Шілдеде ыстық өткізбеңіз, суық тигізбеңіз

11.06.2018
Қаралды: 214

Шілденің аптап ыстығы күшіне мінді. Осы кезде ашық далада көп жүрген адам күн өтіп ауырып қалуы әбден мүмкін. Ал оның алдын алу үшін төмендегі жайларды назарда ұстаңыз. 

 

Ең алдымен ыстықтан сақтану керек. Бөлменің температурасын қалыпты жағдайда ұстау, өте төмендетіп жібермеу қажет. Сұйықтықтарды көп ішу, жеміс-жидек, көкөністерді көп тұтынған жақсы. Ыстықтан сақтандыратын дәрілерді пайдалануға да болады.

 

Шілденің күнінде жасы үлкен адамдар денсаулығын жиі тексертіп тұруы қажет. Бұл кезде қантты несеп ауруы, жүрек аурулары мен қалқанша безі ауруларына шалдыққандар белсене емделгені дұрыс. Содан кейін ас әзірлеу кезінде тағамның дәмін келтіретін қоспаларды, қышқылдарды көп пайдалану қажет. Себебі қышқыл, ащы тағамдар адамның тәбетін арттырады.

 

Күннің ыстығына қарамастан дұрыс тамақтануға көңіл бөлу керек. Себебі тамақ дененің қарсылық қуатын күшейтіп, ыстық өтуден сақтайды. Күн өтуден сақтану үшін суық сусындарды көп ішпеу керек. Әсіресе ауыр дене еңбегінен немесе дене шынықтырудан кейін суық су ішу асқазан кілегей қабығын тітіркендіріп, асқазан сұйықтығы секрециясының шығарылуына ықпал жасап, ас қорытудың бұзылуына соқтырады.

 

Аптап ыстықта салқындау үшін кірпіш, цемент едендердің үстіне ұйықтауға болмайды. Далаға түнеу­ге де болмайды. Себебі мұндай кезде ағзаға тез суық өтеді. Осының салдарынан буын қабынуы, құйымшақ сүйек нервтерінің қақсауы секілді ревматизмдік дерттер пайда болуы мүмкін.

 

Тамақтан соң бірден суға түсіп, жүзбейді, малтымайды. Ол ас қорыту жүйесінің қызметіне кері ықпал жасайды. Сонымен қатар дене суға тигеннен кейін суықтың тітіркендіруінен асқазанның тамырлары жиырылып, асқазан түйілуі, лоқсу, ас қорытудың бұзылуы секілді аурулар оңай пайда болады. Сондықтан ыстық күнде тамақтанып болған соң кем дегенде жарты сағаттан кейін суға малтыған жөн.

 

Суық, сызды жерлерді, дым­қыл орамалдарды ұзақ уақыт басып жүруге болмайды. Бұл адамды уақытша рахаттандырғанымен табаннан өткен суықтың тітіркендіруі бастың бұлшық етін жиырып, қан тамырын тарылтып, мида уақытша қан жетіспеуін туындатады. Бас ауырады. Жайбарақат, табиғи сал­қындауға тырысыңыз.

 

Тез шаршататын, қуат жұмсау­ды көп қажет ететін әрекеттермен аз шұғылданыңыз. Аптап ыстықта күн астында ұзақ уақыт жүруден сақтаныңыз. Ыстық күнде денені күн нұрынан қорғайтын майлармен сылаңыз, ашық-шашық киінбеңіз.

 

Жаз маусымында ауа температурасы жоғары болатындықтан денедегі ыстық ауаға тез таралып кете алмайды. Сондықтан кей адамдарға күн тез өтеді де, соның салдарынан естен тану, құсу, іш өтуі сияқты ауру белгілері байқалады. Мұндай жағдайда науқасқа төмендегідей көмек жасаған жөн: Науқасты дереу көлеңкелі, салқын жерге апарып, басын биік жастап, тыныс алуы мен денеден жылудың тез таралуына тиімді болуы үшін киімдерінің түймелерін ағытып, желдету қажет. Содан соң басына суық орамал басып, қажет болған жағдайда басына, қолтығына, шабына мұз қалтасын қою керек. Кейін аяқ-қолын дене температу­расынан сәл салқын сумен сүртіп, уқа­лап, тамырда қанның тез жылжуына, ыстық­тың таралуына ықпал жасаған дұрыс. Кейде науқастың кеудесіне дейін мұздай суға жатқызуға да болады. Бірақ бұл әдіс қарттарға, дене қуаты әлсіздерге және жүрек қан-тамыры ауруы барларға қолданылмайды.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ