Судың қатерін қаперден шығармаңыз

20.06.2018
Қаралды: 175

Бүгінде жұрт жаппай су көздерін тө­ңіректеп жүр. Өйткені күн ыстық. Дегенмен судың рахатымен қатар қаупі де бар екенін естен шығармаған абзал.

 

Тыйым салынған орындарда суға түспеген дұрыс. Әр жағажайда адамның жасы мен суда жүзе алатындығына қарай шектеулер болады. Және ондай көпшілік демалыс орындары сүңгуірлердің көмегімен су асты қоқысынан, балдырлар мен шыны сынықтарынан, темірлерден тазартылып отырылуы тиіс. Осындай толық тексерулерден өткен жағажай ғана құтқарушылармен қамтамасыз етіледі.

 

Әр жағажайда демалушыларға арнал­ған ақпарат тақтасы болуы шарт. Онда суға түсу ережесі, апатты жағдайлар жайында ескерту мәліметтері, судың, ауаның температурасы, желдің жылдамдығы мен бағыты, полицияның, аурухананың, құтқару қызметінің телефон нөмірлері жазылуы тиіс.

 

Жалпылай алғанда, шомылу – дене шынықтыру, денсаулықты нығайту үшін аса керекті нәрсенің бірі. Мұны тіпті дәрігер мамандардың өзі кеңес ретінде беріп жатады. Шомылу ағзадағы зат алмасу процестерін жақсартып, жүйке жүйесіне, қан тамырларына, тіпті тыныс алу жүйе­леріне, буын ауруларына оң әсерін береді.

 

Солай бола тұрғанымен дәрігер кеңесіне құлақ түрген жөн. Өйткені ағын сулардың оң әсер бермейтін жағдайлары да болады. Мәселен, салқын тиюі. Бұл жайлы әсіресе буын дерттерімен ауыратын немесе тұмауға жиі шалдығатын адамдардың ойлануы керек. Себебі ағын су қарапайым бассейн суына қарағанда денені тез салқындатқыш келеді. Су ішінде белсенді қимылдау керек және теріңіз «қаз терісіне» айналғанша шомыла берудің қажеті жоқ. Жағалауға шыққаннан кейін сүлгімен әбден сүртініп, құрғақ киім ауыстырыңыз.

 

Назар аударыңыз: суық суда бұлшық еттер тартылып, денеңіз тырысып, талып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан талма ауруы байқалған болса, жағалаудан алыс кетпегеніңіз абзал. Және киіміңізге түйрегіш түйреп жүріңіз, аяқ астынан денеңіз тырыса бас­тағанда түйрегіштің бас жағын денеге түйреу керек.

 

Жағалауға жете салысымен суға сүңгіп кетуге болмайды. Температураның күрт өзгеруі буындардың тартылуына апарып соқтырады. Ағзаңызға жаңа ортаға үйренісу үшін 15 минут уақыт беріңіз. Сонан кейін еш кедергісіз шомылуыңызға болады.

 

23 градустан төмен емес суға шомылуға тырысып бағыңыз. Саяхаттың алғаш­қы күнінде бірнеше рет суға түскен дұрыс емес.

 

Өзіңізге таныс емес жерлерге сүңгімеңіз. Тастардан немесе бұталардан жарақат алып қаласыз.

 

Тамақ пен шомылудың арасы бір сағат болуы керек. Тамаққа тойып суға секіруге немесе судан шыға салып тамаққа отыруға болмайды.

 

Жаз мезгілінде су теріңізге «тосын сыйлар» жасауы әбден мүмкін. (Лас, құрамында тұз, хлор бар). Сондықтан да әрбір шомылған сайын денені таза тұщы сумен ысқылап немесе таза душ қабылдаңыз, тамағыңызды, аузыңызды шайыңыз. Онан соң арнайы лосьондарды немесе нәрлендіретін кремдерді пайдаланыңыз. 

 

Қайғылы оқиғалар болмауы үшін әрбір адам алғашқы көмек көрсете білуі тиіс. Ондай жағдайда сабыр сақтаумен қатар жылдам әрекет ету де маңызды. Құтқарушы мамандардың кеңесі бойынша суға тұншығып, зардап шегушінің өмірін тыныс алу тоқтағаннан кейін 6 минуттан кешіктірмей қайтаруға болады екен. Ол үшін судан шыққан зардап шегуші адамды шешіндіріп, дем алуын және тамыр соғысын анықтаңыз. Тамыр соғысы мен дем алысы байқалмаған жағдайда дереу өкпеге ауызбен жасанды дем беріңіз. Жасанды тыныс берумен қатар, бір мезгілде жүрек тұсына массаж жасауға болады. Зардап шеккен адамның тыныс алуы қалпына келе салысымен оған ыстық шай беріп, денесін барынша жылы ұстау қажет. Алғашқы көмектен кейін өзін жақсы сезініп тұрған жағдайдың өзінде де тез арада жедел жәрдем шақыру керек.

 

...Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау. Осыны есте ұстаңыз!

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ