Шымкентте пәтер ақысы тағы да қымбаттады

17.06.2018
Қаралды: 123

Жазда Шымкентте жалдамалы пәтер іздейтіндер қатары көбейе бастайды. Осыны білген жалға пәтер берушілер бағаны аспандататыны бар. Биыл да солай болып тұр.

 

Мегаполис атанғалы бері қаланың шеткі аумақтарындағы жалдамалы «времянкалардың» құны да көтеріліп кетті. Әлеуметтік жарнама сайттарында бұдан бір ай бұрын осы «времянкалар» 10 мыңнан 20 мың теңгеге дейін берілетіндігі жөніндегі хабарландырудан көз сүрінетін. Үй иесімен сөйлесіп, әңгіменің соңына қарай коммуналдық төлем жайлы сұрасаң, оның пәтерақының ішінде болатындығын айтып көңіл жайландыратын. Ал қазір «БАМ», «Қайтпас», «Самал», «Қазығұрт» және тағы басқа шағын аудандарда бұл ақыға 5 мың теңгеден қосылыпты. Мұны әрбір аялдамаға жапсырылған «Арзан бағада времянка бар» деген тілім қағазға жазылған нөмірлерге байланысып, егелерімен сөйлескенде де білдік.

 

Ал жарнама сайттарынан «Квартираға қасыма қыздар аламын» деген жазбаны да көптеп көруге болады. Сондай жарнама берген Жазира есімді келіншекпен байланыстық.

 

«Екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесіне қылтың-сылтыңы жоқ үш студент қыз аламын. Коммуналдық қызмет төлем ақысын қосқанда айына 15 мың теңге төлеп тұрса болды. Үйдің қасында университет бар, мектеп, балабақша, сауда үйлері мен кафелер көп. Ауламыз да тыныш», –  деп жылдам айтып өтті ол.

 

Осындай жарнамалардың бірінен «Делдалсыз квартира беремін» дегенді көзіміз шалды. Оған да байланыс­тық. Өзін Н. деп таныстыр­ған жігіт 8-шағын ауданда әрқайсысы бір және екі бөлмеден тұратын 4 пәте­рінің барын айтты. Бірақ бұл пәтерлер «суткаға» ғана беріледі екен. «Осынша пәтерлерге салық төлейсіз бе?» – деп сұрап едік: «Ақшам бір жемқордың қалтасын қампайтқанша өзім­де қалсын», – деген жауап алдық. Түнеуге пана іздегендер, әрине, осындай жерді жағалайды.

 

Қалтасының мүмкіндігіне қарайтындар көбінесе бір бөлмелі пәтер алады. «Колос», «Гүлжан», «Теріскей», «Шығыс», «11-шағын аудан» және тағы басқаларда пәтер ақысы айына 45 мың теңгеден жоғары. Ал дәл осы бағада 2 бөлмелі пәтер табыла қалса ол қаңыраған төрт қабырғадан басқа ештеңесі жоқ немесе әбден тозығы жеткен болып шығады. Ал жиһазы аса жаңа емес, әйтсе де таза пәтерлердің ақысы 2, 3, 4 бөлмелісі 70 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жетіп жығылады екен.

 

Бүгінде үйінде студенті бар отбасыларға тіптен қиын. Аспандаған оқу ақысынан бөлек, перзентінің тұратын пәтеріне, тамағы мен киім-кешегі, жолкіресіне титықтап жүріп ақша тауып беріп отырған ата-аналарға бір Алла сабыр берсін дейміз.

 

М. ДАНА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ