Денис Теннің қазасы қоғамды дүр сілкіндірді

24.07.2018
Қаралды: 197

Қазақстанның атын әлемге танытқан спортшы Денис Тен кешегі 19-шілдеде кісі қолынан қаза тапты. Оқиға Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысы тұсында болған. Автокөлік айнасын жымқырумен айналысатын ұрылар тапа-тал түсте, сағат 15.00 шамасында оның автотұрақтағы көлігінің айнасын шешіп алмақ болыпты.

 

Денис осы ұрлықтың үстінен түсіп қалған. Сосын арада те­кетірес туындап, ұрылардың бірі оның сан тұсына пышақ ұрған. Денистің ірі қан тамырлары қатты зақымданған екен, ол ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізіл­генімен оны құтқару мүмкін бол­мады. Денис өзіне келмеген күйде жан тапсыр­ған.

 

Бұл сұмдық оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Жұрт ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы Денистің ата-анасына көңіл айтып жатыр, қимас сөз­дерін жариялауда, жан тебірентер өлеңдерін арнауда.

 

Сондай-ақ мұндай оқиғаның орын алуына полицияны кінәлап, ашу-ызаға толы пікір білдіріп жатқандар да аз емес. Көптеген адамдар Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қыз­метінен кетуін, полицияда реформа жасалуын талап етуде. Адамдар өз көзқарасын білдіру үшін шеруге шыққан жанды әй-шай жоқ аяқ-қолын қайырып, қамауға алғанда күшті болып кететін полиция адам өміріне, оның мүлкіне қол сұғатын қарақшыларға келгенде әлсіздік танытып, оларды тыя алмай отыр деп налиды.

 

Жұртшылық сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің де өз қызметінен кетуін талап етуде. Бейбіт заманда, тапа-тал түсте, еліміздің мәдени орталығы саналатын үлкен қалада осындай ауыр қылмыстың орын алуына қала басшылығының да кінәсі бар деп біледі жұрт.

 

Жалпы, Алматыда автокөлік айнасын ұрлау бұрыннан бар екен. Оны үлкен бизнеске айналдырып, қолдап-қорғап отырғандар бар деседі. Әлеуметтік желілерде бұл туралы ашық айтылуда.

 

Мысалы, алматылық Қанат есімді азамат желіде қымбат көліктердің айнасы мен бейнекамераларын ұрлаудың әлдеқашан үлкен бизнеске айналғанын, бұған қатысты полицияға түс­­кен арыздарды тонналап та­буға болатынын жазды. Ол бұл бизнеске полиция тосқауыл қойғысы келмейді, өйткені олар да тиесілісін алып отырады деген пікір білдірген. «Шын кіріссе, полиция оған әлдеқашан тосқа­уыл қойған болар еді», – дейді ол.

 

Ал кешегі бейсенбіде Д.Теннің өмірін қиған ұрылардың бірі ұсталғаны туралы жарияланды. Ол Жамбыл облысының 1994-жылғы азаматы көрінеді. Бірақ нағыз қылмыскер сол азамат па, жоқ әлде басқа ма, мұны сот анықтайтын болады.

 

Қазір қылмыс жасады деген екінші адам іздестірілуде. Полиция оқиғаға куә болған адамдар­ға қылмыскерді көрген-білгендер болса, хабарлауын сұрап, ол үшін арнайы сыйақы беруді уәде етіп отыр.

 

...Денис Теннің жасы таяуда ғана 25-ке толған еді. Жаста­йынан спортпен айналысқан ол осы қысқа ғана ғұмырында талай биіктерді бағындырды. Ол Азия ойындарының чемпионы болатын, 2013-жылғы Әлем бі­ріншілігінде – күміс медаль,  2014-жылғы Ресейде өткен Олимпиадада қола медаль ұтты, 2015-жылғы Әлем біріншілігінің қола жүлдегері болды. 10 алтын, 4 күміс, 3 қола медальдің иегері еді. Қарапайым ғана, еңбекқор жасты бүкіл халық жақсы көретін, ол шын мәнінде Қазақстанның мақтанышы еді. Өкінішке орай, оны сақтай алмадық. Оның спортқа бергенінен берері көп еді. Амал қанша...

 

Бақұл бол, Денис! Сенің есімің жүректерде ұзақ сақталары сөзсіз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Өліміңе мына қоғам кінәлі...

 

Айрылдық па кәріс ұлдан – Денистен? 

Зор өкініш, өксік шығар дем іштен... 

Аталарын алып қалып аштықтан, 

Қазақ еді жарты нанын бөліскен.

                   Жоқтап жатыр Европа, Москва,

                   Жылаттың-ау, кәріні де, жасты да. 

                   Сені өлтірген жастар ма екен жұмыссыз, 

                   Ақша үшін қылмыс жасап қашты ма?

Тұлпар едің Тайбурылдай баптаған,

Нар ұл едің ел үмітін ақтаған. 

Өліміңе мына қоғам кінәлі, 

Қылмыскер мен ұры-қары қаптаған.

 

Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ