Әкелер мұны есте ұстаса екен

20.06.2018
Қаралды: 90

Түсіне білген адамға бала тәрбиесі деген – үлкен бір ғылым. Бұған терең мән беру керек. Әсіресе ұл бала үшін әке тәрбиесі маңызды. Осы орайда қазіргі және болашақ әкелерге керек кеңестер:

 

Бала кішкентай кезінде анасына үйір, оған ана мейірімі аса қажет. Жеткілікті мейірім көріп өскен бала болашақта жақсы отағасы болып қалыптасады. Сондықтан анасы кей мәселелерде өзінің нәзік жанды екенін сездіріп, баланың өзіне мейірім, көмек көрсетуіне мүмкіндік беріп тұруы керек, бала өзінің болашақ азамат, отбасы тірегі екенін, бұлай болу қолынан келетінін ұғынып, соған ұмтылып, оны өз бойына қасиет етіп қалыптастырғаны жақсы. Әйе­ліңізге осы жағын да түсіндіріп қойыңыз. Балаға үлгі болып, әйеліңізге қамқорлық көрсетіңіз.

 

Бала өзіне сеніп, өз артықшылықтарын сезіне білуі үшін осындай болып қалыптасуына мүмкіндік жасап тұрыңыз. Әрине, жасына байланысты, ақылға сияр шекте ғана. Ол қай істе де өз таңдауын жасап, бастаған ісін соңына дейін жеткізе алатын болсын.

 

Ұл бала 6 жасынан әкесіне қарай бейімделе бастайды, оған ұқсағысы келіп, еліктейді. Оған қандай мәселеде болмасын жақсы іс-әрекетіңізбен үлгі-өнеге көрсетіп отыруыңыз керек.

 

Баланың физикалық жағынан дамуына, өзін-өзі пайдалы әдеттерге баулуына жол ашыңыз. Оны таңдауына, икеміне қарай белгілі бір немесе бірнеше спорт секциясына берген жақсы.

 

Оны өз күшіне сенуге, қиындықты жеңе білуге, кей жағдайдағы жеңіліске төзе білуге үйретіңіз, мұндайда оған қолдау көр­­­сетіп отырыңыз. Ол қандай да бір сәтсіздік кезінде жігерін жоғалтпай, оның жаңа мүмкіндіктердің бастауы екенін ұғып өсуі керек.

 

Балаға жауапкершілікті үйретіңіз. Жауапкершілігі мол адам қашанда сенімді, ортаға сыйлы болатынын ол жастайынан біліп өскені абзал. Ол өз ісі үшін жауап­кершілікті өз мойнына алып үйренуі керек.

 

Оның жаңаны, өзін қызықтырған нәрсені үйренуге, игеруге, интеллектуалдық тұрғыда жетілуге деген талпынысын қолдап отырыңыз.

 

Сондай-ақ баланың бойында әлсізге, науқас, қауқарсыз жанға, жануарға деген жанашырлық болуы керек. Қиналғандарға жәрдем жасап үйренсін.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ