Шымкент қаласының әкімі орынбасарларын тағайындағанда дұрыс таңдау жасады ма?

18.06.2018
Қаралды: 245

Шымкент қаласының әкімі  аппарат басшысы мен 5 орынбасарын тағайындады. Олар кімдер? 

 

Олар мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, экономика саласында, жеке меншік компанияда жұмыс істегендер (маркетинг, PR) мен индустрия, банк, коммуналдық саланы басқарғандардан құралды.

 

Экономист бар жерде банкирдің керегі не? Біздегі банктер тек өзіне жұмыс жасайды. Олар әкімдіктерге бағынбайды. Олардың халыққа зияны болмаса, пайдасы жоқ. Яғни қос-қостан бір саланың адамдарын қызметке алу бізге қажет пе? 5 орынбасарының да еңбек жолымен танысқаннан кейін айтып жатырмын.

 

Неге әкім Елбасының цифрландыру саясатын жүзеге асыру үшін халыққа 746 қызмет түрін көрсететін саладан бір маманды алмады? Әр саланың басында қадағалап, қолға алатын басшы отырмаса, сол сала ақсайды емес пе? 

 

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы» жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанды цифрландыруды, оның халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. 

 

Алайда бүгінде халық өзіне қажетті үйінде отырып алатын анықтаманың өзін Азаматтарға арналған үкіметтен (ХҚКО) барып алады. 

 

Шымкентте әр аудандық Азаматтарға арналған үкіметтен (бұрынғы ХҚКО, ЦОН) күніне 400-ден 600-ге дейін азаматтар анықтама алу үшін ғана келеді екен. 

 

Азаматтарға арналған үкімет қызмет­керлерінің міндетіне халыққа анықтама шығарып беру кірмейді. Бірақ олар шығарып беріп жатыр, себебі халық оларға: «Біз білмейміз, сендер халыққа қызмет көрсетушісіңдер», – деп міндет­сінеді. 

 

Неге бізде мектептегі оқушыдан бас­тап, колледж, ЖОО-ның студенттеріне электрондық құжат айналымын үйретуді міндеттемейміз? Бүгінде, шүкір, әрбір үйде кемінде екі-үш бала және қолжетімді интернет бар.

 

Қарапайым халықты қойғанда, мемле­кеттік қызметкерлердің өзі электронды құжат айналымын білмейді. 

 

Сенбесеңіз, мамандарыңыздың барлығынан e.gov-та жұмыс істеуін тексеріп көріңіз. Ол тек әкімдікте ғана емес, барлық мемлекеттік, құқық қорғау, бюджет салаларының барлығында солай.

 

Әкім ең бірінші халыққа қолайлы жағдай жасауы керек. Яғни мемлекеттік қызмет сапасын арттыруды, оған қолже­тімділікті, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы халықтың хабардар болуын қамтамасыз етуі қажет.

 

Сондай-ақ халық үнемі орталық маман­дарының қызметіне көңілі толмай, қызмет көрсету сапасын сынап жатады.

 

Неге 746 қызмет түрін көрсететін мамандардың 60 мың теңге айлық жалақысын көтеруге ықпал жасамайсыздар? Содан кейін ғана сапалы қыз­метті талап етіңіздер.

 

60 мың теңге айлық алатын адамнан жұмысты талап етудің өзі ұят сияқты. Жұмыспен қамту бөлімі, орталығы бар-жоғы 60-қа жетпейтін қызмет түрін көрсетеді, айлықтары 80 мыңнан жоғары. Екеуінің жұмысын салыстырып көрдіңіздер ме? 

 

Цифрландыру – бүгінгі заман талабы. Ол талапқа біз әлі дайын емеспіз. Бізде мен білетін бір саланың өзінде осындай қиындықтар бар. Бұл мәселені қолға алып, халықтың цифрлы Қазақстан деген атқа сай болуына ықпал жасасаңыздар дейміз.

 

А.ЖАУЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ