Қауіпті жерге бағдаршам қою үшін бір үйдің қара жамылуы керек пе еді?

10.06.2018
Қаралды: 339

Шымкент қаласы өскен сайын ондағы көлік қозғалысы да артып келеді. Осыған орай көшелерде, жол қиылыстарында көлік жылдамдығын азайтуды ескертетін белгілер де қойылған. Дегенмен оған қарамайтын кейбіреулердің кесірінен түрлі жол-көлік оқиғалары болып та жатады. Сондықтан адамдарға қауіп төндіруі мүмкін ондай жерлерге міндетті түрде бағдаршам немесе жасанды кедергілер қойылуы қажет.

 

Жаяу жүргіншілер жолағындағы баланы қағып кетті

 

Шымкенттің Бәйтереков көшесінен «Тараз» шағын ауданына қарай өтетін тұста жаяу жүргіншілерге арналған жолақ бар. Содан «Сайрам», «Солтүстік» шағын аудандарында орналасқан мектептерге қарай балалар көп өтеді. Екі жақты кең жолда көлік көп жүретіндіктен әсіресе «Жоғарғы Отырар» шағын ауданы тұрғындарының қауіп ойлап, осы тұсқа бағдаршам немесе жасанды кедергі орнатуды сұрап жүр­геніне көп болған еді.

 

Әрине, мұндайда тиісті мекемелердің шағымды тыңдап, одан тез арада нәтиже шығара салуы да қиын. Бүгінде жұрттың бәрі жұмысбасты, сондықтан айта-айта шаршап, сөзін тыңдатудан күдер үзе бастаған еді. Оның үстіне таяуда осы тұстағы көлік жылдамдығын төмендетуді талап ететін «40» деген шектеу белгісі алынып, орнына «60» белгісі қойылған болатын. Яғни бұл тұста көліктерге сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Бірақ бағдаршам немесе жасанды кедергі сол күйі қойылмаған еді.

 

Ал жұртшылық орын алуы мүмкін-ау деп қорыққан жағдай өткен 26-маусым күні ақырында болып тынды: осы жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан бүлдіршінді «джип» көлігі қағып кетіп, мерт қылды.

 

Атасы қатты қайғырып отыр

 

Қаза тапқан бүлдіршіннің жасы  – 9-да. Аслан Болатұлы есімді баланың белгілі ғалым, Оңтүстік Қазақстан Мем­лекеттік университетінің Су мәселелері және агроөнеркәсіп кешенінің мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры, өзіміздің сыйлас ағамыз Мұсатіллә Тоқановтың туған немересі екенін естідік, сосын ол кісінің үйіне барып, көңіл айтып шықтық.

 

«Тас түскен жеріне ауыр» деген, қайғысына ортақтасып, қанша көңіл айтқанмен одан жақынынан, әсіресе кеше ғана көз алдында құлдыраңдап, еркелеп жүрген тәтті немересінен айырылып қалған адам­ның қайғысы жеңілдеп, адамы орнына қайтып келмесі белгілі. Мұсекең де сондай ауыр жағдайда отыр еді. Жұрт аяғы басылғасын ол кісіні сөзге тарттық.

 

«Балалар аулада ойнап жүрген ғой. Содан жолдың арғы бетіне барып қайт­пақ болып жаяу жүргіншілер жолағынан жүгіріп өтіп бара жатқанда алдындағы балалар өтіп үлгеріпті де, Асланды қатты жылдамдықпен келген көлік қағып кетіпті. Ауыр дене жарақаттарын алған баланы «Нұрсәттегі» ауруханаға тез арада жеткіз­генімен өмірін сақтап қалу мүмкін болмапты.

 

Мен ол кезде Астанада жұмыспен жүрген едім. Суыт хабарды ести салысымен оралдым. Немеремді көлігімен қаққан жасы 30-дар шамасындағы жігіт екен, туыстары кешірім сұрап келіп жатыр, бірақ біз олармен сөйлесетіндей халде емеспіз. Өз басым қолымен істегенін мойнымен көтерсін, заң органдары тиісті жазасын берер деп отырмын.

 

Марқұм әке-шешемнің жатқан жері Арыс жақта еді, әйелімді де сол мазаратқа қойғанбыз. Асланның денесін де сонда апарып жерледік», – деді қайғыдан есеңгіреп отырған Мұсекең.

 

Тұрғындар бағдаршам қойылуын талап етуде

 

Бұл қайғылы оқиға сол төңіректе тұратын, аталған жол қиылысынан күн­делікті дерлік өтетін адамдарды қатты алаңдатып отыр. Мұсекең өзі бас болып, тұрғындар облыстық ішкі істер департаменті бастығының атына хат жазды. Олар Бәйтереков көшесіндегі жаяу жүр­гіншілер жолағының тұсына бағдаршам қойылуын сұрайды.

 

Ал жұртшылық әрқашан көпшіліктің игілігі үшін еңбек етіп жүрген адал азамат Мұсатіллә Тоқановты жақсы біледі. Біз кезінде газетімізде ол кісінің өзі туралы, ашқан ғылыми жаңалықтары жөнінде бірнеше мәрте мақалалар жария­лағанбыз. Мұсекеңнің қаламыздағы жол қозғалысына қауіпті нүктелер жөнінде айтқандарынан да жұрт құлағдар. Адамдарға қауіп төнбеуін ойлаған ғалым арнайы құрылғысымен ерінбей зерттеп, қаламыздағы ондай жерлердің, жол қиылыстарының картасын да түзген болатын. Сондай-ақ Мұсекеңнің адам денсаулығына шипалы шұбаттың құрғақ ұнтақ түрін ойлап шығарғанын, денсаулыққа кері әсері тиетін геомагниттік толқындар әсерінен көпшілікті үнемі сақтандырып жүретінін де жұрт біледі. Мұның бәрін ол адамдардың қауіпсіздігі, денсаулығын сақтауы үшін ерінбей-жалықпай істейтін еді.

 

Қашанда көпшіліктің, елдің қамын ойлайтын азаматтың әулетінде, өкінішке орай, ойламаған жерден осындай қайғылы оқиға орын алды. Біз осыған байланысты Мұсекең мен оның отбасына ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Әулетіңізде енді мұндай қайғы қайталанбасын, Құдайым кішкентай ғана періште немереңіздің алдын жарық етсін, берік болыңыз, Мұсатіллә аға!

 

Ал жол қауіпсіздігіне жауапты мекеме басшыларына айтарымыз: осындай қайғылы жағдайлар орын алмас үшін жұртшылықтың көтерген дабылына дер кезінде құлақ асу керек. Өйткені мұндай талапқа көз жұма қараудың соңы жақсылыққа апармайды. Бір отбасының ет жақынынан айырылып қара жамылып қалғаны – соның дәлелі. Енді ондай қайғылы жай қайталанбауы үшін тиісті шешім жасалуы керек. Жұрт осыны күтеді.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ