Ақшаның өзін емес, оны неге жұмсайтыныңызды армандаңыз

12.06.2018
Қаралды: 267

Бәріміздің көп ақша тапқымыз-ақ келеді. Бірақ сол мол ақшаны нақты қайда жұмсайтынымызды біл­мейміз. Осы сұрақты бір­талай адамға қойдым. «Әйтеуір үйім, машинам болса...» – дегеннен басқа мардымды жауап ала алмадым. Ал Ресейдің белгілі психологы Н.Правдина xаным «Бай болсам, ақшам көп болса...» деген арманды жоққа шығарады.

 

Ақшаңыз көп болуы үшін алдымен сол қаржыға не алатыныңызды анық білгеніңіз дұрыс. Түнде шырт ұйқыда жатқаныңызда біреу келіп, бүйіріңізден түртіп жіберіп: «Ақшаңды не істейсің?» деп сұраса, бірден сарнай жөнелу керек», – дейді Правдина. Яғни ақшаны емес, оған не сатып алатындығыңызды армандаңыз. Сол қиялыңыздағы дүние қолыңызға жеткенде қандай күйде болатындығыңызды елестетіңіз. Және бір айта кетерлігі, арманға жеткеннен кейін қандай күйде болатындығыңызды да анықтап алыңыз.

 

Мәселен, күйеуге шыққысы келіп жүрген қыздар «Мен тұрмысқа шықсам» деп емес, «Мен өз азаматыммен бақытты ғұмыр кешсем» дегені абзал. Дұрыстап армандауды үйреніңіз. Көпшілігіміздің Парижге барғымыз келеді. Осыны «Мен Парижде бақытты күндерімді өткіземін» деп қиялдаңыз. Егер жұлдыз бол­ғыңыз келсе, «Мен танымал адам боламын» деп емес, «Мен бақытты жұлдыз боламын» деп айтуды ұмытпаңыз.

 

Байлықтан, мансаптан, жетістіктен гөрі әрдайым бақытты алдыңғы орынға қойып отыру керек. Бұл ақылдың барлығы – Наталья Правдина xанымның құлаққа құйып бергені. Яғни дұрыстап армандайық және оған жеткен сәтті елестетіп, бақыттан басымыз айналып жүрсін. Қазақтың «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегені сияқты ғой...

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ