Толғақты дұғамен жеңілдетуге болатынын айтады

12.06.2018
Қаралды: 293

Кешегі сәрсенбіде редакцияға Сарыағаш ауданынан бір оқырманымыз хабарласты. Өзін Хамит Қыдырбайұлы деп таныстырған азамат Жартытөбе ауыл әкімшілігіне қарасты Достық ауылында тұратынын, осындағы мектепте мұғалім екенін айтты. Хабарласқан се­бе­бінің жүкті әйелдерге жаны ашитындықтан екенін түсіндірді.

 

«Таяуда Астанада бір жас әйелдің босану үстінде қайтыс болғаны туралы жарияланды, – дейді ол. – Соны естігенде жүрегім ауырды. Өкінішке орай, мұндай қайғылы жағдайлар кей-кейде орын алып тұрады ғой, оның түрлі себептері де болуы мүмкін. Осындайда жанында жөн білетін адам болып, жан-жүрегімен Құдайға жалбарына дұға етіп тұрғанда марқұм аман қалар ма еді деп өкіне ойлаймын. Өйткені Құранда бұған қатысты оқылатын арнайы аяттар бар екенін бі­лемін.

 

Менің өзім жиырма жылдай белгісіз аурумен науқастанып, әбден азабын көрген жанмын. Кейін діннен хабары бар адамдардың, тәуіп­тердің айтуымен адам ем­дейтін болдым, сол арқылы дертімнен айықтым. Мені қазір жұрт біледі, үйге басы ауырып, балтыры сыздап дегендей түрлі дерт мазалағандар, баласының ыстығы түспей жат­қандар келіп, ем алады, яғни мен дем саламын. Әрине, бұл менің негізгі кәсібім емес, жұмыстан қол боста келген адамдарға көмегімді көрсетіп тұратыным бар.

 

Мен өзімдегі қасиеттің анық сырының неден екенін білмей­мін. Мүмкін қолымда биоөріс бар шығар, әйтеуір алдыма келген адамның сырқат сырын қолыммен сезінемін. Жол ашатыным бар, жолын аш­қызғысы келген қыздар да маған оқытылып тұрады. Өт­кенде бір бала ҰБТ-ға қатыс­ты оқытылған еді, сынақтан 126 балл жинады, ол үшін әке-шешесі келіп, алғысын білдіріп кетті.

 

Жалпы, мен кереметпін деп өзімді жарнамалаудан аулақпын. Барлығы құдіретті бір Алланың ісі ғой. Кей әйелдердің бала үстінде қайтыс болғанын естігенде біразға дейін жаным тынбай жүретін еді, сондықтан сіздерге хабарласып отырмын. Кім де болса Құранның дертке дауа болатынын естен шығармасыншы. Адамның жаны қысылған кезде оқылатын аяттар бар, соны оқу керек. Жанашыр адам жан-дүниесімен беріле Алладан шипасын сұраса, иншалла, шипасын береді. Әйел толғатып жатқанда, науқас реанимацияға түскенде Алладан медет сұрап, жалбарыну керек. Өз басым мұны қажет болғанда беріліп тұрып, жылап тұрып жасаймын. Құдайдың құдіретімен біраз қиналған адамдарға қол ұшын бергенім бар. Осыны айтқым келген еді».

 

Редакциямызға хабарлас­қан азамат осылай дейді. Біз оның айтқандарына бейжай қарай алмадық. Білген жақсы, жұрт біле жүрсін деген ниетпен ол кісінің айтқандарын қаз-қалпында қағазға түсіріп отырмыз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Хамит Қыдырбайұлының байланыс телефоны:

8-778-996-61-40.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ