Арақ сатпайтын ауылдар көбеюде

13.06.2018
Қаралды: 324

Таяуда Ордабасы ауданында ел зиялыларының басын қосқан жиын болып өтті. Онда арақтың елімізге, келешегімізге қаншалықты қауіпті екендігі кеңінен сөз болды. Аудандық соттың төрағасы Құнанбай қажы Мұсаевтың бұл туралы келтірген дәлелдері адамның төбе құйқасын тітірентерліктей еді.

 

 

Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысына қатысушылар аудан халқына арақ пен темекіден, есірткіден бас тарту жөнінде үндеу жариялады. Бұл игі іс көпшіліктен қолдау тауып, әр ауылдарда осы бағытта қызу жұмыс жүргізіле бас­тады. Әсіресе, арақтан бас тартқан Жусансай ауылында ішімдіктің кесірінен болатын  қылмыс атау­лы көптен бері «келмеске кеткен» екен.

 

Бұл бастаманы кешегі күні Көктөбе мен Қайнар ауылдарының тұрғындары қолдаса, енді бүгін Аманкелді ауылында үлкен іс-шара өткізілді. Алаңға орнатыл­ған үлкен сахнаға шыққан ақындар аудандағы осынау игі іс-шараны бастаған азаматтардың барлығына алғыс айта келе бұл сауапты жұмыстың жалғаса бере­тініне сенім білдірді.

 

Келесі кезекте ақындар айтысы болып өтті. Цирк әртістері де жиналған көпшілікті өнерлерімен тәнті етті. Аудан басшылары мен мешіт имамдарының ғибратты әңгімелері де келген жандардың жүрегінен орын тауып жатқаны талассыз еді. Көпшілікке арнап дастархан жайып, хадис сөздері жазылған тегін лотерея билеттерін үлестірген, осы іс-шараны өткізуші (атын атамауды өтінген) азаматтарға айтар алғысымыз шексіз!

 

Осылайша аудан зиялыларының үндеуіне үн қосқан Аманкелді ауылында енді «ішкілікке орын жоқ» деп бәтуаласты. Жиын соңында лотереядан бағалы сыйлық ұтқандардың да қуанышында шек жоқ болатын. «Күштілігіңді көрейін, біреуді қуантшы» деген осы болса керек.

 

Ордабасы ауданындағы жүріп жатқан ішкіліктен бас тарту үрдісі өзгелерге де үлгі болады деп сенеміз.

 

Бөріхан қажы БАЙМҰСАҰЛЫ,

аудандық қажылар

қауымдастығының төрағасы.

Бөріхан қажының байланыс телефоны:

8-701-773-47-51.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ