Кондиционердің кесірінен бет қисаюы мүмкін

12.06.2018
Қаралды: 238

Жаздың аптап ыстығында көп адам кондиционер мен желдеткіш жанында «жан шақыратыны» бар.  Ал дәрігер Жарқын Шұғаев (суретте) бұл бет-ауыздың қисайып, жүй­кенің жансыздануына жеткізетін қауіпті жағдай дейді.

 

«Өз тәжірибемде жиі кездесетін жайлардан мысал келтіре отырып айтайын. Талдықорғаннан Серік деген 29 жастағы жігітті емдеп едім. Бір жақ беті жансызданып, қисайып қалыпты. Көзі де жұмылмайды. «Жарты жылдан бері бармаған жерім қалмады», – дейді. Бағамдасам, жел тиген. «Сквознякта» отырған. Жұмыс орнында «кондиционер» бар дегендей. Мен оған бетте үш салалы тамыр барын айттым. Соған суық жел, салқын әсер еткенде осылай көз жұмылмай, бет пен ауыз бір жағына қарай қисайып қалады.

 

Қапырық пен ыстықта көп адам сал­қындатқыш пен желдеткіш жанында жан сақтайды. Есік-терезені ашып қойып, жел өтінде отырады. Осының зия­нын айтпақпын. Құлақтың сырғалығы артында бір нүкте болады. Көк­желкеде желкөлі деген нүкте бар. Ол жердегі жүйке талшығына да суық тез өтеді. Осыны суықтаудан сақтауымыз керек.

 

Енді осының емін айта кетейін. 3-6 ай бойы бір жақ беті жансызданып қалғандар­ға күшәла (мышьяк) өте шипа. Бұл  сыртқа істететін уыты күшті дәрі. Өте ерте замандардан бері қолданылып келе жатқан ем. Бірақ бүгінде оны қолданатындар сирек. Осы күшәланы 24 сағат суға шылап қойып (мұны өлтіру дейді, уытын қайтарады), сосын жұқалап кесу керек. Қалыңдығы 5 миллиметрден аспағаны дұрыс. Жансыздан­ған жаққа – көздің асты, құлақ тұсына қойып, сыртынан таңып тастайды. Күніне 1 рет алмастыру арқылы 7 рет жасалады. Әрине, арасында ағзадағы суықты қуатын дәрі-дәрмек, ине терапиясы міндетті түрде қолданылуы тиіс. Серік осылай жеті күн ішінде тәуір болды. Есесіне ол күн ыстықта салқын жел өтінде отырудың зиянын біледі. Өзгелерді де осындай қателік­тен сақтандырғым келеді», – дейді дәрігер.

 

Оның айтуынша, күшәла буын аурулары, сыртқы қабынулар, жарақат, әйел­дердегі қабынуға, жел-құздан болған салдану кесел­деріне де өте жасы ем екен. Ұйығанды жақсы басады, балалардағы сүйектің жұмсақ болуында шипа дейді. Бірақ оны дұрыс қолданбаса, мөлшерінен артық пайдаланса бауыр мен бүйрекке зияны тиюі мүмкін екен.

 

Жазда суықтан болған ауруларды емдеген жақсы

 

Дәрігер: «Жазда – суықтан болатын, қыста белең алатын, ал қыс­та, керісін­ше, жазда өршитін ауруларды емдеу нәтижелі болатынын ес­керт­кім келеді. Сондықтан қазіргі маусымды суықтау, қабынудың созылмалы бел­гілерін емдеуге тиімді пайдалан­ған жөн, – дейді. –  Менің осы қабынудан болатын ауруларға істететін бір рецептім бар. Үпілмәлік (клещевина обыкновенная) дәні. Бұл да – уыты күшті өсімдік. Ғылыми тұрғыда аш ішекке әсері жақсы деп саналады, жиырылуды тездетіп, ішті өткізеді. Онда ақуыз көп. Рак клеткасының дамуы мен өршуін тежейді. Жаңа шығып келе жатқан түйін, ісік, өкпе дертіне, жарақат­тар­ға шипа. Оны суға тең мөлшерде аралас­тырып, тиісті жерге таңып қояды. Сол­қыл­датып, тызылдатуы мүм­кін. Нау­қастың төзім­ділігіне қарай 1-2 күн тартады.

 

Отқа, суға күйген жерге таңса, жарақаты тез жазылып, орнында тыртық қалдырмайтын қасиеті де бар. Көне дәуір­лерде ата-бабаларымыз бақаны кеп­тіріп, ұнтақтап, үпілмәлік дәні­мен тең мөлшерде майға ара­лас­тырып, күйген жерге жағатын болған.

 

Емделушілер арасында суықтан болған кесел көп. Әйел­дер­дегі жыныстық қабыну, тік ішек­тің төмендеуі, жатырдың тө­мен түсуі де көбірек бай­қа­ла­ды. Суықтан бол­­ған кесел түр­лері көп. Қа­бы­нудан болатын мұндай асқыну­ларда мен осы сияқты рецептермен өте жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрмін».

 

Қан қысымына қарсы жалбыз шайын қолданыңыз

 

Жарқын Шұғаев көнеден келе жатқан екі мыңға жуық емдік рецептерді жатқа біледі, әрі оны емге қолданып та жүрген жан. Ол біздің оқырмандарымызға мынадай кеңес береді:

 

«Біздің халықта «Жалбыз бар жерде жан бар» деген сөз жиі айтылады. Мұнымен жалбыздың шипасы сипатталып тұр. Соған да тоқтала кетейін.

 

Жазда жалбызды табу қиын емес. Соның 3-5 грамын жарты литр суда қайнатып, ақ қант (науат) қосып ішіп жүрсе, қан қысымын қалыпта ұстауға көмектеседі.

 

Негізі көтерілген қан қысымын бірден түсіру дұрыс емес, ол жүрекке өте қауіпті. Ішкі органдарға қан жетіспей қалуы мүмкін. Одан әлсіздік туындайды. Ал жалбыз қан қысымын біртіндеп түсіре отырып, үнемі қалыпты болуына жәрдемдеседі. Сондықтан мұны қысы-жазы ішіп жүрсе жақсы. Оның ешқандай зияны жоқ, қайта бауырдың ыстығы өрлеп тұрғанда ағзадағы салқындат­қыш ролін атқарады. Ал бауыр дегеніңіз – қан түзуші орган. Жалбыз шайы әсіресе бауырға пайдалы.

 

Өткенде ғана менингококк жұқпасынан бірнеше адам көз жұмып, ел дүрлігіп кетті. Осыған қарсы да бір рецепт айтайын. Ми және жұлын пердесінің қабынуын тудыратын жұқпалы түрдегі мұндай ауруға ежелде ем ретінде сүрме тамыры қолданылған. Өйткені ол вирустық жұқпалы ауруларға бірден-бір дауа. Ол менингиттің де алдын алады. Сүрме тамырының 10-15 грамын 0,5 литр суда 30 минут ақырын қайнату керек. Осыны күніне 2 рет ішеді. Әр күні жаңадан әзірлей отырып, осылай 4-5 күн ішкенде денедегі ыстықты қайтарып, қанды салқындатады, уытты шығарады. Көмекейшенің жұтынуын жақсартады. Өйткені әдетте вирус тамақтан (ауыз қуысынан) бастау алады. Сол кезде сүрме тамырының қайнатпасы оның ағзаға жайылуына жол бермей жояды. Бұл тұнба бауырдың жұқпалы ауруларын (А, В, С гепатиті) жоюда да өте пайдалы».

 

...Дәрігердің кеңесі көпшілік­тің керегіне жарайды деп ойлаймыз. Яғни жел өтінде, сал­қындатқыш жанында ұзақ отырамын деп суықтап қалудан сақ болғайсыздар.

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ