласы жол-патрульдік полициясы полкінің командирі, полиция полковнигі Кенжебаев Бақытқали Оңғарұлына, сондай-ақ Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция под­полковнигі Мейірхан Данияр Мейір­ханұлына жолдаймыз. Құзыретті мекеме өкілі ретінде біздің мына төмендегі сұрақтарымызға бұл азаматтардың нақты жауап беруін сұраймыз.

 

Біздің төмендегі сұрақтарымыз бен оның жауаптары көптеген жүргізушілерді қызықтырары сөзсіз. Және мұны кімнің де болса біліп жүргені дұрыс. Сондықтан біз бұл азаматтардың жауаптарын алдағы уақытта газет бетінде және ақпараттық порталымызда жариялайтын боламыз.

 

Ескерте кетейік, біздің бұл сұрақтарымыз жол-патрульдік полициясы қызмет­керлерімен арада нақты болған оқиғаға байланысты туындады. Дегенмен біз бұл хатты арыз ретінде емес, сұрақ ретінде жолдап отырмыз. Осы себепті нақты жауап күтеміз.

 

Сұрақтар:

 

1. ЖПП қызметкері өз көлігінің ішінде отырып алып, май құю бекетінде тұрған көліктегі жүргізушіге терезеден айқайлап ескерту айтуға немесе оған нұсқау беруге құқылы ма?

 

2. ЖПП қызметкері өзін таныстырған кезде қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті ме, міндетті емес пе? Егер қызметтік куәлігін көрсеткен кезде оның аты-жөнін есте сақтап қалу үшін жүргізушінің ол куәлікті суретке түсіріп алуына рұқсат па, әлде бұл заңсыз ба?

 

3. ЖПП қызметкері жүргізушіні тоқтат­қан кезде ол ішкілік ішкен деп күмәнданатын болса, өзінің қолына үрле деп нұсқау беруі заңды ма?

 

4. ЖПП қызметкері жанармай құюға тоқтаған жүргізушіге «Неге қауіпсіздік белбеуін тақпайсың?» деп ескерту беруге құқылы ма? Жанармай құю бекетінде қауіпсіздік белдігін шешуге бола ма, болмай ма?

 

Қарапайым көлік жүргізушілері үшін бұл сияқты сұрақтардың жауабын білу өте маңызды. Сондықтан жоғарыда атал­ған азаматтар бұл сауалымызды жауапсыз қалдырмайды деп сенеміз.

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ