Созақтың Ақмаралы Солтүстіктен жүлдемен оралды

20.06.2018
Қаралды: 93

Алаш қайраткері, ақын, ағартушы-педагог Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы республикамызда және «ТҮРКСОЙ» ұйымы көлемінде аталып өтіп жатқаны белгілі. Таяуда Солтүстік Қазақстан облысының М.Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылының маңында үлкен мерейтойдың ашылуы болып, оған бүкіл түркітілдес мемлекеттердің қоғам қайрат­керлері, ақын-жазушылар қатысты. Ақынға еңселі ескерткіш ашылды. Осы іс-шараның аясында мектеп оқушылары арасында республикалық Мағжан оқуларының ақтық кезеңі өткізілді.

 

Созақ ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ақмарал Тілеубек  облыстық байқау­да бас жүлде иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Мағжан еліне облысымыздың намысын қорғап барғ­ан Ақмарал ерекше көзге түсіп, әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды. Ақмарал 1-орын иеленіп, жеңімпаз болып оралды.

 

Ақмаралды республикалық байқауға алып барған жетекшісі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тұмартай Дінтайұлы ағайымыз да олжалы оралды. Т.Дінтайұлы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Алғыс хатын және СҚО білім басқармасының басшысы Г.Кәрімованың марапатын иеленді, оған бағалы сыйлық тапсырылды.

 

Ақын қыз Ақмаралдың өзіне Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атынан 1-дәрежелі диплом және жүлдеге бағалы сыйлық (ноутбук), кітаптар тапсырылды.

 

Биылғы оқу жылының өзінде аудандық, облыстық деңгейдегі 10 әдеби байқау мен жыр  мүшәйраларына қатысқан жас талапкер ақын қызымыз Ақмарал үнемі жүлделі орындардан көріне білді.

 

Құлыншақ ақын мен Сәуірбектей жазушы шыққан ауылда жырға деген талабы зор қыздың өсіп келе жат­қаны қуантады.

 

Ұстазы Т.Дінтайұлының баптауымен биік белестерді бірінен соң бірін бағындырып отырған Ақмаралға шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз! Ата-анасына, мектеп ұжымына осындай талантты қыз тәрбиелегені үшін алғыс  айтамыз. Бәтима Батырбековадай ақын сіңлілері көптеп шығып, Созақ елін таныта берсін демекпіз.

 

Қуаныш ЕСБЕРГЕНОВ,

мектеп тәлімгері.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ