Шымкенттік Нұржан Мұхаммедов неге өзін-өзі өртемек болды?

20.06.2018
Қаралды: 1108

Шымкентте азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедов жанұясымен бірге қала әкімдігі алдында наразылық акциясын өткізді. Ол полицияның өзін аңдып, қудалауын тоқтатуды талап етті. Атпалдай азаматтың мұндай әрекетке баруына не себеп болды? Наразылық шеруден соң қала әкімдігінен көмек ала алды ма? Біздер мәселенің мән-жайын білмекке оны үйіне іздеп бардық.

 

Н.Мұхаммедов өздері сауда жасап күнелту үшін жалға алған дүкеннің аядай ғана бір бөлмесінде бес баласымен тұрады екен. Бұған дейін пәтер жалдап тұрып келіпті. Кейін отағасын полиция іздеп бара берген соң үй иесі оны шиеттей бала-шағасына қарамай пәтерден шығарып жіберіпті.

 

«Өз елімде қудалауға түсіп, қаңғып қаламын деп еш ойламаған едім. Митингіге шыққаным рас. Оны саналы түрде, өз құқымды біле отырып жасадым. Бала кезімізден әділдікке тәрбиеленіп өстік қой, сондықтан қоғам­дағы болып жатқан келең­сіздіктерге, әділетсіздіктерге жаным шыдамайды.

 

Биылғы көктемде «Ютуб» әлеуметтік желісінен Қазақстан түрмелеріндегі жазасын өтеушілерге көрсетіліп жатқан қысымдар, азаптау оқиғалары туралы естіп-білдім. Бір азаматтар желі арқылы наразылық акциясын өткізуге шақырған. Оларды бұрын-соңды көрмегенмін, танымаймын, сонда да түрмедегілеге жаным ашығандықтан, адам құқын қорғағысы келіп жүрген жандарға қолдау білдіру үшін облыстық соттың алдына бардым. Сол жерде түрмелердегі зорлық-зомбылық тоқтатылсын деп талап еттік.

 

Менімен бірге 24 жігіт болған еді. Басқаларын білмедім, солардың екі-үшеуі жауапқа тартылғанын естідім кейін. Ал өзім алғашқыда ескерту алдым, кейіннен 10 тәулікке әкімшілік жаза беріп, қамап тастады. 25-мамырдан 4-маусымға дейін қылмыскер секілді темір торда жаттым. Босап шыққан күні Ұлттық қауіпсіздік қыз­метінен Мақсат есімді жігіт келіп, өзі қарайласып, қиындық туындап жатса көмек көрсететінін айтқан болатын. Бірақ ол жігітті содан кейін көрген жоқпын.

 

Үйден ұзап шы­ға алмайтын да халге жеттік. Дәл есіктің алдында үнемі «KZ871 NPA 13», «KZ640 VDA 13», «KZ411 KSB 13», «KZ 135 XNL 13», «KZ 497 BBB 13»,  «KZ856 AH 04» нөмірлі көліктер тұрады. Яғни полиция қыз­мет­керлері мені аңдуға көшті. Күнде таңертең 9.00-ден түнгі 12-ден асқанша тегін күзетшіге қа­рық болдық. Алғаш­қыда не болып жатқанын түсінбей жүрдік. Өзіміз тұрып жатқан «БАМ» ықшам ауданы Әл-Фараби ауданына қарасты болғандықтан осындағы тәртіп сақшысымын деп Асқар Бекжігітов қысым көрсетті. Құжаттарымызды қайта-қайта тексеріп, дүкенге тексерту де жіберіп, жауып тастауға әрекет жасады.

 

Бірде үлкен балам бокс үйірмесіне қатысатын болып, арнайы қолғап, киімдерін сатып әпермекке жолға шықтым. Әлгілер қайта ізіме түсіп, дәл «Мега» сауда үйінің қасына бар­ғанымда қолымды қайырып, Қаратау аудандық ішкі істер бөліміне апарды. Сосын бұл жігітті де таппай қалдық. Одан соң учаскелік өкілмін деп Бақытжан Төлебаев келді. Оған: «Бір жерде екі учаскелік полицей болушы ма еді?» – деп едім, А.Бекжігітовті танымайтындығын айтып құтылды.

 

Біреулер есік алдында отырған соң балаларым көшеге еркін шыға да алмайды. Аңдушылар пайда болғалы үйден шығулары мұң болды. Жаздың кезінде бір бөлмеде жеті адамның жүруі тіптен қиын тиіп жатыр. Мейлі, бұған да шыдармыз. Тек полиция аңдуын, қоқан-лоққы жасауын қойса екен. Олар тағайындаған жазаның барлығына көндіктім, оларға қарсы шағым да жазбадым. Момын деді ме, еркін тыныстауға тыйым салып тастады ғой. Содан күйіп кеткенім сонша, қала әкімінің алдында өзімді өртеп жібермек едім», – дейді ол.

 

Осы кезде әңгімеге Нұржанның жары Бағлан апай араласты.

 

«Бес баламызды қайтсек асыраймыз, тәрбие береміз деп жүргенде мына жағдаймен миымыз ашып кетті, – дейді ол кісі. – Ұл-қыздарымның алдының жасы әлі онға да толмаған. Бірінен кейін бірі Алланың қалауымен жарық дүниеге келген перзенттеріме жағдай жасай алмағанымызға налимын.

 

Осы жағдайлар оларға да әсер етіп жатыр. Дүкеннің есігін ашқан кезде: «Мама, кешегі ақ «Нива» бұрышта тұр!» – деп жүгіріп келеді. Ал ең үлкен қызым Ақелік Құдайға хат жазыпты. «Е, Жаратқан ием, сізден өтініп сұраймын. Бізге көмек берші! Үлкен де әдемі үйіміз болсыншы. Әрқайсымызға жеке төсек, әдемі киімдер сыйлаңызшы. Ата-анаммен қол ұстасып, қыдырып жүрсек екен. Олар қиналмасыншы. Сол үшін көп ақша беріңізші!» – деген жазбаны оқығанда бетімді жас жуып кетті.

 

Пәтер жалдап жүріп, туа бергені несі дейтіндер де көп. «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген бар. Қанша сақтансам да бойыма бала біте берді. Тіпті болмаған соң Ташкенттегі ең білікті дәрігерге жатырымды байлатып едім, көп ұзамай бесінші балаға аяғым ауырлап қалды. Бесеуін де «Кесарь тілігі» арқылы босандырды. Бұған таңданбаған дәрігер қалмады. Алланың әмірі ғой».

 

 ...Айта кетейік, Нұржан Мұхаммедов 10-шілде күні қалалық әкімдік алдына наразылық танытуға бес ба­ласы және әйелімен бірге барған. «Біз құл емеспіз! Қудалауды тоқтат!» деп ұзын қағазға үлкен әріптермен жазылған талаптарын көтеріп, наразылық танытқан болатын. Бұған дейін де «Ютуб», «Фейсбук», тағы бірнеше әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жа­сапты.

 

Қала әкімімен кездесе алмаған соң Н.Мұхаммедов әкімдік алдында өзімен ала келген бензинін үстіне құйып, өртемек болады. Сол кезде қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай шығып, оған ішке кіріп сөйлесуді ұсынған. Қайрат Нұртай белсендінің шағымын тыңдап болған соң полицейлерге тиісті тексеру жүргізілетінін айтыпты.

 

Бұл кездесуден соң әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов олардың тұрып жатқан үйін барып көріп, әкімшілік тарапынан көмек беруді қарастыратынын, үй алулары үшін кезекке қосатындарын да жеткізіпті.

 

Н.Мұхаммедов: «Полициядан бұдан кейін де қысым көретін болсам, Астанаға барып, Ақорданың ал­дында өзіме от қоямын, өзіме қол жұмсаудан тайынбаймын», – дейді.

 

...Сонымен Н.Мұхаммедов өзінің басындағы жайға қоғам назарын аударды. Қала әкімдігі мәселені біледі, полицияның іс-әрекетіне тиісті бағасын бе­руге уәде етіп отыр. Сондай-ақ әкімдік тарапынан Н.Мұхаммедов отбасының тұрмыстық жағдайына қарасу жағы да ойластырылатын болыпты. Бұл сөздердің іс жүзіне асу-аспауы алдағы уақыттарда белгілі болмақ.

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ