Дарақы елді арыстан қалай жөнге келтірді?

05.06.2018
Қаралды: 123

Өткен замандарда бір қуатты мемлекет болыпты. Оны өте дарынды, парасатты патша басқарған екен. Ол патшалық құрып   тұрған кезде халық әбден байып, бақуатты өмір сүріпті.

 

 

Әлгі елдің мал-жаны көбейіп, жұрт әбден тойыныпты. Содан бірте-бірте дүниені есепсіз шашып, той-думан жасайтын дарақы елге айналады, ен байлықты көтере алмай қатты бұзыла бастайды. Тойынғандары сонша, енді әділ патшаның сыртынан ғайбат өсек айтып күнәға батады. Мұны естіген патша да налып, бұл  пендеге амал жоқ екен ғой деп күйінеді, қапа болады.

 

Бір күні осы елге жақын ну орманнан бір алып арыстан шығыпты. Ол патшалықтың шетіне келіп, жайылымда жүрген малына тиіп, қыра бастайды. Жұрт шулап, одан малын қорғай алмай әлекке түседі. Ал оған қарсы шығып әрекет еткен батырлар шетінен мерт болады. Ел тыныштығы бұзылып, малынан айырылған талай адам кедей болып қалады. Ал алып арыстан малды қыруын үдете береді.

 

Бұл жағдайдан патша да құлағдар болады. Содан ол бар уәзірлері мен ақылгөй абыздарын жинап, бұған қандай айла-амал істейміз деп ақылдасады. Сонда бас уәзір тұрып: «Бұл  жыртқыш аң киелі болса керек. Ол ешкімге өзін алдырмайды. Бұл Алла-тағаланың бізге жіберген бір сыны шығар. Біздің халық өте байып, асып-тасып кеттік. Ал енді көп малдан айырылып, кедейлене бастадық. Бар байлыққа тоба қылмағанымыздан ақырымыз осы болды», – деп өкініш білдіреді. 

        

«Енді бұған бір амалды мен өзім бастайын, – депті сонда патша ойлана келе. – Арыстанның орманнан шығатын жолында дәу бір бәйтерек бар екен, соған күніге бір мал апарып байласақ, ол соған тояттағасын кері қайтатын шығар. Көп малдың ортасына кіріп келгенде өзі тойса да көзі тоймай шетінен қыра беретін шығар. Ендеше осындай амал жасап көрелік».

 

Сонымен патша бас болып өзінің бір ту биесін апарып алып бәйтерекке байлайды. Ертеңіне сәске түсте келіп қараса, арыстан шынында да бәйтеректе байлаулы тұрған ту биені жеп тояттап, кері қайтқан екен. Содан елге кезегімен салық салып,  бәйтерекке күніне бір мал апарып байлап, ел біраз тынышталады.

 

Күндердің күнінде кезек бір кедей байғұсқа да жетіпті. Оның жалғыз жетім тайының кезегі келіп, ол бәйтерекке апарып байланады. Бірақ күндегі әдетімен бәйтерекке келіп, байланған малды жейтін арыстан жетім тайды жемей, қайтадан патшалықтың малына қырғидай тие бастайды. Күнде  жайылымдағы малға шауып, шетінен бұрынғыдан бетер қыруға кіріседі.

 

Бұл хабар патшаға жетіп, ол қайтадан көпшілікті жиып ақылдасады. Сол кезде топтың ішінен бір көнекөз қария шығып: «Мұнда  бір сыр бар шығар. Әлгі тайды осында әкеліңдер. Оның бой-басын қарап, сынап көрейік», – депті. Содан жігіттер барып, әлгі жетім тайды айдап келеді. Қария олай-бұлай  қарап көріп: «Бұл тайды құлын кезінде санынан қасқыр тартып, бір себептермен жей алмай кеткен екен. Мынау тыртық сол көкжалдың тісінен қалған. Арыс­тан содан аң патшасы маған қасқырдан қалған жемтікті  ұсынғаны қалай деп малды бұрынғыдан бетер қыруға кіріскен-ау», – деп өз болжамын айтыпты.    

 

Содан ертеңіне әлгі бәйтерекке басқа мал апарып байланады. Арыс­тан қайтадан тынышталыпты. Кейін тіпті келмейтін де болыпты.

 

Ал патшалық халқы осы оқиғадан ғибрат алыпты, жөнсіз ысырап жасамайтын, телі-тентегін тыйып, адал өмір сүретін елге айналып, иман жолына түсіпті. Бір-бірінің сөзіне тұратын, ауызбіршілігі мықты бұл елге сыртқы жау да тие алмапты, барлық мемлекеттер онымен бейбіт жағдайда қатынас жасауға бейіл болыпты.

 

Шырмалбек  ОРАЗБЕКҰЛЫ.

Төлеби ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ