Елорда тойы – ел тойы

09.06.2018
Қаралды: 166

Кешегі аптада Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығы тойланды, мерейлі мерекеге қатысты бүкіл елімізде көптеген ауқымды шаралар болып өтті. Түркістан облысының мемлекеттік архивінде де Елорда мерейтойына арналған «Сарыарқаның төрінде бой көтерген Астана» тақырыбында «дөңгелек стол» ұйымдастырылды.

 

Еліміздің жетістіктерін, мемлекеттің гүлденуін, қазақтың мақтанышына айналған Астананың даму жолын облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер бас­қармасының басшысы Бастар Есқараев айтып берді. «Дөңгелек столға» қатысып отырған облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Айдын Исатаева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарихшы Гүлзада Байбосынова, журналист Уәлихан Қожақ және бірқатар азаматтар мерекелік тілектерін білдіріп, пікірлерімен бөлісті.

 

Жиында Бастар Әуелханұлы әрбір қазақ Астана қаласын өз көзімен көруі керек екенін жеткізіп, архив ұжымында Елорданың көркін тамашаламаған қызметкер болса тиісті қаржы қарап, сол маманды бас қалаға барып қайтуға жіберуге уәде етті.

 

Биыл Елордамыздың Сарыарқа төріне, Есілдің бойына қоныстанып, Астана атанғанына 20 жыл толып отыр. Кең жазира далада көсіліп жатқан Есіл өзені алыстан менмұндалап, сұлулығымен өзіне тартып тұр. «Бәйтеректің» төбесінен қарасаң, Астананы түгелдей көруге болады. «Бәйтерек» – Астанамыздың символы.

 

Бірінен соң бірі бой көтерген «Хан шатыры», «Думан» демалу орталығы, Астананың қақ ортасында орналас­қан «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Пирамида» сияқты көптеген сұлу ғимараттар бір кез­дегі қарапайым облыс орталығын 20 жылдың ішінде гүлдендіріп, адам танымастай өзгертіп жіберді. Астана қаласының қазақ елін осылайша әлемге танытуы – біз үшін үлкен мақтаныш», – деді ол кісі.

 

«Дөңгелек стол» барысында Астана жайлы бейнефильм көрсетіліп, университет студенттері халық композиторларының күйлерін орындады.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ