Бізде тәртіп бұзғандарды «Жалғап лаңғадаға» салады», – дейді монғолиялық қазақ қызы

13.06.2018
Қаралды: 2747

Жуырда Монғолия астанасы – Ұланбатырда қазақ қызы Майра Тоқталқызының әлеуметтік желідегі парақшасынан Қазақстандағы мектеп бітіруші қыздарға таңданыс білдірген жазбасын көзіміз шалып қалды. Оның пікірін көпшілік қызу тал­қылауда екен.

 

«Мен Қазақстандағы мектеп бітіріп жатқан жас түлектерге таңқалдым. Балалық шақпен қоштасар сәтте өздеріне тән емес көйлек киіп, беттерін әрлеп, дәл бір күйеуге шыққалы жатқан қыздай сайланыпты. Ұзын көйлек киіп, бес батпан опаны пайдаланған сәттері сурет беттерінде қалып, онысы өмір бойы сақталатын естелік емес пе? Келешекте сол кездегі суреті мен есейгендегі келбетінен айырмашылық таппай отырса, балалық шағынан естелік қалмайды ғой.

 

Ал біздің елде оқушылар өз киімімен-ақ мектепті әп-әдемі бітіріп жатыр. Оқушыға арналып тігілген киімдерін ертең шешіп, үлкен өмірге аяқ басады ғой деп ойлағанда көзіңе жас үйріледі.

 

Желіден Қазақстанның әр түкпіріндегі мектеп бітіруді, үйленуді, тағы басқа қызықшылықтарды тойлағандарын көріп, маған Қазақстанға бармау керек екен деген ой келді. Алыстан елім деп, Отаным деп сағынышпен ауыз толтырып айтып қана жүру керек екен», – деп жазыпты М.Тоқталқызы.

 

Монғолиядағы қандас әпкеміздің бұл сөзіне байланысты пікірлер екіге жарылып тұр. Яғни біреулер оны қолдаса, енді біреулер қарсы шығуда. Осы орайда М.Тоқталқызының өзімен байланысқа шыққан едік.

 

«Саламатсыздар ма, бауырларым! – деп жауап жазды ол. – Менің ұлтым – қазақ. Кешегі жазбама байланысты «Фейсбук» желісі біраз дүрлігіп кетті. Бұл пікір арқылы ешкімді кемсітіп немесе ақыл айту ойымда да жоқ еді. Менікі тек жанашырлықтан туған ой ғана. Дұрыс түсінсеңіздер екен!

 

Біздің елде оқушылардың киіміне аса мән беріледі негізі. Жыл сайын балаларымыздың мектеп формасын алуда үлкен сындар айтылады және талаптар қойылады. Әсіресе мектеп бітірер кезде оқушыларға ұзынды-қысқалы түрлі киім киюге тыйым салынады. Ата-аналар да біркелкі мектеп киімін қалайды. Мұғалім мен ата-ана тығыз байланыста жұмыс жасайды. Баланың бойында әлдебір өзгеріс орын алса, одан екі жақ та хабардар. Мұнда тәртіпке талап күшті.

 

Балаларымыз сабаққа арнайы формамен бармай қалса, сол күні мұғалімі бізді «Жалғап лаңғада» деп аталатын жиналысқа шақырады. Тіпті галстук тағу ұмыт қалып кетсе, ол үшін де ата-аналар және оқушылар мектепке келеді. Ол қысым көрсету емес, баланы қалыптастыру деп ойлаймыз. Болашаққа ұқыптылықпен қадам басуына ықпал ету деген түсініктеміз. Қыз баланың белдемшесінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек. Осыған қатты мән беріледі. Етектің қысқарғанын ақылдың қысқаруы дейді монғолдар.

 

Расында салыстырып қарасам, екі елдің қыздарының арасы жер мен көктей. Білім ұясын жаңа ғана тауыс­қан қыз баласының ақша беті албырап, көздері ибалы дүниесі жайлы сайрап тұруы керек қой. Қазір, керісінше, қыздың бетіне қарасаң, бояуынан болмысын аңғара алмайсың. Мен көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ ата-анасына өзінің ғана айтқанын орындатқысы келетін бойжеткендер көп-ақ. Соған қынжыламын. Дұрыс, ата-ана деген перзентін ешкімнен кем еткісі келмейді. Тілегін орындасам, өзгеден озық етсем дейді. Осылай басқа шығарып, еркелетіп жібермесіне кім кепіл?

 

Өзім де жарық дүниеге ұрпақ әкелген анамын. Олардың бүкіл өміріне жауапты да мен. Сондықтан ұл-қызыма қатал қараймын. Өзге елде тіршілік кешсек те қазақша ойлап, қазақ тілінде сөйлеуін талап етемін. Аллаға шүкір, оқуда озат, саналы болып өсіп келеді. Балаларым шет тілдерін де меңгеруде. Монғол сыныптастары ұлым мен қызыма қарап, «қазақтар секілді көп тілді үйренейік» дейтін көрінеді. Бұлар да: «Қазақстан деген Отанымыз бар, аспанмен астасқан Астанамыз бар. Біз қазақпыз, қанымыз да таза, арымыз да таза», – деп мақтанып қалады екен. Осыны естігенде марқайып, төбем көкке бір елі жетпей қалады. Елімді, Отанымды, туған топырағымды сағындым. Үш жылдан асып қалды туған жеріме аяқ баспағаныма.

 

Менің туыс-туғандарымның көпшілігі Қазақстанда тұратындықтан, олардың балалары және сыныптастарының мек­теп бітіру кешіне қыздардың ұзатылып бара жатқандай жасанып, лимузинмен жүрген суреттерін көргенде түйген ойымды жалпақ жұртқа ақтара салып едім. Оның соңы біраз даурықпаға ұласты.

 

Қандастарым, туыстарым, менің бірер ауыз сөзіме түсіністікпен қараңыздар! Мен айтпасам да Қазақстандағы түрлі бағдарламалар қазақ қыздарының өрескел қылықтарын, әдепсіз сөздерін бүкіл әлемге таратып жатыр ғой. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер».

 

Монғолияда тұрып жатқан қандасымыз осылай дейді. Оның сөздерінен ешқандай да теріс ой аңғармадық. Қазақстанда бәрі де жақсы болса дейді, әсіресе қыздарымыз әдеп-ибадан айырылмағанын қалайды. Ал мұның несі жаман?

 

М. ДАНА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ