«Жұлдыздың» жігіттері түн ішінде неге жиналды?

09.06.2018
Қаралды: 242

Соңғы уақытта Қытай тақырыбы жұртты қатты алаңдатып отыр. Қыздарымыздың қытайлықтарға тұрмысқа шығуы, Қытай азаматтарына арналған 72 сағаттық транзиттік визасыз режимнің енгізілуі қарапайым халықты ерекше толғандырып тұр. Осыған орай қазір еліміздің әр өңірінде қазақ жігіттері топталып қытайлықтарға ескерту жасауда.

 

Кешегі аптада Шымкенттің іргесіндегі Жұлдыз ауылында осындай жағдай орын алды.

 

Жүз шақты азамат Шымкент мұнай өңдеу зауытында қызмет ететін қытайлықтардың «ПМК» дейтін жердегі жатақханасына барып, түн ішінде тік тұрғызып, өз талаптарын қойды. Бұл жағдай бейнежазбаға түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы жалпақ жұртқа таратылды.

 

Бейнежазбадан қазақ жігітте­рінің аудармашыға: «Біз мыналардың орыстың, қазақтың қыздарын әкеліп, олармен ойнастық жасап жүргенін көріп жүрміз. Бәрі белгілі жағдай. Сондықтан біз бұған үндемей отыра алмаймыз. Біз кіріссек мыналарды жоқ қыламыз. Бірақ оған жет­кізбейік, тыныш қана елімізден кетсін! Ертең кешке дейін кетіп қалсын! Әйтпесе біз арты не боларына жауап бере алмаймыз. Алдымен сөзбен түсіндірейік деп келдік. Мыналарға соны сөзбе-сөз жеткіз!» – дегенін естуге болады. «Біз мұсылманбыз. Қыздарымызды кәпірлерге беріп қоймаймыз. Сондықтан бейбііт түрде Шымкентті, Жұлдызды, жалпы, бүкіл қазақ елін босатсын, өз елдеріне қайтсын! Әйтпесе бізді ешкім тоқтата алмайды! Бұлардың біздің елде тайраңдап жүргендері ұнамайды, сондықтан оларды елден кетіру үшін ештеңеден тайсалмаймыз, ештеңеден қорықпаймыз. Өліспей беріспейміз!» – деп түйіндейді олар сөздерін.

 

...Жалпы, осы жағдайдың жай-жапсарын білмек болып жұлдыздық Бақытжан Рүстем­ұлына хабарласып едік, ол кісі бізге былай деді:

 

«Бұл жағдай сенбі күні түнде орын алыпты. Жақын жердегі Қарабастау, «Бадам-1», «Бадам-2» ауылдарынан бірталай жігіт келіпті деп естідім. Сол күннің ертеңіне ауыл ішінде полицейлер қаптап кетті. Олар біраз адамнан түсінік алды, кімнің не білетінін, не көргенін сұрас­тырды. Ал, былайша, жалпы ахуал тұрақты. Ешқандай төбелес, ерегіс болған жоқ. Жігіттер ескертіп болғасын бейбіт түрде тарасқан».

 

Әзірге бұған байланысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Ішкі істер министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігі тексеру жұмыстары аяқталмайынша пікір білдіре алмайтынын жеткізді.

 

Айта кету керек, осыдан біраз уақыт бұрын Ұлжан есімді қазақ қызының Қытай азаматына тұрмысқа шығуы да қызу талқыға түсіп, оған көптеген адам наразылық білдірген, той өтетін мейрамхана жанына жүздеген қазақ жігіттері жинал­ған. Сосын Алматы облысындағы Кербұлақ ауданы, Сары­өзек ауылының маңынан салынып жатқан цемент зауытында да қытайлықтар қаптап жүр деген әңгіме шығып, ол да елдің ойын сан-саққа жүгіртті.

 

...Қысқасы, қазір қытайлықтар туралы әңгіме ел арасында желдей есіп тұр. Мұның соңы қалай болады, оны уақыт көрсетер. Әйтеуір ел тыныш болғай!

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ