Аса қамқор жан еді

15.06.2018
Қаралды: 209

Жазғы шілденің аптап ыстық күндері басталды. Мұндайда басқаларға білінбеген самал менің миымнан өтіп тұрады. «Қайран қамқоршы Есіркеп көкем-ай!» – деймін осындайда майдангер Есіркеп Еспенбетов көкемізді (суретте) еске алып.

 

 

...1965 – 1975-жылдары шашты артқа қайырып жүру кейбір жастар арасында сәнге айналған еді. Қыста да «прическасын» бұзғысы келмей, жалаңбас жүреді. «Восход» мотоциклі  жастардың сүйікті көлігі болатын. Біздің қақаған қыста жалаңбас күйде мотоциклмен келе жатқанымызды көрсе, ауылда ұзақ жылдар бригадир болған марқұм Есіркеп көкеміз жолға асыға шығып, бізді тоқтататын да: «Қарақтарым-ау, миларың суықтап, кейін азабын тартасыңдар ғой, бастарыңа киіп жүрсеңдерші!» – деп біздің қылығымызға күйіп-пісуші еді жарықтық. Сол кезде ол кісінің бас, әсіресе ми суықтайды дегені бізге мүлде қисынға келмейтін сияқты көрінуші еді.

 

Есіркеп ағамыз әскерге 1939-жылы алынған екен. Соғыстың бар азабын көрген, жазда аптап­қа қақталып, қыста аязға тоңған, талай қырғыннан аман шыққан. Содан соғысты аяқтап, елге 1947-жылы көкірегі орден-медальға толып оралған майдангер еді. Ел ішінде ол кісіні «старлей» (аға лейтенант) деп атайтын.

 

Сол Есіркеп ағамыз бірдеңені біледі екен ғой. Ал жігіт шақта денемізге расында да талай суық өткенін біз енді сезінудеміз. Мотоциклде жалаңбас жүріп, бертінде де машинамның терезесін үнемі ашып қойып жүруім бүгінде өзінің «нәтижелерін» көрсетіп жатқан жайы бар. Одан қалса, шілдеде конди­ционердің мұздай самалына кеуде тосып, кешегі күнге дейін «армансыз рахаттануымның» зардабын жас келгеннен кейін, осы кезде көріп жүрмін.

 

Ауылдағы тағы бір қарияның: «Жазғы шілдеде от жағатын адам болса, жылынатын адам табылар еді ғой», – деген сөзі де осы кездері жиі еске түседі. Осы майдангер ағалардың кеңестері бас­қаларға да сабақ болсын деген оймен, қолыма қалам алған жа­йым бар. Жұртшылық, әсіресе жастар жағы өз денсаулығына қараса, ата-аналар бала денсаулығына қамқор болса екен деймін.

 

Бөріхан қажы БАЙМҰСАҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ