«Қазақстанның Құрметті азаматы» атағын 1 миллион 750 мың теңгеге сатып жатыр

16.06.2018
Қаралды: 482

«Естімеген – елде көп» демекші, бүгінде жұртшылық Қазақстанда орын алған бір ерекше жай туралы естіп, таң­қалып жатыр. Ресейлік бір пысықтар біздің елімізде «Қазақстан Республикасының қоғамдық марапаттар мен атақтар комитеті» деп аталатын жеке меншік мекеме құрып алыпты, ол үш жылдан бері еліміздің адамдарына «Қазақстанның Құрметті азаматы» деп аталатын атақ үлестіріп келіпті. Тегін емес, қыруар қаржыға. Әлгіндей атақ берілген адам 1 миллион 750 мың теңгеге тиісті төсбелгіні сатып алуы керек болады екен.

 

Бұл «қоғамдық комитет» еліміздегі қандай да бір іс-әрекетімен көзге түсіп жүрген азаматқа: «Сізді айрықша кәсіби жетістіктеріңіз және экономиканы дамытуға қосқан жеке үлесіңіз үшін «Қазақстанның Құрметті азаматы» орденімен марапаттаймыз. Көптеген үміткерлердің ішінен Сізді таңдадық», – деген тұрғыда хат жібереді. Ал «Қазақстанның Құрметті азаматы» болғысы келген адам бұл ұсыныс-хатты қабыл алған жағдайда оларға өзінің мекен-жайын, жұмыс орнында қанша қызметкер істейтінін, телефон нөмірін, банктегі есеп-шотын көрсетіп жауап жазады, сосын орден үшін тиісті қаржыны аударады. Марапаттау рәсімі эстрада жұлдыздарының қатысуымен, салтанатты жағдайда өткізіледі, орденді алуға Астанаға барған адам қымбат қонақүйге орналастырылады екен. Яғни аталған сомадағы ақша осындай іс-шараларға жұмсалады деседі.

 

Қысқасы, Қазақстаннан осындай «ғажайып» мекеме ашып алған шетелдік «Қоғамдық марапаттар мен атақтар комитеті» осы уақытқа дейін 150-ден астам адамды «Қазақстанның Құрметті азаматы» атандырып тастапты. Осылардың бірен-саранына ғана атақ тегін бұйыр­ғаны болмаса, басым бөлігі шын мәнінде еш маңызы жоқ атақты еш қиналмай, қуана сатып алыпты.

 

...Мұны біздің қоғамға атаққұмарлық дерттің дендеп еніп кеткенінің бір үлкен көрінісі демеске шара жоқ. Елдегі кейбір азаматтардың арзымайтын атақ үшін ақшаны судай шашып, оған қол жеткізу жолында ар-ұят атау­лыны шетке ысырып, жолындағының бәрін таптап кетуге даяр тұратынын, салпыншақ атаулыны ала берсем, ала берсем деп, алғанын алды-артына түгел тағып тастауға әзір екенін бұрын-соңды талай көріп те жүрміз. Осыны ресейлік пысықайлар шебер пайдаланып отыр екен. Бұған не дерсіз?

 

Елімізде орын алып келген осы бір жағымсыз жай бүгінде жұртшылықтың ашу-ызаға толы пікірлеріне «азық» болып жатыр. Әлеуметтік желіде жарияланған олардың бірқатары төмендегідей.

 

Маржан Қуанышқызы: Бұл – атаққұмарларға арналған шара. 2015-жылдары «Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы» белгісімен,  2016-жылдары «Тал­ғат Бигелдинов» медалімен, «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов» медалімен марапатталған деп шаруа қожалығының басшысы өзінің автобиографиясын кітапқа жаздырған. Әскери борышын қарапайым солдат болып атқарған азамат жоғарыдағы адамдардың атындағы медальмен қалай марапатталады? Ол медальдар да сатып алынған ба? Түсініксіз...

 

Make Sadu: Сатып алған құрметтің қадірі жоқ. Ондай құрметтен елдің қарапайым азаматы болу мың да бір артық.

 

Ай Сар: Бұл атақты 2 жыл көлемінде мемлекеттік емес мекеме сатып келе жатыр. Бізге де ұсынған. Бизнесмендерге ақшаға береді.

 

Темірлан Тоқтабеков: Намыс қайда?! Сатып алғандары қалай? Оның үстіне Ресей компаниясы екен, орыстар надандардың арқасында ақша жасап, сыртымыздан мысқылдап жүрген шығар.

 

Серікбол Әбдіраманов: Айтар­ға сөзім жоқ! Осының өзін саудаласа біздің елдің кейбір басшыларында патриоттық сезім қалмағаны ғой.

 

Бауыржан Қалжан: Бір жапырақ қағаз емес, ел-жұрт құрметтесе болды емес пе? Тығатын жеріңе тыға сал.

 

Нұрман Мәжеков: Ақымақтар көп, миы жоқтар бар.

 

Светлана Асылбайқызы: Небір ақымақтар бар екен ғой!

 

Дайындаған – Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ