45 градус ыстық бола ма?

11.06.2018
Қаралды: 368

Шілденің ми қайнатар ыстық күндері жүріп жатыр. Аптап ыстықты әсіресе еліміздің батыс облыстарының тұрғындары бастан өткеруде. Кешегі аптада ол аумақтарда ауа қызуының 45 градусқа дейін жеткен кездері болды.

 

 

Осыған орай Оңтүстік жұртшылығының көкейінде де алдағы ауа райы қандай болады деген сұрақ жүргені анық. Сондықтан біз «Қазгидромет» ауа райын болжау орталығы Түркістан облыстық филиалына хабарласқан едік. Филиал мамандарынан төмендегідей мәліметтер алдық.

 

«Қазгидрометтің» алдын-ала жасаған болжамдарына сәйкес, біздің облыста шілде айының орташа айлық температурасы 27 – 30 градус аралығын құрамақ. Бұл – мөлшердегіден 1 градус жоғары.

 

Айдың бірінші онкүндігінде ауа температурасы күндіз 29 – 34 градус аралығында, кей жерлерде 34 – 39 градус аралығында болады, кей жерлерде 44 градусқа дейін біртіндеп жоғарылайды.  Онкүндіктің ортасында оңтүстік-батыстан жылдамдығы секундына 15 – 20 метрге жететін жел тұрады, кей жерлерде шаңды дауыл соғуы ықтимал. Онкүндіктің соңына қарай ыстықтың беті біртіндеп қайта бастайды.

 

Екінші онкүндіктің бірінші жартысында біршама салқындау жалғасады, ауа температурасы 28 – 33 градусқа дейін төмендейді. Ал бұл  онкүндіктің екінші жартысында қайтадан күн ыси келе ауа қызуы 34 – 39 градусқа дейін жоғарылайды.

 

Айдың үшінші онкүндігінің басында ауа қызуы аздап төмендей бастайды да, кейін қайтадан көтеріледі. Кей жерлерде ауа температурасы 39 градусқа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңына қарай оңтүстік-батыстан жел тұрады, кей жерлерде оның күші секундына 15 – 20 метрге дейін жетеді.

 

Бұл айда жауын-шашын айлық мөлшерден аз түседі. Айдың соңында кей жерлерде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жаууы мүмкін.

 

...Міне, «Қазгидрометтің» Түркістан облысындағы шілде айының ауа райына қатысты жасаған болжамы осындай. Жайсыздықтарға ұрынып қалмас үшін қайда болмасын тиісті сақтық шараларын есте ұстай жүргейсіздер демекпіз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ