Әмірхан ШҮМЕНОВ: «Бейбіт бұл жеңіске өз күшімен жетті»

18.06.2018
Қаралды: 1146

Кәсіпқой боксқа оралған жерлесіміз Бейбіт Шүменов бірінші ауыр салмақта WBA чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Ол Астанада өткен бокс кешінде түрік боксшысы Хизни Алтункаяны 10-шы раундта ұтты. Осы ретте біз Бейбіттің әкесі Әмірхан Шүменовпен байланысқа шығып, тілдескен едік.

 

– Әмірхан мырза, Бейбіт балаңыздың жеңісі құтты болсын! Боксшымыздың қазіргі көңіл-күйі, жағдайы қалай?

 

– Бейбіттің жағдайы өте жақсы. Көтеріңкі көңіл-күйде. Жалпы, Бейбіттің көзіне екі мәрте операция жасатқанын білетін шығарсыздар. Содан боксты тастауға мәжбүр болған. Дәрігерлер рұқсат бермеген еді. Басқа салада еңбек етемін деп шешкен болатын. Бірақ кейін көзі жақсы болды, жазылды. Әбден тексеріліп, толықтай жазылып кеткеніне көзі жеткесін баяғы әуеніне қайта басып: «Мен боксқа қайта ораламын. Екі салмақ дәрежесі бойынша үш дүркін Әлем чемпионы болдым. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Тағы екі-үш рет Әлем чемпионы атағын алғым келеді. Бокс тарихында атым қалса деймін», – деп өз ойын айтты. «Қой» дегенімізді тыңдамады. Бала күннен спортпен айналысып жүргесін тастап кете салу қиын екен. Шешіміне қарсы келе алмадық.

 

Осылайша бәріміз бокстың төңірегіне қайта жиналдық. Ол туралы, біздің отбасы туралы деректі фильм шығарылды. Біздің Бейбіт халыққа көп көріне бермеген ғой, көбіне Лас-Вегаста жүрді. Содан кейін бе, Бейбіттің боксқа қайта оралғанын бүкіл халық қолдап кетті. «Сенің дәрежең Головкиннен кем емес. Жеңіске жететініңе сенеміз!» – деп үміт артты. Міне, соның арқасында біз жеңіске жетіп отырмыз.

 

Осы ретте айта кетейін, «Бейбіттің әкесінің базары бар. Қарсыласты сатып алған» деген әңгіме айтылуы мүмкін. Оның бәрі бос сөз. Бейбіт кілең «Әлем чемпоны» атағын алған боксшылармен жекпе-жекке шығады. Ал ондай атағы барлар ақшаға сатыла ма? Оларға да абырой керек қой. Бейбіттің әр қарсыласын сатып ала беру деген сөз миға қонбайды дегім келеді.

 

– Осы жекпе-жектің қарсаңында Астана қаласынан бүкіләлемдік бокс ассоциациясының штаб-пәтері ашылады деген жаңалық естідік...

 

- Иә, Қазақстанда алғаш рет бүкіл ТМД елдері бізге кіретін конвенция өткізілді. Бүкіләлемдік бокс ассоциациясының кеңес мүшелері арнайы келіп, жиналыс өткізді. WBA президенті Жилберто Мендоза деген кісі қазақстандық боксшылардың әлемдік тұрғыда жоғары нәтижеге жетіп жүргенін, алдағы уақытта да кәсіби боксты дамыту мақсатында штаб-пәтер ашылатынын айтты. Шындыққа тіке қарар болсақ, штаб-пәтердің ашылуының Бейбітке түк те пайдасы жоқ. Ол елге керек. Қаншама спортшының жұлдызының жануына септігін тигізеді.

 

– Қаржыны қайдан алдыңыздар?

 

– Мәдениет және спорт министрлігі «500 мың доллар бөлінеді» дегесін WBA-ға ақша төлеп, санкция алып қойғанбыз. Делегацияға да шақырту жіберіліп, өткізілетін уақыты, орны – бәрі-бәрі белгіленіп қойған еді. Бірақ сол қаражат жағы кешеуілдеп жатыр. Астананың әкімі Әсет Исекешов 40 миллион теңге бөлді. Дегенмен ол дегеніңіз теңізге құйған тамшыдай болды. 

 

– Ал осы іс-шараларды ұйымдастыруға, жекпе-жекті өткізуге бас-аяғы қанша ақша кетті? Шыққан шығынның орны толды ма?

 

– 500 мың доллардан асып кетті. Шығын өтелген жоқ. Жекпе-жекті өткізетін компания билеттерді сатылымға шығарған, бірақ ол өтпеді. Сосын мен 3 мыңнан астам билетті халыққа тегін тараттым. Зал бос болмасын деп.

 

Жалпы, осы ретте айтарым, біздің Қазақстанда кәсіпқой боксты түсінетіндер жоқ екен. Бағалайтындар өте аз. Ал АҚШ-та мүлдем басқаша. Олимпиада чемпонына қарағанда кәсіпқой боксшыларға деген құрмет басымырақ. Себебі олар кәсіпқой бокста қаншама еңбек, маңдай тер барын біледі.

 

– Билеттердің құны қаншадан болды?

 

– Арзымайтын теңге тұрды. 2 мың ба, 3 мың ба... Солай енді...

 

– Демек, шығынның бәрін өзіңіз көтердіңіз ғой?

 

– Амал жоқ, солай етуге тура келді ғой. Оңайға түспеді. Қиналып қалдық. Намысқа тырыстық қой былайша айтқанда. 

 

Қысқасы, ұйымдастыруы бар, басқасы бар, бәріне өзіміз жүгірдік. Бейбіт те тынған жоқ. Түнгі 3-4-ке дейін ұйқы көрмей кетті. «Балам-ау, шаршадың ғой. Қайтіп бокстасасың? Ұйықтап ал!» – деп шыр-пыр боламыз. Ал ол: «Уайымдамаңыздар, супер ауыр салмақтағы адамды құлатуға шамам келеді», – деп өз-өзіне сенімді екенін білдірді. Қарсыласы да оңай адам емес, 30 мәрте жекпе-жек өткізіп, оның 17-сін нокаутпен жеңген. Бірақ кешегі жекпе-жекте алғашқы раундтың аяқталуына бір минут қалғанда Бейбіт оның бүйірінен ұрған. Қабырғасы сынып кеткен екен. Сонда да мықтылығының арқасында 10-шы раундқа дейін шыдап бақты. Жекпе-жек біткесін біздің жігіттер ауруханаға апарып, медициналық көмек көрсетті. Шар үрлепті. Бетінің сау жері қалмаған, дап-даласы шығып кетіпті.

 

– Енді алдағы жоспарларыңыз қандай?

 

– Бейбіт өзінің промоутерлік компаниясын дамытсам, оншақты қазақ жігітін тартып, оларды чемпион етсем деп отыр.

 

Ал дәл қазір біз әлі Астанадамыз. Елбасы Бейбітті қабылдайды деген хабар келді. Соны күтіп отырмыз. Ол кісі Бейбіттің кешегі жекпе-жегін тікелей эфирден тамашалапты. Біз үшін бұл үлкен құрмет. Қуанып қалдық.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ