Серікжан БІЛӘШҰЛЫ: «Көп әйел алайық, көбейейік, қазақтар!»

18.06.2018
Қаралды: 164

«Замананың» өткен 2-шілде күні жарық көрген нөмірінде әлеуметтік желі қолданушыларына аты жақсы таныс азамат – Серікжан Біләшұлының ұлттық мүдде тақырыбындағы бір лекция­сын жариялаған едік. Бүгін жұртқа айтары көп жанның тағы бір лекциясына газет бетінен орын беруді ұйғарып отырмыз. Бұл жолы Серікжан Біләшұлы төмендегідей әңгіме айтты.

 

Біз 100 миллионға жетуіміз керек

 

Ассалаумағалейкум, құрметті жамағат!

 

Менің аты-жөнім – Серікжан Біләшұлы. Қазақ интернет әлемінде «Жарқын Жеті» деген атпен 2009-жылдан бері жұртқа танылғанмын, әсіресе жастар жағына. Менің бүгін айтайын дегенім мынау:

 

Қазақ халқының басына келген осы бір ауыр зұлмат күндерде соны шешудің сан түрлі амалын қарастырып, жүгіріп жүрміз ғой. Мысалы, үш мәрте баспасөз мәслихатын өткіздік, жәшік-жәшік арызды Сыртқы істер министрлігіне, құзырлы мекемелерге жеткіздік, ақпарат саласына беріп, құзырлы мекемелермен бірлесіп маңызды деген деректерді қолдарына ұстатып отырдық. Өз шама-шарқымыз жеткенінше екі мәрте құран-хатым өткізіп, Қытай жақтағы шаһид болған бауырларымызға, жаназасыз жерленген бауырларымызға арнап құран бағыштадық.

 

Енді осы Қытай қазақтарының басындағы сұмдық оқиғаларды Елбасының назарына, Сыртқы істер минис­трінің назарына, қоғам назарына ұсынамыз деп жанталасып жүргенде мынадай бір ой келді: Қазақ көп болғанда осындай қорлық көрер ме еді? Санымыз 50 миллион, 100 миллион болғанда осындай қорлық көрер ме едік?

 

Мынау ұланғайыр дала – әлем бойынша 9-орын алатын үлкен территория, асты-үсті толған байлық, мұнай мен газ өндіруден жер бетінде 9-шы елміз. Алпауыттардың, империялардың бәрі сілекейі ағып, көзі қанталап қызығады. Осы байлық жау шақырады, осы маң дала жау шақырады.

 

Сондықтан біз көбейейік. Санымыз 50 миллионға, 100 миллионға жетуі керек. Ол үшін бүгіннен бастап іске кірісу керек. Әрбір қазақ азаматы үштен, төрттен әйел алсын шариғат талабы бойынша. Қазақ қыздарын жатжұрттықтарға, кәпірлерге бермей, өзіміз алайық. Сондықтан осы іске бел шешіп кірісейік. Оған «анау», «мынау» деп сылтау айтпайық. Қарындастарымыз, келіндеріміз, жеңгелеріміз түсінсін. Біз көбеймесек мынау ұланғайыр даланы ұстап тұра алмаймыз, тәуелсіздігімізді ұстап тұра алмаймыз.

 

Енді сенің ұрпағың, немере-шөбе­релерің, шөбереңнің шөбересі жат қауымдардың тепкісінде шырылдамасын десең, зарламасын десең, осы тәуелсіздікті ұстап тұрсын десең, қиямет-қайымға дейін, заманақыр – жер тақыр­ға дейін бай-бақуат өмір сүрсін десең, біз ірі болайық. Ірі болу үшін тірі болайық. Сол үшін көбейейік. Саннан сапа туады, сондықтан көбе­йейік.

 

Айналайын қарындастар, әпке-жеңгелер, рұқсат беріңдер! Айналайын жігіттер, сендер де жерге қарап отырмаңдар. Қатын – ерге, ер жерге қарайтын сұмдық заман басымызға келмесін десек, көбеюіміз керек.

 

Қытай мен Ресей қазақтарын жоғалтқалы тұрмыз

 

Кешегі жоңғар шапқыншылығында, «Ақтабан-шұбырынды» болғанда, «Сырдың суы мен қамысы болмағанда қазақтан тірі пенде қалмас еді» дейтін сол бір заманда «Бас-басыңа бай қайда?» – деп Төле би бабамыз айтқан жоқ па? Жеңілген жаудың қатын-баласын бөлісіп алған жоқ па ата-бабаларымыз? Сонда қырылған, соғыста шаһид болған жора-жолдастарының әйелдерін жаппай алған жоқ па? Сол қаптаған тоқалдардан біз туған жоқпыз ба?

 

«Тоқал» деген сөз соншалықты сүйкімсіз сөз емес. Құнанбай тоқал алмаса Абай қайдан туады? «Атадан – алтау, анадан – төртеу, жалғыздық көрер жайым жоқ», – деп Абай айт­қан жоқ па? Шоқан Уәлиханұлы ше?

 

Сондықтан бұл жерде шариғат бо­йынша рұқсат беріп тұр. Шариғатта «бәйбіше-тоқал» деген ұғым жоқ, шариғатта әйелге тең қара дейді. Ендеше, алайық!

 

Онсыз да біздегі «кәрі қыздардың» санын бір Құдай біледі, пәленбай жүз мың «кәрі қыз» бар болуы мүмкін. Онсыз да жатқа кетіп, кәпірге тиіп, жұрттың абыройын түсіріп жүрген жоқ па? Ендігі жағдай мынау болып тұр. Қытайдағы 3 миллион қазақтан тірідей айырылып отырмыз. Ресейдегі 1 миллион 500 мың қазақ, ол енді қазақ болмай кетті олар. Біз енді олардан тірідей айырылдық.

 

Ал Өзбекстан қазақтары келді. Неге? Болмаса сол өзбек тілі де, ділі де өзімізге ұқсас халық еді. Болмаса үлкен қысым жасаған жоқ. Сол өзбектер қазақпен тамырлас халық еді. Тіпті сол қазақтар өзбектеніп кетсе де өкінбес еді. Аталас, туыстас халық. Бірақ олар қазақ боламын деп келді. Неге? Қандары, бойларындағы ұлттық рух бар. Тілі жойылмаған, рухы жо­йылмаған халық өзінің сол Құдай берген қасиетімен қалуды ойлады.

 

Ал Ресейдегі қазақ неге келмей қойды? Бір жарым миллион қазақ? Себебі олар орыстанып кетті. Тура сол сияқты ертең Қытай қазақтары да енді бір жиырма жылда қытайланып болғанда басыңды тауға ұр, тасқа ұр, ол да келмейді. Қазіргі Қытайдың геноцидтік сұмдығында оның келе қоюы да екіталай. Енді Құдайдан бір көмек болып, Елбасы араласып, Қазақстан саясаткерлері немесе әлем саясаткерлері араласып, бір мұғжиза болмаса дәл қазіргі мынау қырғын, геноцид, нәсілдік, ұлтты құрту саясаты жүре берер болса ол жақтағы қазақ енді біз үшін алғанда жоқ деген сөз. Яғни 3 миллион қазақтан тағы да айырылғалы тұрмыз.

 

1916-жылғы соғыста қырылған қазақ, 1921 – 1922-жылдарда, Лениннің кезінде 2 миллион 500 мың қазақ қырылды, 1931 – 1933-жылдары 4 миллион 500 мың қазақ қырылды, 1937 – 1938-жылдары қазақтың тұтас зиялылары қырылып қалды. 1941 – 1945-те соғысқа салды, Еуропа соғыс майданынан қайтқан қазақтарды Іле бетіндегі, Алтайда Шығыс Түркістан қазақтарына қарсы айдап салды. Одан аман қалған қазақты анау Қытайдың теріскей-шығыс жерін жапон басқыншыларынан тазалау соғысына салды. Сонда бұл қазақтың қырыла-қырыла жеткені бүгін.

 

Ал Қытай қазағы ше? «Оңшылдар­ға» қарсы күрес, «солшылдарға» қарсы күрес, мәдени төңкеріс – осында қанша қазақ қырылды? Бүкіл зиялыңды Тарымға айдады. Өткенде бауырларымыз айтып отыр: 1949-жылы Қытайда 1 миллион 500 мың қазақ болған екен, соның 500 мыңнан 1 миллионға дейінгісі сол Компартия қолынан қырылды дейді. Бұл да – тарихтағы тың деректер.

 

Ал одан бұрынғы «Дүнген қырғыны», «Ақ орыс қырғыны», «Орыс қырғындарын» есепте Қытай қазақтарының басындағы. Одан бұрын­ғы Тибет асқан қырғын, бәрін есептеші – тек қырылу.

 

Қынадай қырылған ата-бабаңды ұмытпа!

 

Біз көбейейік, бауырлар! Ал көбеюге қандай амал бар? Қазақты «копиялайтын» аспап таппаймыз, жал­ғыз-ақ жолы – көбейейік! Көбеюдің жолы – көп әйел алайық. Алла дұрыс көріп тұр ма, шариғат 4 әйел алуға рұқсат беріп тұр ма – Алла дұрыс көрген нәрседе бір хикмет бар. Алла дұрыс көрген нәрсені жек көретін сен кімсің? Алла дұрыс көрген нәрсені құптамайтын сен кімсің?! Тоқсан түрлі сылтауды қалтаға сал да, ұлттың мүддесі үшін іске кірісейік! Ертең ұрпағың аздығынан тағы да басқа қауымдарға құл болмасын десек, шөбереміз, шөбереміздің шөбересі бақытты өмір сүрсін десек біз бүгін іске кірісуіміз керек. Бәріміз көп әйел алайық, көп ұрпақ сүйейік!

 

Менің жасым – 43-те. Төрт әйелді бағуға шамам жетеді. Құдай бой да берген, ой да берген, ақыл да берген. Кейде адуын мінезіміз де бар. Бірақ шариғатты ұстанамыз.

 

Мысалы, менің шариғат жолын ұстанатын, намаз оқитын және өте ұлтшыл, қазақ десе жүрегін жұлып беретін қыз алғым келеді. Мейлі ол ажырас­қан болсын, мейлі жесір болсын, мейлі оның баласы болсын немесе болмасын, шариғат талабына сай болса, болды. Әкелері, уәлилері, туыстары дұрыс көрсе, алғым келеді. Қазақтың бір емес, бірнеше қызын бақытты етуге шамамыз жетеді. Бір Алланың разылығы үшін және қазақтың қамы үшін.

 

Жә, жігіттер, іске кірісейік ұлт мүддесі үшін! Бірақ мұны күлкі қылуға, нәпсінің әңгімесі қылуға, мазақ етуге немесе тұрпайы әзілдің әңгімесі етуге болмайды. Жігіттер, ұлт тағдыры әңгіме болғанда жеңіл әзілді қойыңдар! Бұл – салмақты, өте салмақты тақырып. Қынадай қырылған ата-бабаңды ойлағанда жын тартып тұрған күлкіні ұмыт! Егер жын түртіп, әзілге, зинаға, ойын-күлкіге, ырбақ-тырбаққа қарай бұрып бара жатсаң, қынадай қырылған, осы уақытқа дейін қырылған, осы өткен ғасырдың ішінде ғана сан мәрте қырыл­ған ата-бабаңды бір сәт есіңе ал! Сол ата-бабаларың не үшін қырыл­ғанын бір сәт ойлан да, ендеше Құдай ұнатқан шаруаны сен де ұнат! Ұлттың ұлы мұраты жолында, Алаш арыстарының арманы жолында, әр қазақ, қолыңнан басқа ештеңе келмесе де осы шаруаға кіріс!

 

Серікжан Біләшұлының байланыс телефоны: 8-747-063-90-31.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ