Төрт балалы ананың екі көзі төрт болып отыр (ВИДЕО)

26.07.2018
Қаралды: 87

«Замананың» өткен нөмірінде Өскемен қаласында тұратын Ғайнигүл Айтқали есімді әйелдің (суретте) әлеуметтік желіге салған үндеуін жариялаған едік. Яғни ол күйеуі Амантай Әбілдің өткен жылдың шілде айынан бері Қытайдағы «Саяси үйрену мектебі» деп аталатын жабық мекемеде жазықсыз қамауда отырғанын айтқан болатын. Өзінің төрт баласымен тұрмыс таршылығын көріп жүргенін, сондықтан күйеуін еш себепсіз қамауға алып, жібермей отырғандардың үстінен Қытайдың ең жоғарғы сотына немесе халықаралық сотқа шағымдануды шешкенін жеткізіп, өзіне құқықтық кеңес бере алатын білікті заңгерлерден көмек сұраған еді. Кешегі аптада Ғ.Айтқали көпшілікке арнап тағы да бейнеүндеу жариялады. Оның толық мәтіні мынадай:

 

«Саламатсыздар ма, құрметті қазақстандықтар! Мен, Айтқали Ғайнигүл Өскемен қаласының «Нұрлы көш» ауылында тұрамын. Өткендегідей тағы да бейнеарыз түсіруге мәжбүр болып отырмын. Себебі менің төрт балам бар. Үлкенім 13 жаста, екіншім – 8-де, үшінші балам 5-те, кішкентайым 3 жаста. Күйеуімді Қытай жазықсыз, соттың шешімінсіз ұстап, Қазақстанға жібермей отыр. Заңсыз түрде.

 

Қазір мен осы төрт баламмен көпбалалы ана ретінде 10 мың теңге көмек аламын. Одан басқа көмек жоқ. Өзім екі күнде бір мәрте 2000 теңге алатын кондукторлық жұмыс істеймін. Осы 40 мың теңгемен  төрт баланы асырауға мәжбүр болып отырмын. Қазір үйімнің коммуналдық қызмет ақысына қарызы 260 мың теңгеден асты.

 

Құрметті қазақстандықтар, менің айтайын дегенім мынау: Осы 40 мың теңгемен төрт баланы асырау маған қиын болып тұр. Қытай үкіметі осы балалардың әкесін заңсыз ұстап, төрт баланы асырауға мүмкіндік бермей отыр. Яғни төрт баланы әкесінен, қамқоршысынан айырып отыр. Соттың қылмысты деп дәлелдеген шешімі жоқ, екеуміздің арамызда некені бұзу туралы ешқандай құжат та жоқ, күйеуімді Қытай үкіметі заңсыз жібермей отыр. Сол себепті өзіміздің Қазақстан Республикасының заңында да балаларға көмек көрсету туралы қарастырылмаған екен, сондықтан қазір Қазақстан үкіметінен көпбалалы ана ретінде 10 мың теңгеден басқа көмек көріп отырғаным жоқ.

 

Қытай үкіметі балаларымның әкесін жібермей, балаларына қарауына мүмкіндік бермей отыр, өздері де төлем төлемей отыр. Сонда төрт баланың құқығын кім қорғайды? Менің төрт баламның немесе Қазақстанның болашақ төрт азаматының құқығы тапталып отыр.

 

Құрметті қазақстандықтар, осы видеоны көріп отырған қандай да бір балалардың құқығын қорғайтын орган адамдары болса, сол туралы заңның баптарын білетін адам болса, маған жолын көрсетіп, көмектессе екен деймін. Мен осы төрт баламның құқығын қорғау үшін олардың құқығын таптап отырған Қытай үкіметінің үстінен болса да немесе осы төрт балама берілетін мүмкіндіктерді қалпына келтіру үшін Қазақстандағы балалардың құқығын қорғау органдарына, халықаралық балалардың құқықтарын қорғау органдарына арыздарды, шағымдарды жолдағым келеді. Маған  көмектессеңіздер екен. Осы істер бойынша заңның талаптарын білетін, маған құқықтық көмек беретін, ақыл-кеңес беретін адамдар болса, көмектессе екен деймін.

 

Мен ештеңеден тайынбаймын. Қазақстанның болашақ төрт азаматының құқығын қорғау үшін қандай тәуекелге болса да барамын. Тек бәрі де заң жүзінде болса екен деймін».

 

Тығырыққа тіреліп, қатты қиналған жан осылай деп шырылдайды. Бүгінгідей заманда кәмелет жасына жетпеген төрт бірдей баласын асырап-бағудың нәзік жанды әйел баласына оңай тимесі белгілі. Сондықтан Ғайнигүл Айтқалидың жанайқайын еститін, оған көмек қолын ұсынатын азаматтар ел ішінен табылса екен деп тілейміз. Көзі тірі күйеуіне қолы жетпей, шиеттей баланы қалай асыраймын деп шырылдаған жанды көрмедім-білмедім деп отыра берсек, бұл біздің елдігімізге сын емес пе, ағайын?! Ол бар болғаны құқықтық ақыл-кеңес қана сұрап отыр ғой. Көмектесейікші!

 

Н. ӘБДІ.

 

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ