Оқу ақысы қанша болды?

17.06.2018
Қаралды: 318

Талай түлектің, ата-ана мен ұстаздардың ұйқысын ұрлаған ҰБТ өз мәресіне жетіп, талайлардың бағы мен бабын сынға салды. Енді талапкерлер өздері қалаған жоғары оқу орындарын таңдау үстінде. Осы орайда оқу орындарының да әрекеті қызып жатыр.

 

Бүгінде Шымкенттің Байтұрсынов көшесіндегі, «Баян сұлу» аялдамасынан педагогикалық оқу орнына дейінгі аралықта базардағыдай ығы-жығы адамдар толып жүр. Онда Шымкент қаласындағы жиырмаға жуық жоғары оқу орындарының ұстаздары қолдарына өздерінің оқу орны, ондағы мүмкіндіктер мен жеңілдіктер және оқу ақысы жазылған жарнама парақшасын ұстап, өткен-кеткенге үлестіріп жатыр.

 

Мәселен, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ мұғалімі Нұрхан деген кісінің айтуынша, күндізгі бөлімде бір жылдық оқу ақысы 150  мың теңге болған. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет кешкі оқу жүйесі ендіріліп, оның ақысы 130  мың теңге деп бекітілген.

 

Бұдан әріректе «Mіras Educatіon» деп жазылған атаулы «пакетті» «Мирас» университеті тегін ұстатып жатқанын байқадық. Университеттің бұлай «хайп» жасағанына қарап, заман көшінен қалмаған оқу орны екен-ау деп топшыладық. Сосын оқу орнын таныстырып, бізге де әлгі «пакеттен» біреуін ұстатқан Ақерке Памирді сөзге тарттық. Ол оқу құнының 150 мың теңгеден басталатынын жеткізді. «Мирас» университеті жыл сайын талапкерлер арасында автокөлік ұтысын ойнататынын да естідік.

 

Басқа жекеменшік оқу орындары несімен таңдандырар екен деп келе жатқанымызда бірнеше әйелдің сөзге келіп тұрғанын естіп қалдық. Сөйтсек, бұл «Шымкент» университетінің Тассайдағы және «Жабық базар» аумағында орналасқан бөлімше ұстаздары екен. Түсінгеніміз, екі жақ екі бөлек талапкер жинайтын оқу орны өзара бәстесетін де көрінеді. Аталмыш оқу орнының «Крытыйдағы» корпусының ұстазы талапкерлерге оқу ақысын төмендеу айтса керек, екінші бөлімше бұған наразылық көрсетіпті.

 

«2009-жылдан бері осында жұмыс істеп келемін. Жылда дәл осылай студенттер жинаймыз. Оқу ақысын өз қалауыммен төмен айтатындай не көрініпті? Басшымыздың рұқсатынсыз ештеңе істемеймін. «Жылына – 120 мың» десем, тікелей сол кісінің бұйрығымен айтып отырмын. Осыны айтсам, олардың түсінгілері келмейді», – деді бізге сөзге келіп қалған ұстаздардың бірі.

 

Бұл жерден біз Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университеті мен тағы да басқа оншақты жоғары білім ұяларында бір жылдық оқу ақысы 130 мың теңге екенін білдік. «Парасат», «Фемида», «Авиценна» арнаулы орта білім беретін колледждерінің жылдық оқу ақылары 70 – 90 мың теңге аралығында екен.

 

Шымкенттегі Тілдер академиясындағы оқу ақысына 10 мың теңгедей қосылыпты. Шет тілдері бөлімінің ақысы – 200 мың, аудармашылық бөлімінің оқу ақысы 190 мың теңге екенін білдік.

 

Ал кейбір колледждердегі оқу ақысы өзгермеген. Шымкент техникалық колледжіндегі 9 мамандықтың барлығының оқу ақысы жылына 90 мың теңгеден, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің колледжінде 80 мың теңге күйінде сақталып тұр.

 

Осы ретте ақысы ең арзан оқу орны туралы да айта кетейік. Ол – «Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті». Оның ақысы жылына 100 мың теңге екен.

 

Ал мемлекеттік деген статусқа ие  М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Түркістан облысы Мемлекеттік академиясы (бұрынғы ОҚМФА), ОҚПИ-де білім алу үшін жылына 170 мыңнан 400 мың теңгеге дейін төлейсіз.

 

 Осы орайда айта кетейік, биылдан бастап сырт­тай оқу жүйесі тоқтатылды. Енді ауылда жатып, немесе жұмыс істеп жүріп сырттай оқи алмайсыз. Бұдан кейін кешкі оқу жүйесі бойынша өзіңіз таңдаған жоғары оқу орнына күнделікті барып, шынайы білім алып шығатын боласыз. Оқуды тауысқан соң дипломыңызға бакалавриат дәрежесі жазылатын болады.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ