Астананы ән-жырға бөлеп қайтты

10.06.2018
Қаралды: 31

28 – 30-маусым аралығында Елордада  «Бүгінгінің баласы – болашақтың данасы» атты республикалық балалар шығармашылық фестивалі болып өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің, «Актив-лайф» бірлестігінің қолдауымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған фестивальге 14 облыстан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме тәрбиеленушілері  – барлығы 400-ге жуық балалар қатысты.

 

«Жоба авторы – бас режиссер Бақытжан Тәженов пен продюсер Дана Ізбасар ұйымдастырған фестивальде өнердің әр саласы бойынша елімізге белгілі азаматтар қазылық етті, – дейді аталған өнер сайысы жөнінде бұл фестивальге Түркістан облысының өнерпаздарын бастап барған облысқа танымал саз маманы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, мәдениет қайраткері Амангелді Бердалиев. – Мысалы, жастардың өнерін әннен – Марат Омаров, Жеңіс Ысқақова, Владимир Лигай, Гүлмира Алданова, көркемсөз оқудан – Меруерт Өтекешова, Бауыржан Ибрагимов, хореографиядан Айгер Көбекова сараптады.

 

Біздің Түркістан облысынан 23 бала үздік деп танылды. Атап айтқанда,  Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен Айгүл Ержігітова көркемсөз оқудан үздік атанса, Төлеби ауданындағы «№2 балалар үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен Нұрдәулет Рүстемов әннен 1-орын иеленді. Шымкенттегі №3 балалар үйінен Жанел Ерімбетова әннен 1-орын алса, «Қуаныш» би тобы биден 1-орын иеленді. Сайрам ауданындағы «Бауыржан» отбасы үлгісіндегі мемлекеттік мекемесінен Кәмила Азаматқызы көркемсөз оқудан 1-орынға ие болды. Осы мекеменің тәрбиеленушілері – Диана, Ангелина және Әмина Азамат­қыздары «Қазақстаным – Отаным!» патриоттық әнін орындап, фестиваль дипломанты атанды».

 

Қысқасы, бұл фестиваль өте әсерлі өтіпті. Ол алдағы уақытта да лайықты жалғасын таба бермек.

 

«Осы орайда ұйымдастыру алқаларының барша мүшелеріне және облысымыздағы барлық балалар үйлерінің директорларына, облыстық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі бас­қарма басшысы Балмаржан Нарбековаға айтар алғысымыз шексіз. Бұл азаматтарға еңбекте табыс, биік абырой тілейміз», – дейді А.Бердалиев.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ