Франция ғалымдарын мойындатқан қазақ қызы

19.06.2018
Қаралды: 1925

Байлық тек дүниемен өлшенбейді. Өмірдегі ең басты қазына – денсаулық. Сол себепті басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ем іздеп алдына баратын дәрігерлердің қоғамда орны ерекше. Ақ халатты абзал жандарды адам жанының арашашысы деп бекер айтпайды. Олардың біліктілігі мен науқасқа деген қамқорлығы қашанда қажет. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жанның бірі – Жанар Төребаева. Ол кісі өзінің білімін сонау Еуропада, Франция елінде дәлелдеп жүр. Бүгінде ол Ренн қаласында тұрады. Франция медицина ғылымдарының докторы. Франция дәрігерлері жоғарғы аттестациялық Кеңесінің кеңесшісі. Басқа да маңызды, қоғамдық қызметтерді қоса атқарады. Таяуда бізге ол кісімен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

 

– Жанар ханым, әңгімемізді балалық шағыңыздан бастайықшы. Шетелдің ғалымдарын мойындатқан дәрігер Жанар бала күнінде қандай еді?

 

– Балалық шағым Алматы облысындағы Шелек ауылында өтті. Сол жердегі Абай атындағы орта мектепте оқыдым. Бірінші сыныптан үздік болдым. Бірақ бітірер сәтте мектеп басшылығының жемқорлығы кесірінен аттестатыма «4» түсіп қалды. Себебі сол заманда «Алтын белгі» алу үшін балалар мектеп директорына ат мінгізеді екен. Оны әке-шешем білмепті. Кеш естідік. Шыны керек, «Алтын белгі» алмағаныма сол кездері қатты қапаландым, жыладым. Бірақ кейін, жоғары оқу орнына түскенде өкінішім кішкене басылғандай болды. Тегінде адамның басындағы білім бағамен өлшенбейді ғой. Аттестаттағы «төрттік» менің ең жақсы деген оқу орнында жоғары білім алуыма еш кедергісін тигізбеді.

 

Медицина саласын таңдадым. Емтиханды «өте жақсы» деген бағаға тапсырып, «Ұлттық кадр» бағдарламасы бойынша Ленинградтағы медициналық педиатриялық университетке жолдама алдым. Небәрі он студентке берілетін мүмкіндіктің бірі осылайша менікі болды. Қалғандарының бәрі профессор, академиктердің балалары. Бәрі орысшаға судай. Арасында мен-ақ қазақша білім алғанмын. Ауылдың қызымын. Бірінші курс маған қиынырақ болды. Дегенмен талап пен еңбектің арқасында 1990-жылы Ленинградтағы оқу орнын «4» пен «5»-ке бітіріп шықтым. Бірге барған 10 студенттен үшеуіміз ғана диплом алдық, қалғандарының кейбірі түрлі себептермен оқудан шығып кетті, кейбірі Алматы мединститутына ауысты. Себебі ол кезде Мәскеу мен Ленинградтағы медицина университеттерінің дәрежесі мен талабы өте жоғары болатын.

 

Ал енді ата-анам жөнінде айтар болсам, ол кісілер – Шелек тұрғындарының арасында зор беделге ие болған жандар. Әкем – инженер, анам Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен, «Қазақстанның ардагер ұстазы» атағын алған. Біздің сабақты жақсы оқуымызға анамның ықпалы зор болды. Отбасымызда төрт перзент болсақ, соның үшеуі мектепті үздік бітірді. Бірақ, өкінішке қарай, 1996-жылы інім бұзақылардың қолынан қаза тапты. Сол кездері заман қиын, экономикалық жағдай өте ауыр еді ғой. Ақшасын тартып алмақ бол­ғандар мерт қылды. Бұл жағдай біздің отбасымыз үшін ауыр соққы болды. Болашағынан көп үміт күттіретін, алғыр, қабілетті, адамгершілігі мол жігіт еді. Амал нешік... Қалғандарына ғұмыр берсін деп тілеймін. Қазір Алматыда ата-анам, бауырларым, жиендерім өмір сүріп жатыр.

 

– Ал сіздің медицина саласын таңдауыңызға не себеп болды?

 

– Менің анам ата-анасының жалғыз қызы болған. Нағашы атам соғыс кезінде Талғар ауданындағы Фрунзе ауылында қызмет еткен. Өзіңіз білесіз, ол кездегі жағдай өте ауыр еді, ер-азаматтарымыз ауыр тірлікке салынып, бейнетті көп көрген. Атамыз соның зардабын тартып, соғыс бітер жылы жүрек ауруынан қайтыс болыпты. Кейіннен әжеміз бізбен бірге тұрды. Анамның алаңсыз жұмыс істеуіне, ұстаздық етуіне сол кісінің қосқан үлесі зор. Біздерді бағып-қақты. Мен әжемнің қызы болдым. Ол кісі мені ерекше жақсы көретін. Жасы 70-тен асқанда қант диабеті деген дертке шалдықты. Ауруының асқынғаны сондай, күндердің күнінде «комаға» түсіп, бір аптадай ес-түссіз жатып қалды. Сол кезде қатты қиналдым, әжемнен айырылып қалам ба деп ойладым. Бірақ көрер жарығы бар екен, есін жинады. Осы жағдайдан кейін мен дәрігер болам деп алдыма мақсат қойдым. Анам да: «Бұл өмірде ең маңызды екі мамандық бар, бірі – мұғалімдік, екіншісі – дәрігерлік», – деп айтып отырушы еді. Содан мен егер мұғалім болсам, дәрігер ретінде еңбек ете алмаймын, ал дәрігерлікті таңдасам, онда болашақ дәрігерлерді даярлауда дәріс бере аламын деп ойлап, екіншісін таңдадым. Бұл шешімім үшін еш өкінбеймін.

 

– Ауылдан шыққан қарапайым қазақ қызы Францияға қалай тап болды?

 

– Ленинградтағы университетті ойдағыдай тәмамдап, мемлекеттік емтиханды жақсы бағаға тапсырып бол­ғасын университеттегі профессорлар: «Осында қалып, интернатурадан өтуіңе, сосын жұмысқа тұруыңа мүмкіндік бар», – деп ұсыныс білдірді. Бірақ анам елге қайт дегесін Алматыға келіп, облыстық балалар ауруханасында интернатурадан өтіп, жақсы баға алдым. Содан соң аспирантурада оқығым келді де, Ұлттық ғылым академиясындағы физиология институтына құжат тапсырдым. Оны да тәмамдап, медицина ғылымдарының кандидаты, PhD дәрежесін абыроймен қорғап шықтым. Сөйтіп жүргенде француздың Шеналь деген профессоры келіп, өзіне жақсы аспирант іздейді. Мынау Семей мен Чернобыль зардаптарының адам денсаулығына зияны жайлы халықаралық жоба жазу үшін. Ұстазым мені айтып, екеумізді таныстырады.

 

Мен физиология институтында иммунологиялық әдіспен эндокринология­лық гормондарды анықтайтынмын. Профессор Шеналь: «Францияның Ренн қаласындағы университеттегі молекулалық биология лабораториясына барып бір жылдық білім алып, іс-тәжірибеден өтіп кел. Әрі тіл үйренесің, бірлесе жұмыс істеуіміз үшін бұл өте маңызды», – деді, сөйтіп ол кісі шетелде білім алуыма мүмкіндік жасады. Бірақ ол кезде заман қиын еді, Ғылым академиясындағылар менің біліміме қаржы бөле алмады. «Өз күшіңмен оқимын десең мейлі», – деді. Қарызданып-қауғаланып Францияға келдім. Алты айдан соң француз ғалымдары шәкіртақы тағайындады. Арада біраз уақыт өткенде бір профессор интернатурадан өтуге мүм­кіндік берді. Бұл шалғай елден келген, Францияда ешбір туыс-туғаны жоқ мен үшін үлкен қуаныш еді. Мүмкіндікті мүлт жібермей, тәжірибемді арттырып алайын деп шештім.

 

Сол кездері менің жасым 30-дың төңірегінде еді. Ойламаған жерден қазіргі жолдасымды жолықтырдым. Француз азаматы. Алтындай екі пер­зентіміз бар. Қызымның аты – Камила, ұлым – Этьен. Екеуі де білімге құмар. Ең жоғары дәрежедегі білім ордасында оқиды. Жолдасымның есімі Жан-Ив. Жартылай қазақ болып кетті, барлық салт-дәстүрімізді «беске» біледі.

 

– Франция дәрігерлері Жоғарғы аттестациялық кеңесінің кеңесшісі қызметіндесіз. Ол нақты немен айналысады? Жалпы, Францияда медициналық қызмет көрсету сапасы мен бағасы қандай?

 

– Медициналық 6 жыл білім алған студенттер таңдаған саласы бойынша 4-5 жыл бойына интернатурадан өтуі тиіс. Соның соңғы 2-3 жылын медицина докторы дәрежесін қорғау үшін диплом жазуға арнайды. Оны қорғап болғасын біздің Аттестициялық кеңеске келіп Гиппократ антын береді. Содан кейін ғана біз оларға дәрігер ретінде жұмыс істеуге рұқсат етеміз. Біздің кеңес сондай-ақ дәрі­герлердің ары қарайғы карьерасын бақылап отырады. Жалпы, бұл кеңестің Франция үшін маңызы зор. Оған мүше болу үшін сайлауға түсуің керек. Мәселен, Францияда 13 аймақ болса, әр аймақтан бірнеше кандидат өтініш білдіреді. Оған медицина саласында еңбек етіп жүрген білікті мамандар дауыс беріп, сайлайды. Ең алғаш 2015-жылы сайландым. Екінші сайлау биыл өтіп, тағы да кеңестің мүшелігіне қабылдандым.

 

Ал енді медицина сапасы мұнда өте жоғары дәрежеде. Халқы да талапшыл. Дәрігерлер қате диагноз қоймақ түгілі, дұрыс көңіл-күймен қарсы алмаса да шағым түсіреді. Сондықтан мамандар этиканы, деонтологияны қатаң ұстануға, берген антына адал болуға тырысады.

 

– Жанар ханым, осы ретте біздің елден Францияға барып ем алғысы келетін кісілерге бірер кеңес бере кетіңізші. Емделушілер мен демалуға барғандар ең алдымен нені білуі тиіс?

 

– Бірінші мынаны білу керек: Францияға өзге елден келіп емделу өте қымбатқа түседі. Өкінішке қарай, қазір бұған тек байлардың ғана шамасы келеді. Бірақ Қазақстанда жоқ, мысалы, онкологиядағы кейбір химиотерапия, гамматерапия секілді түрлерін кез келген адам осы жақтан алуына болады. Қазақстанда онкологиялық ауру­ларға қатысты түзілген арнайы бағдарлама болуы керек. Яғни дамыған шет елдермен конвенция жасалған. Сондықтан шет елден ем алу мүмкін­дігін жергілікті аумақтағы учаскелік емхана дәрігерлерінен немесе Денсау­лық сақтау министрлігінен сұрастырса болады. Ал енді маман ретінде мен қандастарыма жүрек-қан тамыры аурулары, ортопедия секілді салалардағы дерттерді емдеу Қазақстанның өзінде де жақсы дамығанын айтқым келеді.

 

Егер қандай да бір жағдаймен шетелге барып емделер болса, нау­қас адам міндетті түрде қасына бір кісіні ертіп алғаны жөн. Онкологиялық дертке шалдыққандар үшін көмекші ауадай қажет болады. Сосын елден шығарда медициналық сақтандыру қағазы болса, жақсы. Шетте жүргенде қаражаттан қысылуы мүмкін, медициналық сақтандыру ақшаны үнемдеуге септігін тигізеді. Онда да алаяқтарға ұрынбау жағын ойласын, тәжірибесі мол, сенімді компанияны таңдасын.

 

Өзге елдердегідей Францияда да жылына екі рет «сольд», яғни жаппай жеңілдік науқаны болып тұрады. Мәселен, дәл қазір, шілде айында жаздық киім-кешекке түрлі жеңілдіктер жасалуда. Сосын ақпан айында сауда жасаған жақсы. Арзан бағаға сапалы әрі сәнді киімдер алуға мүмкіндік бар. Бірақ турист ретінде жазда келу тиімсіз. Қымбатқа түседі.

 

Айтпақшы, үлкен қалаларда ұрлық-қарлық жиі орын алады. Сондықтан Парижге барғанда әмияныңызға, қалтадағы ақша мен құжаттарға абай болу керек. Бұл жақтың ұрылары түр-әлпеті қытай, жапон, жалпы, Азия халқына ұқсайтын кісілерді тонауға әуес. Оларда ақша көп болады деп есептейді.

 

– Сізді геронтология саласындағы Францияның озық тәжірибесін Қазақстанға енгізбек ниетпен арнайы жоба жасады деп естідік. Осыған аз-кем тоқтала кетсеңіз...

 

– 2013-жылы Нант қаласында онкогериатрия саласы бойынша мамандығымды қорғадым. Жалпы, осы салада тәжірибем өте көп. Сосын неге осы сала бойынша диплом алмасқа деген ой келді. Бір жыл оқыдым. Диплом қорғар кезде тақырыбымды Қазақстанның медицинасына арнайын деп шештім. Сөйтіп Қазақстандағы медицина саласының күннен күнге дамып келе жатқанын, жақсы мамандар барын әңгімеледім. Елбасының бастамасымен қолға алын­ған онкологиялық бағдарламаларға тоқталдым. Зерттеу жұмыстарын жүргізіп Қазақстанда гериатрия саласын дамыту керек деген ұсыныс айттым. Профессорлар менің бұл еңбегімді өте жоғары бағалады, олар Қазақстандағы бағдарламалардың халықаралық дәрежеде жүргізіліп жатқанына таңқалды. Сосын мен елшілік арқылы өз жобамды Қазақстандағы әріптес­теріме жолдадым. Бірталай ұсыныстар айттым. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстандағы гериатрия қауымдастығының басшылығындағы кейбір кісілер бағдарламамды алған соң: «Жоқ, бізге өмірді ұзартатын лабораториялық дәрі­гер керек, сіз секілді клиникалық дәрігер керек емес», – деп жауап бере салыпты. Шамасы, дайын жоба, кейін өзіміз дамытып аламыз деп ойлаған болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, оның Қазақстандағы медицинаға мүлдем жаны ашымаған болып тұр ғой. Обал болды.

 

– Сіздіңше жақсы дәрігер деген қандай болуы тиіс?

 

– Дәрігер өте білімді болуы керек, оның салғырттық танытуға құқы жоқ. Сондықтан бұл саланы шын қаламаса, сүйе білмесе, онда дәрігер болмай-ақ қойғаны дұрыс. Дәрігерлік 6-7 жылдық біліммен шектелмеуі тиіс, күніне бір жаңа нәрсені меңгеріп, тәжірибесін дамытып отыруы қажет. Қазақта «Дәрі­гердің жақсы сөзі – жарты ем» деген сөз бар. Қаншалықты мейірімді, жылы жүзді болсаңыз, соншалықты еңбегіңіз жемісін береді. Дәл қазіргі таңда медицина саласында білім алып жүрген жастар осыны білсе екен деймін.

 

– Ренн қаласынан «Алматы» саябағын ашуға атсалысқаныңызды білеміз. Абайдың ескерткішін орнаттыңыз...

 

 – Алматы мен Ренн қаласы 1991-жылдан бері бауырлас қала ретінде жұмыс істей бастады. 2011-жылы біздің комитет 20 жылдық ынтымақтастықтың құрметіне Ренн қаласындағы бір көшеге Алматының атын беруді сұрадық. Бірақ көше емес, саябақ бұйырды. Ол үшін өте қуаныштымыз. Сая­бақ өте керемет енді, үлкен канал ағып тұр, субұрқақтары бар. Ашылуына Алматының әкімшілігінен біраз қонақтар келді. Концерттік бағдарламаларын ұсынды, апорт алмасының көшетін әкеліп отырғызды.

 

Сол кезде мен Алматы – Ренн бауырлас қалалар қаумдастығының вице-президенті едім. 2013-жылы Ренн қаласының мэріне «Алматы» саябағының ішіне Абай атамыздың ескерткішін орнатуға рұқсат сұрадым. Олар оңайлықпен келіскен жоқ. 2014-жылы  мен қауымдастық президенті болып сайландым. Біраз тер төгуге, конференциялар, көрмелер өткізуге тура келді. Абай Құнанбайұлының кім екенін, оның қандай еңбегі барын халыққа түсіндіруге барынша тырыстым. Сондай еңбектің арқасында 2016-жылы Абай атамыздың ескерткішін орнаттық.

 

– Елге келіп, жинаған тәжірибеңізді осында бөлісу ойыңызда бар ма?

 

– Биыл менің медицина саласындағы еңбек өтіліме 18 жыл болды. Осыдан 5 жыл алдында елге барып, сонда еңбек етсем деп ойладым. Туған еліме пайдамды тигізсем, қарт­тарымыздың сапалы өмір сүруіне, ұзақ жасауына үлес қоссам деген ниет болды. Бірақ, жаңа айтып өткенімдей, жобаларымды Қазақстандағы әріптес­терім қолдамады, ұсыныстарымды қабылдамады. Менің ендігі сенімім Елбасында болып тұр. Менің бірегей жобамды тек сол кісі көріп, білсе ғана қолдайды, жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген ойдамын. Егер елден жағдай жасалса, менің дәрежеме, еңбек тәжірибеме лайықты қызмет ұсынылса, онда барар едім.

 

– Жанар ханым, абыройыңыз арта берсін, аман болыңыз!

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ