Халықаралық сотқа шағымдану үшін көмектесуді сұрайды

17.06.2018
Қаралды: 194

Бүгінде Қытай қазақтарының басынан өтіп жатқан қиын жағдайдан жұрт құлағдар. Қазақстан­ға келіп-кетіп жүрген талай қандасымыздың сол жақтағы «Саяси үйрену» деп аталатын жабық мекемелерге қамалғаны туралы деректер бар. Қапаста отырған туысын құтқаруды сұрап шырылдап жүргендер аз емес. Таяуда сондай жандардың бірі әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрады. Ол кісі былай деді:

 

«Мен, Ғайнигүл Айтқали Өскемен қаласындағы «Нұрлы көш» ауылында тұрамын. Қазақстанның азаматтығын алғаныма 7 жыл болды.

 

Күйеуім Амантай Әбіл 2017-жылдың шілде айында Қытайдағы әке-шешесін көріп келуге кеткен. Сол кеткеннен «Саяси үйрену» атты түрмеде ұсталып отыр. Төрт баламыз бар. Күйеуімді 9 айлық саяси үйрену мерзімін аяқтаса да ұстап отыр, енді Қытайда бір зауытқа жұмысшы етіп орналастырмақшы. Яғни күйеуімді Қазақстандағы отбасына жібермейді деген сөз.

 

Мен осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық құзырлы органдарына шағымдандым. Ешқандай нәтиже жоқ.

 

Енді соңғы тәуекелге бармақшымын. Күйеуімді ұстап отырған Қытай халық республикасы Бұратала облысындағы Жұң ауданының сақшылығын Қытайдың ең жоғарғы сотына және халықаралық сотқа бермекшімін. Сонымен бірге Қытайдың Қазақстандағы консулдығын халықаралық сотқа бермекшімін. Төрт бала мен өзімнің бір жылдық тартқан азабым үшін 2 миллион доллар моральдық шығын талап етпекшімін.

 

Осы сот барысында маған білікті заңгерлердің тегін заңдық кеңес беруін сұраймын. Төрт баламен қатты қиналып кеттім.

 

Құрметті қазақстандықтар, кө­мек­те­­сіңіздерші!

 

Егер Қытай күйеуімді жібергісі келмесе  Қазақстандағы төрт баласы мен әйелінің күнкөрісіне қажетті қаражат төлеуін талап етемін».

 

Күйеуі бір жыл бойы еріксіздіктен елге жете алмай жүрген әйел осылай дейді. Оған заңдық жағынан жәрдем көрсететін жандар ел ішінен табылып қалар деген ойдамыз.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ