Жай көзге көрінбейді, теріні қатты бүлдіреді

19.06.2018
Қаралды: 250

Жазда түрлі жәндіктердің тіршілік әрекеті күшейе түсетіні белгілі. Адамға жайсыздық әкелетін сондай жәндіктердің бірі – тері кенесі. Ол тері жұқпалы ауруы – қышыма қотырды (чесотка) таратады.

 

Кененің ұрғашысы адамның терісіне енгеннен кейін оған жұмыртқа салады. Онысы кейін құртқа (личинка) айналып, бір аптадан соң ересек кенелер пайда болады.

 

Қышыма кенесінің көлемі 0,2 – 0,5 миллиметрден аспайды, сондықтан оны ұлғайтқыш әйнек арқылы ғана толық көруге болады. Ол адамнан адамға жылдам жұғады. Қышымамен ауырған адаммен тікелей қарым-қатынаста болғанда, сондай-ақ олардың пайдаланған төсек-орын, іш киім, киім-кешектерін, сүртінетін орамалдарын, жөкелерін (мочалка), қолғаптарын, басқа да заттарын пайдаланғаннан жұғады.

 

Қышыма адамға үй жануарларынан жұғуы да мүмкін. Кене мал денесін де жайлап, адамға көбінесе жылқыдан жұғады. Сондай-ақ қышыманы моншадан, душтан, жатақханадан, пойыздан, қонақүйлерден, яғни кез келген жерден жұқтырып алуыңыз мүмкін.

 

Аурудың жасырын кезеңі 7 – 10 күнге дейін, кейде 1,5 айға дейін созылуы мүмкін. Эпидемиологиялық тексеру нәтижелеріне қарағанда, қышымамен әлеуметтік жайсыз және тұрмысы нашар отбасындағы адамдар жиі ауырады. Соңғы кездері қышыма қотырдың қатты дуылдап қышып, адамның мазасын алмайтын, бөрткені де онша қаптап шықпайтын жеңіл түрі жиі кездеседі. Қышыманың бұл түрінде беті қанталап қабыршақтанған бірлі-жарымды ғана бөрткендер кездеседі. Белгілері: Қолдың саусақтарының арасында, кеуде мен іштің, санның, аяқтың терісінде бөртпелер және қышыма пайда болады.

 

Қышыма қотыр жұқтырған адамның денесінің кей тұсы бой бермей дуылдап кышиды, әсіресе түнде қатты қышиды. Теріні үнемі қасығанда оған микробтар түсіп, қышымаға терінің іріңді жұқпасы қосылып, ауру әрі қарай асқынып кетеді. Денесін түрлі түйіншектер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады

 

Мұндай жағдай аяқ-қолдың буын бүгілістерінен, саусақ аралықтарынан, тіпті тұла-бойдан да байқалады. Адам денесінде қотырдың ізі қалып, ұсақ бөртпелер көбейіп кетеді.  Қышыманың орны ақшыл-сұрғылт жолақтанып, ине ұшының ізіндей болады, ізі тура сызықтай болмай, ирелеңкіреп, бір-біріне қатарласа түскен үтір сияқтанып жатады. Қышыманың бөрткені балалардың алақаны мен саусақтарының арасында, қарнына, шынтақтың бүгілетін тері қатпарына, балтырына, өкшесіне табанның ішкі жағына, құйрығына, иығына, беті және басына шығады. Емшек жасындағы сәбилердің көбінесе алақаны мен құйрығының ұшына, бетіне шығуы мүмкін.

 

Тері ауруларының белгісі байқала салысымен-ақ дер кезінде дәрігерге көрініп, нәтижелі ем қабылдау қажет. Қышымаға қарсы арнаулы емді тері ауруының дәрігері ғана жүргізеді. Ауырған адам өзін-өзі емдеуіне болмайды Ең бастысы – науқас тұтынған заттардағы паразиттің көзін жою керек. Қотыры бар адам дер кезінде дәрігерге көрініп, емделмесе, ол созылмалы ауруға айналады.

 

Қотыр әсіресе кешке қарай, жылы киінген кезде қатты қышиды. Қышынған адам денесін қасып қанатып та алады. Ол қанаған жер асқынып, іріңдейді.

 

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, ең алдымен адам таза болуы керек. Апта сайын суға түсіп, іш киімін жиі ауыстырғаны дұрыс. Әсіресе біреудің киім-кешегі мен заттарын пайдаланғаннан аулақ болыңыз.

 

Қышыма қотыр жұқтырған адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орыны, тұтынатын заттары өзге отбасы мүшелерімен араластырылмай, жеке ұсталын­ғаны дұрыс. Кірлеген киімдерді де бөлек жинап, бөлек жуған жөн. Яғни оны 1-2 пайыздық сода ертіндісі немесе кез-келген ұнтақ сабын қосылған, қатты қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып жуу керек. Киімді тек үтіктеп киген дұрыс.  Сырқат жатқан бөлмені де күн сайын 2 пайыздық сабын-сода ертіндісімен жақсылап сүрту керек. Науқасқа күтім жасағаннан кейін немесе оның жатқан жерін жинас­тырғаннан кейін міндетті түрде қолды сабынмен жуу қажет.  Моншаға, душқа түскен кезде отыратын орындықты, сабын, сусабын, ысқы қоятын сөрелерді және жуынатын кіршені ыстық суға хлор араластырып жуған дұрыс. Біреудің жуынатын заттарын, сыпыртқысын (веник) пайдаланбаңыз.  Әр адамның жеке сүлгісі және жөкесі болғаны жөн.  Жаңадан сатып алған киім-кешекті, іш киімді және төсек жаймаларын міндетті түрде үтіктеген дұрыс.

 

Қышыма қотыр ауруының белгісін байқап, күдіктенсеңіз, тез арада тері аурулары дәрігеріне көрініңіз. Дәрігерге дер кезінде қаралу ауруды айналасындағы адамдарға жұқтырмауға мүмкіндік береді, қышыманың таралмауын және одан тез сауығуын қамтамасыз етеді.

 

Ақтоты АСАНБАЕВА,

Шымкент қаласындағы

Еңбекші ауданы қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасының жетекші маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ