Ауылдың атын шығарған

10.06.2018
Қаралды: 85

Ел ішінде көпке сыйлы, өмірі өне­гелі адамдар бар. Үлкен-кіші соларға қарап бой түзейді. Міне, осындай жандардың бірі – Қа­зығұрт ауда­нын­дағы Алтынтөбе ауыл әкімші­лігіне қарасты Қаржан ауылының тұрғыны, талай шәкірт­ті тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Әбдірәсіл Өтешов 70 жас­қа толып отыр. Бүгінде ол кісіні мерейлі мерекесімен құттықтап жатқандар көп.

 

Өнерді жастайынан серік еткен

 

Әбдірәсіл Жақайұлы Өтешов 1948-жылғы шілде айында сол кездегі Қаратас ауданына қарасты Қаржан ауылында өмірге келген. Бала кезінен өнерге құштар болған ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің тынымсыз ізденімпаздығымен танылған.

 

Әбекең жоғары сыныптарға өтетін жасөспірім шағында Ленгір қаласындағы №2 пансион-интернатқа ауысқан. Осында білім алып, өнерін шыңдаған. Интернаттағы Тағай Бабаханов басқаратын домбыра оркестрінде түрлі ұлттардың әндерін орындаған.

 

Облыстық театрда танылған

 

Әбекең кейін өзінің туған ауылы – Қаржанға оралып, мектепте бас­тауыш сынып мұғалімі болды, сондағы көркемөнер үйірмесін жүргізді. Онымен қоса ауыл клубында еңбек етіп, ауыл жастарының қатысуымен талай пьесаларды сахналады.  Ол бастаған өнерпаздар Ә.Тәжіба­евтың, Қ.Мұхамеджановтың «Той боларда», «Қуырдақ дайын», «Дубай Чубаевич» пьесаларын және басқа да қойылымдарды сахналап, ауыл тұрғындарының қоше­метіне бөленді. Осы «Той боларда» спектакліндегі рольдерді Әбекеңнің өзімен қоса Қуат Есқұлов, Күмісбек Қамаев, Баян Мақатова, Қымқаш Сәлімова, Назым Әзімбаева сынды ауыл жастары сомдаған еді.

 

Әбдірәсіл Өтешов қайда жүрсе де өнерден қол үзген жоқ. Ол Отан алдындағы азаматтық борышын Мурманск жақта, «Сол­түстік» әскери теңіз флотында өтеп қайт­қасын Шымкентттегі мәдениет институты мәдени ағарту факультетінің режиссура бөліміне оқуға түсті. Оны бітіргесін ауыл мәдениетін көтерудегі жұмысын әрі қарай да жалғастыра түсті. Ол 1985-жылы, Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында мектеп оқушыларының қатысуымен С.Жү­ні­совтің екі бөлімді «Жаралы гүлдер» драмасын сахнаға шығарды.

 

Бұл драма ауылда қойылумен шектелмеді, өнерпаздар оны аудандарға да алып шықты. «Жаралы гүлдер» кейін Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының сахнасына шығарылды, Қаржанның өнерпаздары өз шеберліктерімен облыс көрер­мендерін тәнті етті. Олар бұдан кейін де отандық және әлемдік драматургияның талай туындыларын сахналады.

 

Әбдірәсіл Өтешов әрқашанда осындай үлкен істердің басы-қасынан табылатын. Содан болар, қаржандықтар ұлттық салт-дәстүр­леріміздің озық үлгілері мен әлем мәдениетінің туындыларын осы Әбекең арқылы танығанбыз деп үнемі айтып жүреді.

 

«Алтын қорда» із қалдырған

 

Әбекең кейін «Әжелер тобы» деп аталатын ансамбль құрды. Бұл өнер ұжымы да көпке танылды, аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді.

 

Осы «Әжелер ансамблі» 1989-жылы Алматыда өнер көрсетті. Оның концерті Қазақ теледидарының алтын қорына алынды.

 

Бұл жұмыстардың барлығын да Әбекең Қаржан ауылындағы мектепте ұстаздық ете жүріп атқарды. Қарапайым ауыл мұғалімінің осынша игі істердің арасынан табылып, биік белестерден көріне білгеніне іштей риза боласың. Осы орайда салт-дәстүрлеріміздің, халық қазынасының жанашыры, жаны таза, өнерге құштар ағамызды қалай мақтасақ та жарасады. Ол кісі «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» төс­белгісімен және басқа да ме­рекелік мадақтау белгілерімен марапатталған.

 

...Міне, туып-өскен ауылын көпке танытқан Әбдірәсіл Өтешов өмір жолының бір парасы осындай. Ол кісі бүгінгі күндері де зейнеткермін деп қарап отырған жоқ, ауданда өткізілетін мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өзіндік үлесін қосып келеді. Біз бүгін Әбдірәсіл Жақайұлын 70 жасқа толған мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, оған төмендегі өлең жолдарын арнаймыз.

 

Құнарлы топыраққа дәні егілген

 

Сыр ұққан өнер-білім тереңінен

Жандарды ауылдағы көре білген,

Әбекең асқақтатып елімізге,

Қаржанды таныстырған ерек үнмен.

Ауылдың әртістері пьеса қойып,

Облысқа танылған-ды өнерімен.

«Әжелер тобы» барып Алматыға,

«Алтын қорға» із салған бедерімен.

Мұның бәрі Әбекең арқасында,

Талайға қуат қосқан көмегімен,

Ауылдың адамына қамқор болып,

Табиғи таланттарды тере білген.

Болды олар мәуелі бір бәйтеректей,

Құнарлы топыраққа дәні егілген.

Әбекең өзіне тән парасатпен

Өнерді өнегелі өре білген.

Дәл осындай еңбектің нәтижесін

Көрдіңіз, айтыңызшы, кәне кімнен?

Мерейлі 70 жасың құтты болсын,

Талайды тамсандырып келе білген!

 

Д.ОРАЗ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ