Екі мыңдай домбыра жасаған

12.06.2018
Қаралды: 168

Таяуда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен  шілде айының бірінші жексенбісі  «Ұлттық домбыра» күні болып белгіленгені белгілі. Кешегі аптада ол бүкіл елімізде дүркіреп тұрып өтті. Біз осы орайда домбыра жасауды өмірлік кәсіп еткен бәйдібектік Ергешбай Дөңбай деген азаматпен кездесіп, арнайы сұхбаттасқан едік.

 

– Ергешбай аға, өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Домбыра жасауды қай кезден бастаған едіңіз?

 

– Мен 1950-жылы бұрын­ғы «Красная нива», қазіргі Ақмешіт ауылында өмірге келгенмін. Алматы малдәрігерлік институтын бітіре сала жолдамамен Торғай облысы, Аман­гелді ауданында қызмет етіп, 29 жылдан соң туған жеріме оралдым.

 

Бала кезде жоқшылық кезді бастан өткіздік. Әкемнің қасында көмекші болып, ескі-құсқы бұйымдарды жөндеуге көмекте­сетінмін. Әкем шебер адам еді. Ағаштан керемет бұйымдар жасайтын. Сол кісінің әсері шығар, зергерлік және өнер бұйымдары, оның ішінде домбыра жасауға ықыласым ауды. Алғашқы кезде балтамен шап­қы­лап, пышақпен жонып жатып, бір айдың айналасында кәдімгідей домбыра жасап тас­тайтынмын.

 

– Домбыра жасауға кез келген ағаш жарай бере ме?

 

– Домбыра жасауды кәсіп еткеніме 31 жыл болыпты. Жы­лына 50 дана домбыра жасап шығарамын. Сонда 31 жылда жобамен 2000-ға жуық ұлттық аспаптың осы түрін шығарыппын.

 

Жалпы, ағаш – домбыра үшін ең басты назардағы материал. Техникалық жағынан шеберлердің бәрі де аспапты жасай береді. Керегі – ағаш түрін таңдай білу. Мәселен, домбыраны базарларда, пойыздарда, вокзал маңайларында 1500 – 2000 тең­геге де сатып ала аласыз. Кейбір шетелден келген қонақтар сондай домбыраларды ала­ды, сосын оларда қазақтың домбырасы осындай екен деген пікір қалып қояды. Шешен домбыралардың  орнына 85 – 90 пайыз маңқа домбыралар қаптап кетті. Ал маңқа домбырамен қазақтың рухы турасында сөз сөйлеу мүмкін емес. Қазақтың рухын көте­ретін – қоңыр үнді домбыра.

 

Кеңестік кезеңдегі фабриканың дайын домбыраларының үні мені қанағаттандыра алмады. Одан гөрі өзімнің жасаған домбыраларымның са­пасы әлдеқайда басымырақ түсіп жатты. Тәуекел деп «дом­бы­раның сапасын, үнін халық­аралық дәрежеге жеткізем» деп алдыма мақсат қойдым. Міне, бүгінгі күні сол діттеген ме­жеме жеткендеймін.

 

Бұрынғы қазақтар тұрғылықты жерінде өсетін ағаштардың жарамдылығын есепке алып, соған орайластырып, қажетті аспаптарын жасап отырған. Көбінде қарағайды пайдаланған. Ал акустикалық қасиеті ең жоғары, дыбысты жақсы өткізетіні – шырша. Бұған мен «нағыз қазақтың дыбысын беретін ағаш – шыр­ша» деген теңеуді қосып айтар едім. Шыршаның дыбыс беру қасиеттілігі жоғары, әрі берік болғанымен, оның химиялық, физикалық қасиеттері әртүрлі болып келеді. Қатып қалған нәрсе жоқ. Домбыраға да, оны құрайтын материалға да адам­ға қарағандай сезіммен қарап, жүрекпен тыңдау керек. Мен ағашты жонып отырғанда сон­дай сезімге бөленіп, шабыттанамын. Сезім мен шабыттан керемет дүние шығады!

 

Домбыраның шанағы қатты ағаштан жасалынады. Оған табылып жатса бұйра үйеңкіні, қызыл ағашты, бұйра қайыңды немесе жергілікті жарамды қарағаштарды пайдаланамын. Домбыра дыбысының 95 пайызы бетіне байланысты. Сондықтан дұрыс материал табылып, пайдалануға жарап жатса, оны аспапқа нақышына келтіріп қолдана білу, бетіне тиянақты етіп жабу – бәрі де домбыра жасаушының шеберлігіне келіп тіреледі.

 

– Сіздің жасайтын домбыраларыңыз қаншалықты сұранысқа ие? Еліміздегі танымал тұлғалар тапсырыс берген бе? Құпия болмаса, бағаларын айтсаңыз...

 

– Сапасыз бір аспабыңмен-ақ өз ортаңда қадір-қасиетіңді кетіріп алуың мүмкін. Шеберханадан шығып жатқан қаншама аспаптар бар. Сол аспаптардың атағы да, мақтауы да, даттауы да, айналып келгенде өзіме тиеді. Сондықтан сөз келтіретін сапа­сыз дүние жасамауға тырысамыз. Негізінен домбыраға тапсырыс беретіндер өте көп. Бүгінде халыққа есімі белгілі өнерпаздардың басым көпші­лігіне домбыра жасадық деуге болады. Аудандағы мәдениет сарайының жартысынан көбінде, саз мектебінің барлығында, Шымкент қаласындағы №1, 2 саз мектептерінің бірқатарында, сондай-ақ Астанадағы Өнер академиясында және филармониясында менің қолымнан шыққан бір-екіден домбыра бар. Белгілі күйші, Астанадағы Өнер академиясының профессоры Тұрар Әліпбаев та арнайы домбыра жасатқан. Менің қолымнан шыққан домбыралар Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Гер­мания секілді елдерге жө­нел­тілген. Ал Арқалықта жұмыс істеп жүргенде туристік іс-сапармен АҚШ, Мысыр елде­рінен келген жігіттер арнайы домбыра жасатып, өз елдеріне  алып кетті.

 

Бірақ бағаларын айта алмаймын. Дегенмен тапсырыс берушілердің қалтасына салмақ салмауға тырысамын.

 

– Болашағынан үміт күттірер шәкіртіңіз бар ма?

 

– Қолөнер – материалдық тұрғыда байлыққа белшеден батыратын кәсіп емес. Мұның ақысы азғантай. Ал әр күнің ақ тер-көк тер еңбекпен өтеді. Сондықтан бұған жастардың келуі сирек. Ауырсынады. Талаптанушыларға тәжірибемді үйретемін.

 

Бұл өнеріме ұлымды баулыдым. Ұлым Нұрғиса көмек­теседі. Өзі де өнерге жақын. Қолынан келгенше сандық, бесік жасайды. Маған дайындық жасауға көмектеседі. Атақты күйші Нұрғиса Тілендиевке ұқсасын деп баламның атын осылай ырымдап қойдым.

 

– Ергеш аға, Бәйдібек ауданы сізді тек домбыра жасаудың шебері ғана емес, күйші деп те біледі. Осыған тоқталып өтсеңіз?

 

– Менің ұғымымда домбыраны немесе қандай да бір ұлттық аспап түрін жасай білген шебер ол аспапта ойнай да білуі керек. Осы күнге дейін халық композиторларының 50-ге жуық күйін оның шығу тарихымен қоса жете білемін және оларды жанымды салып тартамын. Өзімнің шығармашылығымда «Қостұра», «Қарабура», «Төлегенге арнау», тағы басқа – барлығы жеті күйім бар.

 

Алла-тағаладан бейнет көр­мей өтуді тілеймін. Ауырып жатып қалмай, өмірімнің соңына дейін өнеріммен болуды көздеймін. Өйткені мені жасартатын да, өмірімді ұзартатын да – өнер. Немере­лерімнің қызығын көрсем дей­мін. Күнделікті өмірдің күй­беңімен кейде еңсені басатын уайымдарды ойламауға тырысамын. Кешкі тамақтан кейін түнгі сағат 1-2-лерге дейін шеберханамда жұмыс істеймін.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

P.S. Ергешбай шебер жасаған домбыралар көлеміне қарай әркелкі. Үлкендерге арналған, төменгі сынып оқушыларына лайықталған, балабақша бүлдіршіндеріне арналған кішкене және  сый-кәделік домбыралар бар. Әдетте, домбыраны жасатқысы келіп, түр-түрін іздегендер Ерекеңнің үйіндегі шеберханаға келіп табан тірейді. Оған аудан, облыстан ғана емес,  Астанадан да арнайы келіп тапсырыс беретіндер көп.

 

Сұхбаттасқан –

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ