«Рюмке» соғыстырған әже, мықынын бұраңдатқан қыздар...

13.06.2018
Қаралды: 707

Тойшылдықтан жер-дүниеде бізбен бәсекелесе алатын ел жоқ шығар. «Шілдехана, бесік той, тұсау кесу, сүндет той… а-ай, шіркін-ай!» – деп, бірінен соң бірі жалғасып жүре беретін шаңырақ қуанышын еселеп, дүркіреген тойға айналдыруға құмармыз.

 

Ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжаттың басын қосып, жақсылықты жария еткен жақсы-ақ. Әйтсе де соңғы жылдарда қай тойға болмасын батыстық әдеттер еніп жатыр. Асабалар жұртты күлдіремін деп бейәдеп әңгімелер айтып, анайылау ойындар ойнататын болды. Әлеуметтік желілерде ішімдікке елтіп, етек-жеңіне ие бола алмай, ерсі әрекеттерге жол беріп жүрген қыз-келіншектер мен ер-азаматтардың дарақы тірліктері түсіп қалған видеолар қаптап жүр. Алғашында жаға ұстайтын едік, қазір оған етіміз өліп кетті ме, бұрынғыдай қанымыз басқа шаппайтын болған секілді. Мұндайларды түзей алмасымызды білген соң үндемейміз-ау.

 

Маусым айының  соңында екі той, бір банкетке барып қайтқан едік. Сонда дені сап-сау бойжет­кендердің ашық-шашық киіммен елдің алдында ерсілеу билегенін көріп, өзіміз ұялдық. Ал олардың ойына ұят деген сөз кіріп те шықпайтын секілді.

 

Маған тойдың шымылдығын бимен ашатын кейбір бишілердің киімі, қимыл-қозғалысы ұнамайды. Мысалы, таяудағы бір мерекенің салтанатты ашылу рәсіміне арналған ән қойылып, ортаға қара түсті жабысқан шорты, оның ішінен «лосины» киіп, қыздар жүгіріп шықты.  Сахнаның қақ төрінде, аяқтарын қайта-қайта «шпагатқа» отырғалы жатқандай талтайта берген, мықындарын бұлтыңдатқан қыздар қатарынан үш мәрте билеп кетті. Басқалар қол соғып жатқан, мүмкін ұнаған шығар, ал бізге ол тіпті де сорақы көрінді. 

 

Ал кешегі аптада болған бір сүндет тойда әулеттің жасы 75-тен асқан әжесі келген қонақтардың барлығын «күтіп» жүргенін көрдік. Әйгілі «жүз граммен». Әр үстелге жеке-жеке тоқталып: «Алып қой!» – деп, қонағы ішпесе: «Не, ең құрығанда жасымды сыйламағаның ба?!» – деген сөздерімен жұрттың назарын өзіне аударуда.

 

Той жасап, қонақ күту де бір ерлік қой. Әйтсе де дардай әйел кісінің әже атанған уақытта стакан ұстап, осылай «ерлік» жасауы көзге оғаш, көңілге ерсі болды. Қонақпен бірге өзі де қағып салып, келесі үстелге қызара бөртіп бара жатқанына қынжылдық. 

 

Бала кезден санамызда жатталып қалған ертегідегі әже деген әдемі ғана бейнені осындай көріністер өшіріп барады. Ақыл айтып, біреуді түзеуден аулақпыз. Бірақ жасы келген кісінің осы жүрісі жанымызға аяздай батты. Белі бүгілсе де, шашын ақ басса да жастармен жарыса арақ ішкен апаның орнында болмай-ақ қояйық, бұлай қонақ күтуден Алла сақтасын! 

 

Менталитетімізге жат, келер ұрпақ алдында ұялтатын дарақылықтар күн­дердің күнінде ұмытылар немесе қазіргі уланған қоғам мұны да тез сіңірер. Бірақ бұлай жалғаса берсе күніміз не болмақ?

 

А. МЕДЕУБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ